Саясат

Трамп АҚШ әскерінің Оңтүстік Кореямен бірлескен жаттығуларын сынға алды

Трамп Ким Чен Ынмен «өте жақсы» қарым-қатынасын бұзбау үшін әскери жаттығулардың ауқымын қысқартуға тапсырма берген.

Трамп пен Ким Чен Ын

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерилердің Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығу өткізуіне наразы екенін мәлімдеді. Ол Пентагон басшысы Пит Хегсетке бірлескен жаттығулар бағдарламасын "айтарлықтай қысқартуды" тапсырған.

Солтүстік Кореяны тежеуге бағытталған Ulchi Freedom Shield әскери жаттығулары дүйсенбі күні басталды.

"Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен өте жақсы қарым-қатынасым бар екенін ескерсек (біз соңғы рет 2019 жылы кездескенбіз), АҚШ-тың Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығуларға қатысуға келісіп қойғанына көңілім толмайды", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Ол сондай-ақ Сеулдің Иранға қарсы соғыста АҚШ-қа қосылудан бас тартқанына наразылық білдірген.

"Жақында Оңтүстік Корея президентінен Иран Ислам Республикасын ядролық қарудан арылту ісінде бізге қосылғыларыңыз келе ме деп сұрадым. Олар: "Жоқ, рақмет!" деп жауап берді", – деді Трамп.

АҚШ президентінің пікірінше, мұндай әскери жаттығулар қымбатқа түсіп қана қоймай, Солтүстік Кореяға орынсыз белгі береді.

"Бұл жаттығулар қымбатқа түсіп қана қоймайды – шығындардың басым бөлігін әдеттегідей АҚШ төлейді. Сонымен қатар Дональд Трамп президент болып тұрған кезде қауіп төндірмейтін әрі құрмет көрсететін елге мүлде орынсыз және дұшпандық белгі жібереді", – деді Америка басшысы.

Трамп алдағы 11 күнге жоспарланған жаттығуларды толық тоқтатуға тым кеш екенін айтып, қорғаныс министрі Пит Хегсетке олардың ауқымын "айтарлықтай қысқартуды" тапсырғанын мәлімдеді.

АҚШ пен Оңтүстік Корея тұрақты түрде бірлескен әскери жаттығулар өткізіп келеді. Сонымен қатар Оңтүстік Корея аумағында АҚШ-тың шетелдегі ең ірі әскери базасы – Кэмп-Хамфрис орналасқан.

Басталған жаттығуларға мыңдаған әскери қызметкер мен әскери техника қатысады. Маневрлер Солтүстік Корея тарапынан төнетін қауіп-қатерге қарсы дайындықты арттыруға бағытталған. Бағдарламада дрондарға қарсы күрес, GPS сигналдарының өшірілуі жағдайындағы іс-қимыл және кибершабуылдарға тойтарыс беру жаттығулары қарастырылған.

CNN мәліметінше, Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларын үнемі сынап келеді. КХДР Сыртқы істер министрлігі 17 тамызда басталатын жаттығуларды "басқыншылық соғыстың репетициясы" және ел қауіпсіздігіне төнген "елеулі қатер" деп атаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз