Ербол Мырзабосынов. «БАЛАПАН»
Кейіпкеріміз министр болып тағайындалғанда, «Құдай-құдай, бұл кімнің бөпесі екен, и?!» деп әзілге бұрып, таңданысын жасыра алмағандар аз болмаған. Алайда осы уақытқа дейін «Мырзабосыновтың артында бәлен тұр» деп ешкім айта алған жоқ.
Демек, Ербол Қуантайұлы бүгінгі биігіне өз күшімен жетті деуімізге болатын сияқты. Үкімет құрамындағы ең жас шенеуніктердің бірі – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен – 3 жас, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтен – 1 жас қана кіші. Бірақ әріптестеріне қарағанда, әлдеқайда жас көрінеді. Қырыққа жетпей қарын байлаған шенеуніктердей емес, спорт министрінің дене-бітімі – сыптығырдай. Оның үстіне, жүзінде баланың кіршіксіз тазалығындай әлдене тағы бар. Міне, біз осының бәрін ескердік. Ескердік те, «Балапан» деген айдар тағып, кейіпкерімізді өзгелер құсатып «алқымынан алмай», шинелінің сыртынан ғана «сылап-сипап» қойғанды жөн көрдік.

Мырзабосынов чемпиондардың құбыласы ма?
Ербол Мырзабосыновтың қалай «мырза» болғаны, яғни, қайда туып, жоғары қызметке қайдан келгені туралы деректерді кейінге қалдырып, әңгімемізді мына бір өзекті мәселеден бастайық. Журналистер де «қызық» қой, күні кеше әріптестеріміздің бірі Мәжіліс депутаты Абзал Құспанға былай деп сұрақ қойды:
– Спорт министрі Мырзабосынов та спортшы, ол келді де, Олимпиада, әлем чемпиондарын жаппай басшылық қызметке тағайындай бастады. Облыстық спорт басқармаларының тізгінін соларға ұстатты. Бірақ министр де мәңгі емес, бір күні ол да кетеді. Сонда өзі әкелген кадрлардың тағдыры не болады? Қазір спортшылардың құбыласы Мырзабосынов болып отыр, ертең құбыласы өзгеріп, министр ауысса, олар қайда барады?
Көрдіңіз бе, сұрақ өте маңызды. Маңызды сұраққа мәжілісмен қал-қадірінше жауап беріп, былай деді:
– Мен олардың болашағын болжап біле алмаймын. Бірақ бұл кадрлық тұрғыда қате шешім деп есептеймін. Себебін айтып өттім ғой, спортшының барлығын бірдей үлкен бір интеллектуалдық мүмкіндігі бар деп есептемеймін. Сіздің қойып отырған сұрақтарыңызға орайластырып айтатын болсақ, неге бізде діни радикализм спортшылар арасына кең тарап кетті? Өйткені олардың оны түсініп, өздігінен ой қорытып, қабылдаймын-қабылдамаймын деген нәрсе жоқ. Интеллектуалдық деңгейі төмен.
Спортшылардың көңіліне келмесін, депутаттың сөзінде әжептәуір шындық бар. Әрине, барлығы емес, алайда кейбіреуі интеллектуалдық деңгей жағынан әжептәуір «ақсайды». Мысалы, ілгеріде чемпионның қалай қызмет атқаратынын әйгілі боксшы Ермахан Ибраимов көрсетіп берген. Алаңға шыққан әйелдердің плакатын жыртып, ел аузында «Нұрмаханға» айналып кеткен былғары қолғап шебері көп ұзамай Алматы қаласының мәслихатына барған еді. Ол жерде де «тыныш отырмай», журналиске сұхбат берді де, жұрттың шамына тиді. Бес баласы үйімен бірге өртеніп кеткен ата-ананы айыптап, «бұл – түккөрмегендік» деген чемпионды көпбалалы аналар әкімдікке іздеп барған. Бірақ біз үшін Ермахан болғанымен, сол кездегі жұрт көзіне «Нұрмахан» болып көрінген кісі ашулы аналармен әкімдікте емес, «Нұр-Отанның» ғимаратында кездесті. Сол жерде таудай денесі тарыдай «кішірейіп», кешірім сұрағандай күй кешіп еді.
«Балалығы» шығар, Мырзабосынов осыдан сабақ алмаған секілді. Сабақ алмағаны сол, ел намысын қорғаған чемпиондардың денін аймақтардағы басшылық қызметке қойды. Бір есептен, мұнысы спорт саласына спортты түсінетін адамды отырғызғандай әсер қалдырады. Дегенмен ұрғанын құлататын боксшы мен жауырыны жерге тимеген балуанның жұмыс істегеннен гөрі, «жағаласа кетуге» бейім келетінін «Қарағанды оқиғасы» көрсетіп берді ғой.

Кінәлі адамның кеңесіне зәрулік
Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионатының жүлдегері Дәурен Есімханов арасындағы «төбелес» Туризм және спорт министрлігі үшін төбеден жай түскендей әсер еткенін білесіз. Өйткені жасырып-жаба салатын нәрсе емес, екі спортшының бірін-бірі қуып жүрген сәтін бейнелеген видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Сөйтіп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегеннің керіне ұшырап, екі спортшы да «өз еріктерімен» қызметтерінен босады. Ал тексеру жүргізген Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болған келеңсіз жағдайға басқарма басшысы Серік Сәпиевті кінәлі деп тапты.
Дегенмен Сәпиевтің кінәлі екеніне қатысты қоғамда екіұшты пікір бар. Себебі «Серік шынымен кінәлі ме, әлде жоғарыға жақпайтын шындықты айтып қойды ма?» деген сауал өзекті көрінеді. Бүкіл елді шулатқан ырду-дырдудан кейін боксшы: «Менің орынбасарым облыс әкімінің орынбасарының тапсырмасын орындады. Менің тапсырмамды емес. Қай жақтан жел соғып тұрғанын түсінесіз ғой. Мен де түсінемін», – деген еді.
Бұған да «түсінбейтін» адамдар болса, Сәпиевтің сондағы сөздерін тағы бір шолып шықса, жеткілікті. Онда Сәпиев өңір спортында ондаған жыл бойы орнынан қозғалмай отырған, бейресми ықпалды адамдардың бар екенін, олар жаңа басшы келген сайын онымен тіл табысып, жүйедегі ықпалын сақтап қалатынын айтқан. Ал жаңа басшы тіл табысуға көнбесе ше? Спортшының сөзінше, «онда қарсылыққа тап болады». Демек, Серік Сәпиев мәселенің тек орынбасарына ғана емес, одан да жоғарыдағы «көзге көрінбейтін» адамдарға қатысты екенін меңзеген. Тіпті антикорға «сәлем хат» та жолдаған.
Бірақ бәрібір Сәпиев кінәлі болып шықты. Дегенмен осы жерде бір қызық мәселе бар. Министрлік кінәлі адамның «артынан топырақ шашпаса» да, «өз обалың өзіңе» деп, даудан кейін елеусіз қалдыруына болар еді. Керісінше, оқиғадан шамалы уақыт өткен соң Ербол Мырзабосынов Сәпиевті штаттан тыс кеңесші қылып, қасына алды. Сонда бұл нені білдіреді? Министр кінәлі адамнан қандай кеңес естігісі келіп жүр? Міне, осы оқиғалар тізбегі – «штаттан тыс» жағдай туындағанда, өз кемшілігін жасырып-жабу үшін «Балапанға» штаттан тыс кеңесші керек болды ма екен?» деген ойға жетелейді.
Тағы бір қызығы, Мырзабосынов чемпиондарды түгел жарылқайды екен десеңіз, қателесесіз. Мәселен, журналист Нұрсейіт Жылқышыбай ардагер спортшы Болат Жұмәділовтің күнкөріс үшін жертөледе жүргенін көрсеткен. Ал Болат Жұмәділов кім? Ол – Олимпиаданың екі күміс медалін ұстатқан мұзбалақ. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Бокс спортына дәл Болаттай еңбек сіңірген жігіт аз. Журналистің бағдарламасынан кейін Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп спортшыға көлік сыйлады да, спорт жанашыры Махат Төрәлі даңқты боксшымыз Болат Жұмаділовке тұрақты жұмыс тауып берді.
Енді осы шаруаны Ербол Мырзабосыновтың өзі атқарғанда, не болар еді? Әрине, абыройына – абырой, беделіне – бедел қосылар еді. Өкінішке қарай, қиырдағы чемпиондарға жауапты қызмет беретін министр, Астананың жертөлесінде жүрген, яғни танауының астындағы Болат ағасын көрмей қалды. Бұл – балалық па, әлде шалалық па, оны енді өзіңіз салмақтап көріңіз.

Президенттен әділдік сұраудың астары
Қазақстанның 13,3 млрд теңге жұмсап, қысқы Олимпиадаға әзірлеген сайыпқырандарын «салпақтап бос қайтты» дейтін айыптаудан жалғыз спортшы сақтап қалды. Миланда мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров тарихи алтынға қол жеткізіп, елімізді алғашқы жиырмалықтың қатарына қосты. Алайда сол Шайдоров соңғы күндері «министрлік тарихына» жағымсыздау жағдаяттарды «таңбалап» тастады. Жалақысыз қалған чемпион мен жалтаруға бейім министрлік арасындағы дау күшейгенде, біреу Шайдоровты жақтап, енді біреу Мырзабосыновты мақтады.
Дегенмен біз кінәласқан екі тараптың бірін ақтап, бірін даттағымыз келмейді. Дәл осы мәселеде Несіп Жүнісбаевтың пікіріне құлақ асқан жөн секілді. Ардагер спорт журналисі күні кеше «ШАЙДОРОВ ДАУЫ, немесе ДАЙРАБАЙДЫҢ... КӨП... СИЫРЫ» деген тақырыппен «бұзаудың тіліндей» пост жазды. Жүнісбаевтың «сиырларын» түгендей келе түсінгенімізді шиырып айтсақ: «Балапанда» айып жоқ, баланікі – шала». Осы пікірдің де шындығы басым ба, әлде шу басылмаса, «міні» шығып қалатынын министрлік басшылары да сезді ме, Шайдоров пен Мырзабосынов бітімге келіп, қол алысты.
Бір әттеген-айы, Шайдоров көтерген шудың «шаңы басылмай жатып», Ангелина Лукас дау бастады ғой. Дау бастағанда, басқаны қойып, президент Тоқаевтың өзінен әділдік сұрады. Бұл – саланың екі тізгін, бір шылбырын уысында ұстап отырған министр үшін жақсы емес. Ал Ангелинаның әңгімесін тыңдасаңыз, «сай сүйегіңіз сырқырайды». Қысым көрген, түртпектен тойған, жалақысы аз болған, алалауға ұшыраған... Екі дүркін IBO чемпионы, WBC рейтингінде көш бастаған Ангелина Лукас – 21 күн ішінде үш елде жекпе-жек өткізіп, Гиннес рекордын орнатқан спортшы.
Лукастың ең үлкен айыптауы – «Ербол Мырзабосыновпен былтыр кездестім, бірақ ештеңе өзгермеді» дегені. Яғни мұнысы «Президент мырза, Сіз көмектеспесеңіз, министрден қайыр жоқ» дегенмен бірдей. Ал неге спортшылар бірінін кейін бірі министрді айыптай бастады? Кейбір білгіштер «Мырзабосыновқа белгісіз топтар «шабуыл» бастады» деп топшылайды. Мұның анық-қанығына қатысты долбар жасаудың қажеті шамалы. Бізше болса, министрдің өзі чемпиондарды әуектетіп, басына бәле тілеп алған сияқты. Чемпиондарға шүлен таратқандай, қызмет бере берген соң, өзгелері де дәмететіні анық. Біреулер басқармаға бас болып жатқанда, енді бірінің жарымаған жалақыға жан баққаны «әділдікке» жата ма? «Әрбірден соң, мен – кім, ол – кім? Мен тоқалдан тудым ба?» дейтіндер көбейеді. Чемпиондардың бәрі «кілең бәйбішеден» туғанын «мойындау» үшін ел намысын адал қорғаған батырлардың бәріне жылы кабинет, жұмсақ кресло беруге тиіссің. Ол мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Егер жоғарыдағы «білгіштердің» болжамы рас болса, аяқтан шалғысы келетін «дұшпандарына» кейіпкеріміздің өзі бәле тауып берген секілді. Ал енді осыған кімді кінәлі деп ойлайсыз?!
Мұғалім қалай министр болды?
Ербол Мырзабосынов – Семейдің баласы. 1984 жылы өмірге келіп, қырық жасында министрдің орынтағына жайғасты. Екі бірдей мамандық бойынша жоғары білім алған. Кейіпкеріміздің бір қанаты – педагогика болса, екінші қанаты – заңгерлік. Әуелі Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, одан кейін Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін тамамдаған. Сонымен қатар Қазақ спорт және туризм академиясының түлегі.
Еңбек жолын 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогика институты дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының ассистенті, жаттықтырушы-оқытушы ретінде бастаған. Сосын Семей мемлекеттік педагогикалық институтында жүріп, дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісіне дейін көтеріледі. 2006 жылдан бастап есептесеңіз, 12 жыл бойы оқытушы-жаттықтырушы болып қызмет атқарған.
Кейіпкеріміздің «қанат қаққан» кезіне көп болған жоқ. 2018-2020 жылдары «Қызылжар арландары» спорт клубының директоры болып еңбек еткен. Директорлық – Мырзабосыновтың «бола бастаған» сәтінің алғашқы баспалдағы іспетті. Өйткені осыдан кейін болашақ министр сатылап өсті. 2020-2021 жылдары «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры, 2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры, 2023 жылы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болды. Осыдан кейін бірден министрлікке «қарғыды».
Шенеуніктердің «өсу-өркендеу» жолын бақылап отыратын сарапшылардың пікірінше, «Неге екенін кім білген, Ербол Мырзабосыновтың қызметтік жылнамасы – бала қораздың айдарындай шоп-шолақ». Соған қарағанда, «өзімен-өзі» шығыста ұстаздық жасап жүрген мұғалімді министрлікке «сүйреп әкелген» әлдебір күштің әзірге тасада тұруы да ғажап емес секілді...

Туризмді казиномен дамыту
Біз білмейді екенбіз, Қазақстан – туризмнің қайнаған ортасына айналып кетіпті ғой. Министрліктің есебіне қарасаңыз, төбеңіз көкке жеткендей күй кешесіз. Мысалы, 2024 жылы 10 млн қазақстандық ел ішінде саяхат құрса, шетелден 15 млн турист келіп, қазақ жерінің көркемдігіне аузын ашып, көзін жұмыпты. Бұл басқа емес, Ербол Мырзабосыновтың үкімет отырысында берген есебі. Бір ескеретін мәселе, соғыстан қашып, Ресейден бері ағылғандар мен екі қолға бір күрек іздеп, «сандалып» жүргендер бұл тізімге кірмеген. Таза туристердің, яғни ел көрем, жер көрем деп «іші пысып» келгендердің саны – 15 млн. Ал 2025 жылы ше? Өткен жылы туристердің саны 16 млн-ға жақындаған. Нақты сан – 15,7 млн.
Бір қызығы, Мырзабосыновтың осы деректеріне күмәнмен қарайтындар көп. Неге екенін өздері білер, ал біз көрші Өзбекстанның «тірлігіне» назар аударып көрдік. Жыл басында ала шапанды ағайындардың етегі далбақтап, қатты қуанған. Қуанған себебі, 2025 жылы туристер саны бойынша өзбектер рекордтық көрсеткішті игеріпті. Туристер саны бойынша екінші тұрған 2,7 млн қазақ Самархан мен Бұқараны көріп қайтыпты. Қырғыздар тайлы-таяғы қалмай «көшіп» барған ба, әйтеуір, 3,3 млн Қырғызстан азаматы Тәшкеннен «аузын толтырып», палау жеген. 1 млн-ға жуық орыс, 40 мың кәріс, 80 мың үндіс Хиуаның қауын-қарбызынан дәм татып, Наманганның қытырлақ нанымен шай ішіпті...
Ең қызығы, мына тұста: сонда Өзбекстан туризмі қанша пайызға өскен деп ойлайсыз? 2024 жылмен салыстырғанда, 46 пайызға көтерілген. Демек, екі есеге жуық өсім көрсетіп, рекордтық деңгейге шыққан. Енді Өзбекстанға өткен жылы барған туристің санын айтайық па? Айтсақ былай: 38 млн өзбек халқының «іске жарайтыны» тандырдың маңынан шықпай тірлік қылғанда, келген туристің саны – 11,7 млн екен. Ал біздің Мырзабосынов тандыр тұрмақ, «ошақтың басын» көрген жоқ, «чемпиондармен шайқасып» жүріп-ақ, туристер санын 16 млн-ға жақындатты. Сонда Орталық Азиядағы туризм орталығы саналған Өзбекстаннан озып кеткеніміз – кімнің арқасы деп ойлайсыз?!
Былай қарасаңыз, 20 млн халқы бар Қазақстанға 16 млн туристің келгені үлкен жетістік. Осы қарқынмен ілгерілей берсек, Өзбекстанды былай қойып, 2025 жылы 64 млн турист қабылдаған Түркияны да артта қалдыруымыз мүмкін. Алайда мұндай көрсеткішке кейіпкеріміздің көңілі «қоңылтақсып» жүрген түрі бар. Себебі Туризм және спорт министрлігі шетелдік «қыдырмашыларды» Қазақстанға «қойша иіріп» әкелетін заң жобасын Парламентке мақұлдатып алды.
Білетін шығарсыз, бұған дейін бізде құмар ойынға құлықтылар Қапшағай мен Бурабайға баратын. Кейін «Ақтаудан да казино ашып, «шаламас шетелдіктерді» Каспийдің жағасынан күтіп алсақ, қайтеді?» деген ұсыныстар айтылған. Ал Мырзабосынов бұл салаға білек сыбана кірісті. Енді Ақтау былай тұрсын, Алакөлде, Талғарда, Марқакөлде казино жұмыс істейді. Әрі бұл сала жұмыртқадан жаңа шыққан балапандай, қанатын кере бермек. Осыны естіген әріптестеріміздің бірі министрге:
– Сонда сіз Қазақстанды екінші Лас-Вегасқа айналдырмақшысыз ба?, – деп сұрады.
– Казинодағы әрбір үстел жылына 2-3 млрд теңге салық төлейді. Бес жүз адамға жұмыс орны ашылады, – деді кейіпкеріміз.
Бір жағынан бұл да дұрыс сияқты ма, қалай? Алматы мен Астанаға келгенімен, қытайдың бигбонын жеп қайтатын «кедей» туристерге қарағанда, қалтасындағы барын казиноға қалдыратын «қуғынбай» туристер тиімді емес пе, бізге? Мұндағы ең үлкен мәселе, казино – тек шетелдіктерге арналған. Ал Ресейден келген Виктор мен АҚШ-тан келген Victor-дың қасына өзіміздің Бектұр қосылып алса, қайтеміз? Қайткені несі, министрдің «жұмыс орны ашылады» деген сөзіне назар аударыңыз. Казиноның есігіне чемпиондардан күзет қойса, қаңғалақтап кеп қалған қазақстандық «қуғынбайларды» құлағынан сүйреп шығаратын шығар, не көрініпті?..
Көрдіңіз бе, жоспар бойынша бәрі жақсы, жоба бойынша бәрі күшті. Бірақ қазақта «Балапанды күзде санайды» деген мақал бар екенін білесіз. Бұйырса, енді министрліктердің есеп-қисабы ЖИ-дің «түйсігі» арқылы түгенделеді. Міне, сол кезде Мырзабосыновтың 16 млн туристі түкке тұрмайтын «тобыр» болып шықпаса деңіз.
Түйін
Балаңдығы ғой, кейіпкеріміз журналистермен кездессе болды, «жақ жүні үрпиіп» шыға келеді. Кейде тіпті жұмыртқаны енді жаратын балапандай тыпырлап кететіні тағы бар. Өзі өз болғалы Мырзабосыновтың «миынан кетпейтін» сұрақ мынау болды деп ойлаймыз: «Париждегі жеңістен кейін Олимпиада чемпиондарын президент қабылдады, ал Паралимпиада чемпиондарын неге премьер-министр қабылдады? Бұл министрліктің ұсынысы ма, әлде президент әкімшілігінің шешімі ме?».
Бір қарасаңыз – қиын, бір қарасаңыз – оңай сұрақ. Журналистермен «тәжікелесіп» үйренген қулар болса, әйтеуір бір жолын тауып, сытылып кетер еді. Ал кейіпкеріміз айналдырып ананы да айтты, мынаны да айтты, бірақ ешбірі нақты жауапқа жақындаған жоқ. Сосын журналистер «бұ кісі өзі сөз түсіне ме?» дегендей бірінің бетіне бірі қарады...
Бірақ біз бұған таңданбаймыз. Өйткені кейіпкеріміздің әр сөзі, әр әрекеті өзінің атына сай. Сондықтан мақаламызды «әрекетіне берекет берсін» деген ағалық ниетпен тұжырамыз.
Сансызбай НҰРБАБА