Руханият

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Біз әуелде «амалсыз қазақ» едік, қазір «алаңсыз қазаққа» айналдық

Мейірхан Ақдәулет – өткір ойлы ақын, қарымды публицист әрі тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ баспасөзінің бағытын айқындаған беделді редакторлардың бірі.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

Оның жетекшілігімен жарық көрген «Алтын Орда» газеті ұлт­тық сана, тіл, мемлекетшілдік, зиялы қауымның жауапкершілігі, билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының арақатынасы сияқты өзекті мәселелерді тайсалмай көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастырған ықпалды басылымға айналды.

Ке­йінгі жылдары қаламгер қазіргі қазақ журналистикасында сараптамалық ойдың сиреп, ұлт­тық мүдденің екінші кезекке ысырылып бара жатқанын да ашық айтып келеді. «Жас Алаш» газетінің тілшісі қаламгерді әңгімеге тартып осы және өзге мәселелер туралы пікір алмасты.

«Тасмағамбетов мені газетіммен қоса Астанаға әкетпекші болды»

– Мейірхан аға, Ги де Мопассанның «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөзі бар. Сіз де шығармашылық тұрғыдан Алматыда қалыптасып, танылған қаламгерсіз. Алайда үлкен қалада қалып қоймай, туған жерге барып, ұлт­тық мүддені ту еткен «Алтын Орда» газетін шығардыңыз. Аймақта жүріп, ел іздейтін, өткір мәселелерді көтеретін басылым шығару қаншалықты қиынға соқты?

– Қарапайым ғана нәрсе: сол тұста Кеңес үкіметі түгелдей келмеске кет­ті де, біз бұрындары ойлап та көрмеген жаңа  тарихи жағдай орнады. Кеңестік республикалардың барлығы сөз жүзінде тәуелсіздік алды да, бұрынғының бәрі жедел өзгеріске түсе бастады. Ресейдің өзінен бастап, барлық кеңес республикалары толық өзгеруге кірісіп кетті. Қуаныштысы – біз де тәуелсіздігімізді жарияладық. Дәл осы кезеңде еліміз жедел түрде барлық жағынан өзгеруге тиіс еді: қоғам да, адам да, бүкіл ел де осы мұратқа мүмкіндігінше тезірек, уақыттың осы талабына орай қимылдауға тиіс болатын. Меніңше, көп уақыт бойы өте ауыр жағдайға бой үйретіп алып, ойлаудан мүлде қала бастаған біздің еліміз үшін бұл өте қиын болды. Дегенмен ауыр кезеңнен халық адам айтқысыз қиыншылықты көргенімен, аман-есен жаңа заманға көшті. Әрине, осы тұста біздің ұлттық санамыз, болмысымыз орасан зор сынаққа төзе білді. Ол тұста қарапайым қазақты былай қойғанда, біздің биліктің өзі жаңа заманға сүріне жүріп, қателесе жүріп үйренді. Қалың жұртқа мүмкіндігінше ақылды, сауат­ты газет-журналдар керек еді. Соны ұғатын, тереңірек сезінетін адамдар, меніңше, өте аз болатын. Әрине, дәстүрлі басылымдар өз мүмкіндігіне қарай шығып та жатты. Олардың атқарған қызметі де халыққа, мемлекетке өз пайдасын тигізді. 

Дегенмен біздің бәрімізге жаңашыл, халықтың бары мен жоғын түгендей білетін жаңа ұстындар, соны, жаңа жолдар керек еді. Есімде, сол кезеңде Қуаныш Сұлтанов сияқты білімді, өзіміз сыйлайтын басшыға кіріп, Ақас Тәжутов екеуміз әзірлеген жаңа газеттің жобасын бердім. Бірер күннен соң ағамыз өзімді мақтады да: «Ал мынау үшін әлі ертерек. Ке­йін көресіңдер ғой», – деп шығарып салды. Демек, ол кісі де біздің сол ойымызды түсінген жоқ. Біз өкіндік те қойдық.
Қазір ойлаймын да, егер сол тұста біздің идеямызды Сұлтанов қолдағанда біздің өміріміздегі қазіргі жаңашылдықтар мен үлкен өзгерістер ертерек бір арнаға түскен болар ма еді. Содан төрт-бес жыл өткен соң мені Ақтөбе облысының экс-әкімі Аслан Мусин қызметке шақырды. Ұзақ ойланып жүріп, тәуекелге бел байлап, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ерген Дошаевпен ақылдаса келе Ақтөбеге табан тіредім. Өзіммен бірге Алматыдан сол кездегі талантты жас журналистер Дәурен Қуат пен Бауыржан Бабажанұлын ала келдім.

Ақыры аштық қой газетімізді. «Алтын Орда» атты апталық газет 2000 жылдың қаңтарында тұңғыш санын көпшілікке ұсынды. Біздің қатарымызға ақтөбелік Ертай Ашықбаев, Баян Сәрсембина, Индира Өтеміс, Сәтжан Дәрібай сияқты жандары сергек журналистер қосылды. Бір қызығы, су жаңа ұжым бізді, біздің тынымсыз ойларымызды ерекше құлшыныспен қолдады. 
Ал соңында сол «Алтын Орданы» халық та, билік те мүмкіндігінше түсінді һәм қолдады. Кейін газет Атырау қаласына көшті. Ол жерде де оңай болмады – үйренісіп кеткен, үш жылда әбден шыныққан достарым, әсіресе Дәурен мен Бауыржан, Ақтөбедегі облыстық газетте қалып қойды. Сол кезден бастап жауапкершілік пен қиындық өзіме ғана түсті. Енді екі есе күш жұмсауға тура келді. Газеттің келесі саны үшін жазылған материалдарды түгелге жуық қайта жазып, өңдеп, адам танымастай етіп өзгертіп шығатынмын. Тіпті газетке өзге жақтан келген авторлық материалдарды да «жөндеп» отырып, таңның атқанын білмей қалатын кездерім болды.

Бірде Атырауға келген ­Иманғали Тасмағамбетов мені газетіммен қоса Астанаға да әкетпекші болды. Бірақ менің ол арманым орындалмады. Қожайынымыз мені де, газетті де «қимай қалыпты». Содан бір жыл өткен соң өзім де шаршадым. ­Мусинге турасын айттым: «Алғысымнан өзге өкпем жоқ, енді қайтамын», – дедім. Кейін газет жабылып тынды. Бірақ «Алтын Орда» менің істеген істерімнің, еңбегімнің ең аяулысы еді.

– Қазір мүмкіндік берілсе, дәл сол кездегідей өткір әрі батыл «Алтын Орданы» қайта шығара алар ма едіңіз? Әлде бүгінгі оқырман да, журналистика да өзгеріп кетті ме? Одан қала берді, бүгінгі саясат, ақпарат кеңістігі оған жол бермей ме? 

– Жоқ, ештеңе өзгерген жоқ – халық та, жағдай да баяғыдай. Тек мен қартайып қалдым, әйтпесе, маған жол бермей отырған ешкім жоқ. Бірақ «Алтын Орданы» қайта шығару үшін сол кездегі қайрат, денсаулық, тәуекел мен үміт керек. Оның бәрі менен кетті демеймін, бірақ әр дәуірдің өз жүгі бар. Біздің қолымыздан келгені – өз уақытымызда соны көтеру болды. Ендігі кезек – жастарда.

– Сіз «Алтын Ордадан» кеткеннен кейін газет бұрынғы ықпалынан айырылды. Демек, басылымды бренд ететін ұжым ба, әлде редактор ма? Сіз қандай редактор болдыңыз?

– Басылымды көркейтетін, «көсегесін көгертетін» – тек қана редактор. Бірақ ол мейлінше сұңғыла білгір, интеллектуал және дарынды болуға тиіс. Редактор – газетке шығатын дүниені ғана емес, оның мінезін, бағытын, деңгейін айқындайтын адам. Ұжым да маңызды, бірақ ұжымды ұйыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдыратын да – редактор. Ал мен жаман редактор болмаған сияқтымын.

– «Алтын Орда» қазақ санасын оятты деп жиі айтасыз. Ал бүгін сол оянған сана қайда кетті? Әлде біз қайтадан енжар қоғамға айналып барамыз ба? 

– Оянған сана орнында шығар. Меніңше, халықтың рухы оянып келеді. Өзін сыйлауға, өзін сыйлата білуге үйреніп келеді. Рухы бар халықтың ертеңі бар. Сондықтан оның билікке де өз сөзін өткізе алатын деңгейге жетерінен үміт үзбеймін. Уақыт өзгерді, қоғам өзгерді. Алайда өзгермейтін, үнемі сәулесін шашып тұратын – адами дүние ғана. Соны тоңдырып алмасақ болғаны.

«Қазақ журналистикасында жетіспей тұрғаны – тереңдік пен түгелдік»

– Сіз бүгінгі БАҚ-та аналитика мен сын аз екенін талай рет айттыңыз. Бұл журналистердің әлсіздігі ме, әлде қоғамның талабы өзгерді ме? 

– Қоғамның талабы күшейген сияқты, журналистердің өздері де әлсіз шығар деп ойлаймын. Қазір ақпарат көп, бірақ ой аз. Журналистің міндеті – жаңалық жеткізу ғана емес, оның мәнін ашу. Ол үшін білім де, интеллект те, азаматтық ұстаным да керек. Сараптама мен сынның азайып кеткені де содан.

– Бүгінгі журналистер аудиторияның көңілін табуға жұмыс істейтін сияқты. Бұл журналистиканың қоғамнан алыстағанын білдіре ме, әлде құлдырауы ма? Журналистиканың ең үлкен дерті қайсы?

– Аудитория бұрынғыдан күшеймесе, әлсіреген жоқ. Айттым ғой, журналистиканы солардың өздері оңайлатып алды. Оқырманның көңілін табамын деп, оның талғамын өсірудің орнына, дайын талабына ыңғайлана беруге болмайды. Журналистің жұмысы – көпшілікке жағу емес, әр нәрсені өз атымен айту. Ал ең үлкен дерт – болу емес, болғансу.

– Бір пікіріңізде «Журналистика – шөжіп қалды» деген едіңіз. Бүгінде ақпараттың тізгінін журналист емес, блогер ұстап тұрғандай көрінеді. Кейбіреулер «Журналистика – әлеуметтік желінің соңынан еріп кетті» дейді. Бұл журналистиканың жеңілісі ме? Бүгінгі қазақ журналистикасында сіз көргіңіз келетін, бірақ жоқ қасиет қандай? 

– Рас сөз болуы керек. Қазіргі жазармандарда тереңірек, түгелірек білім жоқ десе де болады. Жақсылары бар, бірақ тым аз. Тереңдік деген – көп білу ғана емес, дүниені тұтас көре білу. Түгелдік деген – ұлттың да, адамзаттың да рухани тәжірибесін бойға сіңіру. Ал бүгінгі қазақ журналистикасында жетіспей тұрғаны – осы тереңдік пен түгелдік.

– Журналистикадан азаматтық ұстаным жоғалып бара жатыр деген пікірмен келісесіз бе?

– Адам – сырт көзге керім де, ішінен «кісі көргісіз» бір мықты. Азаматтық деген аяулы ұғым жоғалса, біздің бірімізде де ұят қалмағаны болар еді. Азаматтық – айқайлап сөйлеу емес, ар алдында адал болу. Өз ұлтының да, өз кәсібінің де алдындағы жауапкершілікті сезіну. Кім көрінгеннен жазушы, ақын, сыншы жасай берсек, берекені қашыратын сол болар.

«Зиялы қауымның шамасы «жаңа пайғамбарға» табынуға ғана жарады»

– Кезінде «Алтын Орда» газетінде қазақтың болмысы, зиялы қауым мінезі туралы көп жаздыңыз. Сондай бір пікіріңізде «Зиялы қауымнан Махамбеттің мінезін күтуге болмайды» деген едіңіз. Осы ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз. Бұрын қоғамның ар-ожданы саналатын қазақ зиялыларының сөзі неге бұрынғыдай өтімді емес? 

– Зиялы қауымнан Махамбеттің мінезін күтуге болмайтыны рас. Қазақ зиялыларының сөзі бұрынғыдай өтімді болмаса, бұл да – заңдылық. Демек, өзінен өзгеге басы ауырмайтын болғаны ғой. Бірақ зиялыны кінәлай беруге де болмайды. Қай заманда да билік пен қара күштің қысымы болған. Осы қара күшке тосқауыл боларлық бір ғана құдірет бар, ол – рух. Адамның рухы, намысы, ар-ұяты. Адамды хайуаннан айырып тұратын ұлы шекара осы ғана. Сол шекара әлдеқашан бұзылғандықтан, қолы ұзын, кімге болса да қорлық көрсете алатын, иманнан ада биліктің жүгені сыпырылып, өз дегенін істей бастады. 

Бұған қай заманда да қарсы тұрарлық адамдар, ары таза, өз басын сыйлайтын азаматтар болғаны тарихтан белгілі. Бізде солар жоқ немесе жоққа жақын деңгейде. Оның айқын масқарасын желтоқсанда көргенбіз. Одан бергі жағдай нашарлай түспесе, күшейе қойған жоқ. Кешегі қаңтар қырғыны – осының ең асқынған көрінісі. Ал зиялы қауымның шамасы «жаңа пайғамбарға» табынуға ғана жарады. Есесіне, әлі де үмітті халықтың рухы оянып келеді.

– «Зиялы қайда?» деген өте ауыр сұрақ қойған едіңіз. Арада жылдар өтті. Сол сұраққа қазір жауап табылды ма? Бүгінгі ақын қоғамды өзгерте ала ма, әлде ақынның сөзі әдеби ортадан аса алмай қалды ма? Яғни қазіргі зиялылар қоғамды соңынан ерте ала ма? Әде­биет өз ықпалынан айырылып қалған жоқ па? 

– Қазір соңынан елді ерте алатын кісінің жоғы рас. Біз әуелде «амалсыз қазақ» едік, қазір «алаңсыз қазаққа» айналып болдық. Демек, әдебиетте ықпал бар, бірақ ол басшылардың одан да зор «басшыларға» қалай бағынуына байланысты. Бізде «почти» бәрі өтірік.

– Ақын-жазушылар сыйлыққа келгенде «қырықпышақ» болып жатады. Бұған дейін жазушы Тұрысбек Сәукетаев алмай қалғанда сол кезде көзі тірі классик Мұхтар Мағауин араласқан соң берген еді. Тынымбай Нұрмағамбетовке де халық алып берді. Жақында Мемлекеттік сыйлыққа үміткер тізімінен жазушы Тұрсын Жұртбайды алып тастапты деген әңгіме шығып, әлеуметтік желі бірнеше күн талқыға салды. Тіпті «Тұрсын Жұртбай алсын» дегендер қол жинады. Жалпы, сыйлыққа келгенде ақын-жазушылар неге бұлай?

– Ақша мен жасанды бедел біздің бейбақ жазушыларды осы күйге түсірді. Ал бұл арнаулы комиссияның атқаратын жұмысы болғандықтан, сырт жұрт қоқан-лоқыны қоюға тиіс. Мейлі, ала берсін. Уақыт өткен соң кімнің құны қанша екенін халықтың өзі-ақ айырып алады.

– Өзіңіз «Сыйлық алсам» деген аурудан аманмын» деген екенсіз. Әріптестеріңіздің арасында атақ сұрап, сыйлық дәмететіндер көп. Сіз үшін сыйлықтың құны қандай? 

– Оны сұрап білу керек. Мен білмейді екенмін. Ал өзім үшін сыйлықтың көкесі – адамның адамды сыйлауы, сағынуы.

– «Бүгінде ақындар кітап үшін емес, грант үшін жаза бастады» деген пікірге көзқарасыңыз қандай? Қазақ қоғамы сізді ақын ретінде көбірек бағалады ма, әлде публицист ретінде ме? Сіздің өзіңіз үшін қайсысы қымбат? 

– Жаза берсін. Ұнағанын оқимын, мәз болам. Ұнамағанын ішімнен боқтаймын да қоям. Қазақ қоғамының қалай бағалағанын оның өзінен сұрау керек, ал өзіме өз жазғанымның бәрі қымбат, бірақ соның бәрін мақтан тұтқан емеспін.

– «Пайғамбары көп ел» атты мақалаңызда ­­ «М.Мағауин­ айтатын «Менің жауым – қазақтың жауы» дегенін «Қазақтың жауы – менің де жауым» деп өзгерткім келеді» дегенсіз. Бүгінде қазақтың жауы кім?

– Қазақтың кісі көргісіз қылығы мен пиғылы болмаса (көп ішінде болады ғой), барлық ниеті, түзу бір қызығы оның (қазақтың) жауы да – өзі. Ойлансаң – ұғасың.

«Тіл, қазақ аман тұрса, түбі бәрі түзеледі»

– «Біз жақсы ұлт болу үшін басқа жұрттың бәрінен сауатты, қайратты, халық болуымыз керек. Сонда ғана қазақ болып қаламыз» деген едіңіз. Біздің жақсы ұлт болып қалыптасуымызға не кедергі?

– Еш кедергі жоқ. Өзімізді өзіміз кері сүйремесек, жаман атаулыдан арылсақ, жақсылыққа тілеулес болсақ, қандай кедергі болуы мүмкін?

– Қазір ұлттық идеология туралы көп айтамыз. Бірақ шын мәнінде тәуелсіздік алған 35 жылда ұлттық идеологияны қалыптастыра алдық па? Кейде біз тәуелсіз ел болғанымызбен, отарлық санадан толық арыла алмадық деген ащы пікір айтылады. Сіз бұған келісесіз бе? 

– Қалыптасып немесе қалыптасқан болып келе жатырмыз. Ал отарлық санаға келсек, одан да арылармыз. Өзгеруі қиын нәрсе – әркімнің өз сорлылығы, мәнжубастығы, тағысын тағы. Соны өзгертпесек те, сәл-пәл дұрыстасақ, кәні? 

– Қазақ қоғамының бүгінгі ең үлкен қателігі неде деп ойлайсыз? Яғни сізді бүгін Қазақстанның қай мәселесі ең қатты алаңдатады?

– Қоғамның ең үлкен қателігі – өз басын сыйламауында ғана. Басын сыйлайтын адам – кемел адам. Сол кемелдік туралы жиірек ойласақ. Бола алмасаң да, тырысқанның өзі жақсы.

– Биыл Желтоқсан көтерілісіне – 40 жыл. Сіз осы көтерілістен зардап көріп, жұмыссыз қалып, партиядан шығып қалған екенсіз. Сіздіңше, көтеріліс өз бағасын алды ма? 

– 40 жыл? Бұл бағасын әзір толық ала алмайтын нәрсе. Айтылар, бірақ абайлап қана. Жазылар, бірақ абайлап қана. Одан артыққа әзір шама келе қоймас.

– Мемлекеттік тіл туралы да отыз жылдан бері айтып келеміз. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Бұл саяси ерік-жігердің жоқтығы ма, әлде қоғамның сұранысы әлсіз бе? Кейбіреулер қазақ тілінің мәселесін саясат­тандырады. Ал сіздіңше, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі емес пе? 

– Тіл, қазақ аман тұрса, түбі бәрі түзеледі. Ол үшін әр қазақ өз басын сыйлауы керек. Тілдің тағдырын тек заңмен немесе саясатпен ғана шешеміз деу – қате. Өз тілін өзі қадірлемеген халыққа ешкім келіп тілін төрге шығарып бермейді. Тілдің тағдыры, ең алдымен, қазақтың өзінің қолында. Қалғанының бәрі содан кейінгі мәселе.

– Пафос, жалған ұран, жалаң сөз сізге жат. Бірақ өзіңізді «тасада қалғандай» сезінбейсіз бе?

– Тасада емеспін. Шүкір. Мен – қолда барға ырза адаммын. Дүниемен тату тұрудың ең озық тәсілі – осы.

– Өміріңізге қарап отырып, «осы жерде қателестім» деп өкінетін шешіміңіз бар ма?

– Мендей адамның өкініші мол болады, бірақ оны айта бермейді. Демек, тәубе.

– Қазір елде тұратын қаламгер ретінде сізге ауыл-аймақтың тіршілігі жақсы таныс. Жалпы, халықтың көңіл күйі, әлеуметтік тұрмысы қалай?

– Ел аман, жұрт тыныш. Демек, өмір сүре беруге болады. Бірақ адамға ұқсап өмір сүру керек!

Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз