Асылхан МАМАШҰЛЫ, зерттеуші-журналист: Алғашқы әліпбиді Назарбаев жасаған
– Латын әліпбиіне көшу мәселесін бастан-аяқ бақылап отырдым десем, қателеспеймін, осы тақырыпта бірнеше мақала жаздым.
Бұл тақырыпты бір кісідей білемін. Менің ойымша, латын әліпбиіне байланысты әңгіменің бәрі 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген сәттен бастап тоқтады. Өйткені осы оқиғадан шамамен 10 күннен кейін президент Тоқаев Тіл білімі институтының басшысы Анар Фазылжанованы қабылдады. Өз басым сол қабылдаудан кейін латын жазуы мәселесі тоқтады деп санаймын. Әрине, бұл туралы ресми ақпарат тараған жоқ. Бірақ менің шамалауымша, Ресейдің Украинаға қарсы әрекетіне байланысты латын әліпбиіне қатысты тақырып жабылған сияқты.
Ал «бөлінген ақшаны бюджетке қайтарыпты» деген әңгімені мүлде түсінбедім. Бұл бастаманы Назарбаев 2017 жылы қыркүйекте қозғаған. Содан кейін жаппай жоспар жасап, іске кірісті. Сол кездегі жоспар бойынша, 2025 жылға дейін Қазақстан кезең-кезеңімен латын әліпбиіне өтіп болуы керек еді. Соған байланысты Қазақстан Үкіметі латын әліпбиімен айналысатын мемлекеттік ұйымдарға ақша бөлді. Билік кем дегенде 2-3 жыл латын әліпбиі деп шапқылады. Қаншама ғылыми конференция өтті, қаншама іссапар болды, қаншама жиналыс өтті. Яғни бөлінген қаржының бәрі осы жұмыстарды атқаруға жұмсалып кетті. Латын әліпбиіне көшу жұмысымен мемлекеттік мекемелер айналысты, ал мемлекеттік мекемеге бөлінген қаржы сол сәтте игеріледі. Оны пәлен жылдан кейін қайтару мүмкін емес. Ал 2022 жылдан бері бұл бағытта қаржы бөлінді деп ойламаймын. Ендеше, бөлінбеген қаржыны қайтару да мүмкін емес. Сондықтан латын әліпбиіне бөлінген ақша бюджетке қайтарылды деген жай көңіл үшін айтылған ақпарат деп санаймын.
Бұл жерде ғылым министрі Саясат Нұрбек латынға байланысты әңгіменің тоқтағанын ресми түрде мәлімдеді деп санаймын. Бұған дейін «біз латын әліпбиіне көшпейміз» деген ресми шешім қабылданған жоқ, уақытша тоқтатылғаны туралы да әңгіме айтылмады. Енді соны министрлік ашық айтып отыр. Латын әрпімен жазылған жазуларды реттеңдер деген сөздің өзі осы мағынаны білдіреді. Жаңа құрылған «Әділет» партиясының атауы әртүрлі әріппен жазылып тұр. Соны дұрыстасын бірінші. Осылай әркім әртүрлі жазбас үшін латын әліпбиімен жазуды уақытша тоқтатқан болуы мүмкін.
Мекемелердің маңдайшасындағы латынша жазулар не болады? Бұған аса көп бас қатырудың қажеті шамалы. Жоғарыдан бұйрық түссе, әкімдіктер маңдайшасындағы жазуды кириллицамен жаз десе – кириллицамен, үш тілде жаз десе – үш тілде жаза салады. Атауларды кириллицаға қайтарған да дұрыс болатын шығар. Өйткені бәрі бір әліпбимен болғаны дұрыс қой. Әркім өз білгенінше жазып жүр. Мысалы, Астанада бір қонақүйдің шыға берісінде «шығу» деген жазу латынша жазылып тұр. Ананы оқысаңыз анайы мағына шығады. Бұлай болмайды.
Ал енді латын әліпбиіне неге көше алмадық, дау неге көбейіп кетті дегенге келейік. Негізі бұл дауды тудырған ғалымдар емес, Назарбаевтың өзі. Әңгімені басынан бастайық. Латын әліпбиіне көшу жайлы 1990 жылдардың басында айтыла бастады. Түркі халықтарының ғалымдары бас қосып, «ортақ жазу қалыптастырайық» деген мақсатпен осыны қолға алған. Оның бастауында Әбдуәли Қайдар тұрды. Сол кісінің бастамасымен Тіл білімі институты 2000 жылдардың өзінде латын әліпбиін жазып, дайындап қойған. Ол жөнінде қаншама монография жазылып, қаншама зерттеулер жасалды. Яғни бізде латын әліпбиі дайын тұрған. Бірақ оны билік қолдай қоймады. Тек 2017 жылы аяқ астынан Назарбаевтың өзі латын жазуына көшкісі келе қалды. Назарбаев айтқан соң үлкен науқан басталды.
Біріншіден, Қазақстанда латын әліпбиіне көшуді қолдайтын адамдар аз емес. Соны Назарбаев түсініп, «көшсек, көшейік» деді. 2017 жылы бастап, 2025 жылы аяқтайтын бағдарлама жасалды. Бірақ дау көбейіп кетті. Осы жерде жұрт білмейтін бір жағдай бар. Дауды Назарбаев өзі тудырды деп неге айтып отырмыз? Латын әліпбиіне көшетін кезде Назарбаев өзі бір парақ қағазға «латын әліпбиі мынадай болады» деп, әр әріптің тұсына өз нұсқаларын қойып, әліпбидің алғашқы нұсқасын өзі жасаған. Соны көмекшілері арқылы Тіл білім институтына беріп жіберген. Көмекшілер институтқа келіп, «латын жазуына көшеміз, бірақ сендер жасаған әліпби жарамайды, мына алфавитті қабылдайсыңдар» деп Назарбаев жасаған нұсқаны берген. Оны көрген кезде ғалымдар шалқасынан түскен. Бірақ «Президент ешкіммен ақылдаспай, қалай әліпби жасайды, ол ғалым емес қой?! Біз өзіміз ұзақ жыл зерттеп, дайындап отырған әліпбиіміз бар. Біз мына нұсқамен келіспейміз» деп ешкім айта алмаған. Сөйтіп алғаш болып осы нұсқа ұсынылды. Бірақ ол өте орашолақ, күлкілі әліпби болатын. Содан барып дау туды. Қоғам сынынан кейін бұл нұсқаны аздап түзетті, жетілдірді. Бірақ бәрібір оңбады. Іргетасы дұрыс қаланбаған үйдің қабырғасын қанша сәндесең де жақсы баспана шықпайды. Мына жағдайды осымен салыстыруға болады. Әу бастағы нұсқасы сәтсіз жасалғандықтан, кейінгі түзетулер еш пайда бермеді. Өйткені ол ғалымдардың қолынан өтпеген, бір адам ұсынған дүние болатын. Билік араласпай, ғалымдарға тапсырғанда мұндай дау тумас еді, тіпті 2025 жылға дейін латын әліпбиі қабылданып кетуі де мүмкін еді.
Бұл мәселе бойынша ғалымдармен көп сөйлестім. Алғашқы әліпбиді Назарбаев өзі жасап, ұсынды дегеннің шын екеніне сенімдімін. Бұған тағы бір дәлел бар. Әліпбиде «Нұрсұлтан» дегендегі «ұ» әрпі ағылшынша «u» әрпімен берілген. Негізі бұл «у» дыбысына сұранып тұрған таңба. Бірақ экс-президенттің есімін әдемі жазу үшін осы әріпті «ұ» дыбысына берді. Ғалымдар соны өзгерте алмай қойды. Кейін Тоқаев тұсында жасалған нұсқада осы әріпті ауыстырыпты. Сосын мен Тіл білім институтына хабарласып, қалай ауыстырғанын сұрадым. Сол кезде олар «мұны ешкім байқамаса деп едік, қалай байқап қойдыңыз» деп шошып кетті. Қысқасы, бір әріпті Назарбаев қызметінен кеткен соң да өзгертуге қорқып отыр. Мұндай жұмыстардың бәрін шенділер емес, ғылыми-зерттеу мекемелері айналысуы керек. Бізде билік араласады да, ғылымның быт-шытын шығарады.