Әлеумет

Трамп Иранға келісімге келу бойынша бірнеше күн уақыт берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен бейбіт келісім бойынша «дұрыс жауап» алу үшін бірнеше күн күтуге дайын екенін мәлімдеді.

Трамп

 Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Трамптың сөзінше, егер Тегеран келісімге келмесе, Вашингтон Иранға қарсы шабуылдарды қайта жалғастыруы мүмкін. Ол жағдайдың өте қауіпті шекке жеткенін айтып, оқиғаның тез ушығуы ықтимал екенін ескертті.

«Егер біз дұрыс жауап алмасақ, бәрі өте жылдам болады. Біз әрекетке дайынбыз», – деді Трамп Эндрюс әскери базасында журналистерге.

Сонымен бірге ол АҚШ-тың Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермейтінін тағы қайталады.

«Біз Иранмен қақтығыстың соңғы кезеңіне келдік. Не келісімге келеміз, не шара қолдануға тура келеді. Бірақ бұлай болмағанын қалаймын», – деді АҚШ президенті.

Иран өз кезегінде шабуылдар қайта басталса, бұл тек аймақтық емес, одан да ауқымды соғысқа ұласуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ислам революциясы сақшылар корпусы «Иранға қарсы агрессия қайталанса, соғыс аймақ шекарасынан асып кетеді» деп ескертті.

Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран келіссөзге ашық екенін айтқанымен, «Иранды күшпен тізе бүктіру – иллюзия» деп жазды.

Reuters мәліметінше, Иран АҚШ-қа жаңа ұсыныс жолдаған. Онда Ормуз бұғазын бақылау, санкцияларды алып тастау, бұғатталған активтерді қайтару және америкалық әскерді аймақтан шығару талаптары бар.

Сонымен қатар Ормуз бұғазындағы жағдай әлемдік нарыққа әсер етіп отыр. Иран бұғаз арқылы өтетін кемелерге жаңа ереже енгізгенін жариялады. Соған қарамастан сәрсенбі күні Қытайдың екі супертанкері бұғаздан өтіп, жалпы көлемі 4 миллион баррель мұнай тасымалдаған.

Сарапшылардың айтуынша, Трампқа соғысты тоқтату үшін қысым күшейіп келеді. Себебі энергия бағасының күрт өсуі АҚШ-тағы ішкі саяси ахуалға және республикашылдардың рейтингіне әсер ете бастаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз