Әлеумет

Трамп Иранға әуе соққыларын тоқтатуға бұйрық берді

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерге Иранға жаңа әуе соққыларын тоқтатуды бұйырды.

Трамп

 Осылайша, қатарынан 13 күнге созылған күнделікті шабуылдар уақытша үзілді. Бұл туралы жағдайдан хабардар екі дереккөзге сілтеме жасаған Axios хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Трамп АҚШ әскери күштеріне Иранға жаңа соққылар жасамау туралы бұйрық берген. Әзірге бұл шешімнің бір реттік па, әлде шабуылдар ұзақ мерзімге тоқтай ма, белгісіз.

Axios-тың жазуынша, бұл шешім Трамптың дипломатиялық келіссөздерге көбірек мүмкіндік бергісі келетінін және қазіргі әскери соққылардың тиімділігі шегіне жеткенін мойындағанын көрсетеді.

Дереккөздердің айтуынша, АҚШ әскері қажет болған жағдайда ауқымды әскери операцияларды қайта бастау жоспарын әзірлеуді жалғастырып жатыр. Алайда Трамп әзірге мұндай әрекетке рұқсат берген жоқ.

Соңғы екі апта бойы Трамп күн сайын түстен кейін әскери басшылық ұсынған соққы жоспарларын бекітіп отырған. Тіпті футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалын көргеннен кейін де кезекті шабуылды мақұлдаған. Соққылар бірнеше сағаттан соң жүзеге асырылып келген.

Алайда жұма күні ұсынылған кезекті шабуыл жоспарына Трамп келісім бермей, оның орнына әскери қимылдарды тоқтатуды тапсырған.

Кейін Ақ үйде журналистермен кездескен Трамп қажет болса, Иранға соққыларды қайта жалғастырып, тіпті оларды күшейте алатынын айтты. Соған қарамастан ол қазіргі жағдайда Иранмен келісімге келу ең тиімді жол екенін атап өтті.

«Қазір біз ирандықтармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Күн өткен сайын олардың ниеті де байыпты бола түсуде. Біз соғысқа дайынбыз, бірақ олармен келіссөз де жүргізіп жатырмыз», – деді Трамп.

Трамптың бұл шешімі жұма күні Оман делегациясы Тегеранға Ормуз бұғазын қайта ашу тәртібіне қатысты келіссөз жүргізу үшін барғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң қабылданған.

Келіссөз барысымен таныс екі аймақтық дереккөздің мәліметінше, тараптар белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізген. Оман мен Иран арасындағы келісім демалыс күндері-ақ жасалуы мүмкін.

Егер келісімге қол жеткізілсе, оны қабылдау немесе қабылдамау туралы соңғы шешімді Дональд Трамп қабылдайды.

Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Ормуз бұғазындағы халықаралық кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық коалиция құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз