Саясат

Трамп Иран делегациясымен келіссөз нәтижелі өткенін мәлімдеді

АҚШ пен Иран делегациялары делдалдар арқылы үш сағатқа жуық келіссөз жүргізді. АҚШ президенті Дональд Трамп кездесуді «өте нәтижелі» деп бағалады.

Трамп

 Алайда осы келіссөздің алдында ол Иранға қатаң ескерту жасап, келісімге келмеген жағдайда елді «жойып жіберемін» деп мәлімдеген.

АҚШ пен Иранның ресми өкілдері 22 қыркүйек, сейсенбі күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 81-сессиясы аясында кездесті. Бұл – екі ел өкілдерінің бірнеше айдан кейінгі алғашқы келіссөзі. Трамптың айтуынша, үш сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу «өте нәтижелі» болған.

АҚШ тарапынан келіссөзге Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, Иран тарапынан сыртқы істер министрі Аббас Аракчи қатысты. The New York Times мәліметінше, келіссөз Катар мен Пәкістанның арағайындығымен өткен.

«Бүгін БҰҰ Бас ассамблеясы аясында біз Иран делегациясымен ұзақ келіссөз жүргіздік. Күні бойы тараптар арасында делдалдар қатынап отырды. Біз конструктивті әрі келешегі бар болады деп үміттенетін келіссөз кезеңін сәтті аяқтадық. Делдалдар жұмысын жалғастырады», – деп жазды кейін Уиткофф X әлеуметтік желісінде.

Трамп БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен кездескен кезде Иранмен келісімге қол жеткізу бағытында «үлкен серпін» бар екенін де мәлімдеді.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, Тегеран келіссөз кезінде Вашингтонға Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта бастауға қатысты өз талаптарын жеткізген.

Олардың қатарында АҚШ тарапынан енгізілген теңіз блокадасын дереу тоқтату, санкцияларға байланысты бұғатталған Иранның барлық активін босату және кез келген әскери іс-қимылды доғару талаптары бар.

Трамп: Иранның алдында екі таңдау бар

Келіссөз басталғанға дейін Дональд Трамп БҰҰ мінберінен Иранға қатаң мәлімдеме жасады.

«Менің алдымда маңызды таңдау тұр: Иранмен оның қайта қалпына келіп, әлдеқайда қуатты мемлекетке айналуына мүмкіндік беретін келісім жасала ма? Әлде адамдарды өлтіріп, елдерді қиратуға енді ешқашан мүмкіндігі болмауы үшін Ислам Республикасын тез арада жоямын ба?» – деді АҚШ президенті.

AFP мәліметінше, Трамп сөйлеп жатқан кезде Иран делегациясы БҰҰ Бас ассамблеясының залынан шығып кеткен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз