Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:11

Трамп соғысты тоқтата алмайды

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Зеленский мен Трамптың кездесуін әлем халқы тағатсыздана күтті. Бірақ әңгіме дәл былай өрбиді деп көбіміз ойлаған жоқпыз.

 Бұл жерде империялар өздерінің империя екенін көрсетіп жатыр. «Жығылғанға жұдырық» демекші, Трамп жығылып жатқан Украинаны тұқыртып, оның президентін мұқатпақ болды. Тіпті Зеленскийдің киіміне тиісті. Киім деген не ол? Протоколда басқалай жазылған шығар, бірақ онда тұрған не бар? Әдетте арабтың дипломаттары да өздерінің ұлттық киімдерімен кездесуге келеді, бірақ оларға тіс жарып ештеңе демейді, ал Зеленскийге шүйлігеді. Әрине, кездесу кезінде Зеленский де аздап ашуға ерік берді, негізі мұндай кезде оған да ұстамдырақ болған жөн еді. Эмоциясын білдірмей, «сен мықтысың, сен кереметсің» деп, қазақша айтқанда, астына көпшік қойып, арқасынан қағуы қажет еді. Бірақ Зеленский өйтпеді. Ақыры Трамп Зеленскийге «кездесуге дайын болғанда келесің» деді. Әрине, бұл кездесуде үлкен трагедия болды деу қиын. Негізі мұның астарында Украина осындай қиын жағдайда тұрғанда оның сирек металдарын басып қалсам деген Американың ойы жатқан көрінеді.

Қазір, шынын айтқанда, екі тараптың ымыраға келетін нүктесі жоқ. Ресей басып алған жерді «бермеймін» дейді, Украина «қайтарасың» дейді. Демек бүгін-ертең соғыс тоқтамайды. Трамп әу баста соғысты «9 мамырға дейін тоқтатамын» деді, алайда қазіргі жағдайда тоқтата алмайды. Соғыс қазір бұрынғыдан да қатты жүріп жатыр.

Трамп – Путин секілді диктатор болуды армандайтын адам. Сондықтан Ресейді жақтап отыр. Тіпті Ресейдің бірінші болып шабуыл жасағанын айтпайды. Майдан даласында адам қырылып жатыр, сонда да Украинаға «соғысты тоқтат» дейді. Жарайды, Зеленский соғысты тоқтатты дейік, ертең Ресейдің қайыра шабуыл жасамасына кім кепіл? Трамп Украинаның қауіпсіздігіне ешқандай кепілдік бермейді, сөйте тұра «соғысты тоқтат» дейді. Міне, осы тұрғыдан Украинаға қиындау болып тұр.

Ендігі бір мәселе – соғыста Ресей ырықты орынға шықса не өзгереді деген сұрақ. Бұл осыған дейін де талай талқыланған мәселе. Анығында, Ресейдің біздің жерімізге көз алартып отырғаны анық. Сондықтан Ресейдің бізге агрессиялық шабуыл жасауы әбден мүмкін. Бірақ бұл алдағы бірнеше жылда бола қоймайды. Себебі Ресейге де тыныс керек, етек-жеңін жинау қажет. Қару-жарақтарының көбісінен айырылды, соның орнын толтыруы тиіс. Әлеуметтік мәселелері де толық шешімін тапқан жоқ, халқы да іштей наразы. Мұның бәрін Путин біліп, зерделеп, зерттеп отыр. Сондықтан біраз уақыт әл жинайды. Ал егер әбден бұрынғы қалпына келіп күш жинаса, айналасына көз алартуы мүмкін. Путиннің арманы – Совет өкіметін қалпына келтіру. Тіпті бізге тікелей шабуыл жасамаса да, түрлі санкция салып, экономикамызды қысып, күш көрсетуі ықтимал.

Бұл кездесуде аңғарылған тағы бір жайт, Трамптың империялық пиғылы. Яғни сен қалайсың ба, қаламайсың ба, Американы мойындауың, оның мүдделеріне бағынуың тиіс. Байқасаңыз, Трамптың айтқандарында бұрынғы Байденнің, одан ілгерідегі президенттердің айтқан демократия, әділдік деген сөздердің біреуі де жоқ. Сондай-ақ Трамп бұған дейін «мен президент болсам, бұл соғыс болмас еді» деп айтқан-ды. Енді осы соғысты қайтсем тоқтатамын деп жанталасып жатқан көрінеді. Алайда соғысты дәл бұлай тоқтата алмайды.

Сайын Борбасов, саясаттанушы