Кейіпкер

Бақытжан Ертаев:  Әр сарбаздың ата-анасына хат жаздым

Күллі жұрттың қабырғасын қайыстырған 14 сарбаздың қазасы елді есеңгіретіп кетті.

бақытжан ертаев

Бұл қайғылы оқиға қоғамда әскердегі қауіпсіздік пен сарбаздардың өміріне қатысты жауапкершілік мәселесін тағы да алға шығарды. Апатты жағдайға не себеп болды және одан қандай сабақ алуымыз керек?

Осы тұрғыда әскерде ұзақ жыл қызмет еткен генерал-лейтенант, Халық қаһарманы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы қызметін атқарған Бақытжан Ертаевтың пікірін білдік.

– Өте қайғылы, өзекті өртейтін өкінішті жағдай. Ең алдымен ата-анасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Бейбітшілік өмірде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардан айырылып жатырмыз. Аты аңызға айналған қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы "Бейбіт күнде сарбазын сақтай алмаған басшы – ел алдында қылмыскер" деген. Бұл ұлағатты сөз әскери қызметтегі әрбір командирдің немесе кез келген сала басшысының өз қарамағындағы адамдардың қауіпсіздігі мен өміріне тікелей жауапты екенін білдіреді. Ол соғыс уақытында да, бейбіт заманда да сарбаздың өмірін қорғауды басты міндет деп санаған.

Шын мәнінде, жас сарбаздарды өлімге итермелеген оқиғаға кім кінәлі? Осыны жан-жақты зерттеп, ұңғыл-шұңғылын саралау керек. Әрине, кез келген салада кінәліні анықтап, бәрін соған арта салу оңай. Біз неге қайғылы жағдайды болдырмаудың, қайталанбаудың жолын таппаймыз? Байқасақ, мәселенің себебін ғана айтамыз, ал салдарымен күресу жоқтың қасы. Бұған дейін бәрін жылтыратып көрсетіп болдық қой. Енді шындықты айту керек.  

Сарбаздардың өлімін естірту көрінісі жүрегімді ауыртты. Не деген әдепсіздік, мәдениетсіздік? Екі ортада темір есік. Мына жағында әскерилер, арғы бетінде баласының аты аталмаса екен деп қайғыдан қан жұтқан ата-ана. Қапияда опат болған сарбаздардың есімін қағаздан оқи салу – нағыз көргенсіздік. Ұят қой. Баласын іздеген, бауырын жоқтағандарға ауыр тиетінін білмегені ме? Былайғы жұрттың өзі әлеуметтік желіден көріп, ашуланды, күйіп-пісті. Ал марқұм сарбаздардың жақындарын ойладық па? Бұлар адам сияқты естірту керек еді. Әр қазақтың қаракөз баласы – елдің ұланы. Керісінше, екі бөлек әлем болмай, есікті ашып қоймай ма? Біз бауыр еті – баласынан айырылып отырған ата-ананы жұбатуымыз керек емес пе?

Бұл трагедия – үлкен сабақ. Әскер қатарында жүріп қаншама сарбаз көз жұмды. Олардың өліміне жауаптының бәрі анықталды дей алмайсың. Кейбірі жұмбақ күйде қалуы да мүмкін. Сондықтан алдын алу, яғни қайғылы  жағдайды болдырмаудың жолын іздеу керек. Өкініштісі сол, ауа райының қолайсыздығын ескерместен, сарбаздарды теңізге жіберу кезінде командир не ойлады? Жарайды, оқу жаттығуын өткізуге бел буған екен, құтқарушы мамандар неге тұрмаған? Ал батты да, кетті. Себебі құтқаратын ешкім жоқ. Не деген сұмдық? Әр командир әр сарбаздың өміріне қатаң түрде жауапты болуы керек және жауап беруі тиіс. Қандай жағдайда да ең алдымен сарбаздарды аман алып қалу керек еді.

Өз басым әскер саласында талай жыл еңбек еттім. Дивизияда командир де болдым. Сонда менің білгенім, сарбазды өз баласындай, туған інісіндей жақсы көріп тәрбиелесе, онда сарбаз да командирді ағасы немесе әкесіндей сыйлайды. Әрбір командир сондай болуы тиіс. Мен әр сарбаздың ата-анасына хат жазатынмын. Мысалы, алдымен сарбаздың өзімен жақын танысамын. Отбасы, ата-анасы туралы сұраймын. Себебі біздің қазақта тұңғышын ата-әжесіне береді де, содан ерке болып өседі. Қай жерде, қалай өскенін тәптіштеп біліп аламын да, ата-анасына хат жазуға кірісемін.

"Ерболдың әке-шешесі, саламатсыздар ма? Мен – Ерболдың командирімін. Баланы бірге тәрбиелейік. Сізден ақыл сұрайын деп отырмын. Бұл жігіт қалай өсті? Мінезі қандай еді? Нені жақсы көреді?" деп білгім келген сауалдарды жазып, отбасына жіберемін. Содан ата-анасы кері жауап жазып, алғысын жаудыратын. Тіпті сарбазды шақырып алып "Сен шешеңнің туған күні қашан екенін білесің бе?" десем, "Ойбу, ертең екен ғой" дейді. "Отыр да, хат жаз" дейтінмін. Сөйтіп, бірге құттықтау хат жазып, салып жіберетінбіз. Біз әр сарбазға мінездеме жазатын едік қой. Қазір командир мен ата-ана арасында сондай қарым-қатынас бар ма?  Сарбаз – робот емес. Оның да жүрегі, туыстары, тәрбиесі бар.

Сосын қазір жас командирлерге методиканы, педагогиканы, психологияны үйретпейді. Себебі қазір жастар басқаша. Жастар бұзылған жоқ, олар өз заманына сай өмір сүріп жатыр. Бірақ оларға ақыл-кеңес айтып, қолұшын беріп, дұрыс жолға салуымыз керек.

Қорғаныс саласын басқарған Дәурен Қосанов бұған дейін де сарбаздар өліміне қатысты сауалға "Да, вы что" деп қылжақпен жауап беріп, халықтың ызасын тудырған еді. Бұл министр де саладағы түйткілді шешуге тырысты ма? Баласы әскерден табытпен оралған аналардың мұң-зарын тыңдады ма? "Әскерде сарбаз өлімі неге жиілеп кетті?!" деген сұрақты өзіне қойып, зерттеу жасап, тиісті мамандардан жауап алды ма?

Президенттің "қорғаныс саласына реформа жасау керек" дегені дұрыс. Бірақ оны кім істейді? Комиссия құрамына кіргендерді қарасам, өңшең әскерде бір күн болмағандар екен. Олар саланың бүге-шігесін білмей, қандай реформа жасайды? Өз саласының мамандары болса, әңгіме басқа. Бірақ президент "Бұл қатарда кәсіби мамандар, осы саланы білетін азаматтар болу керек" деп айтса да, ішінде сапта тұрмаған, мұрнына әскердің иісі бармағандар жүр. Олар окоптың, танкінің не екенін біле ме екен? Жастар көп нәрсенің байыбына бара бермейді. Мәселен, бұрын ақсақалдарды тартып, "Не айтасыздар? Не ақылдарыңыз бар?" деп сұрайтын еді. Қазір біздің пікірімізді білгісі келіп жатқан ешкім жоқ. "Ақсақал бар жерде ақыл сұрау бар" дейді. Жастар бар жерде болашақ бар. Оларға еш қарсылығым жоқ. Бірақ сол болашақ өкілдері әркез ақсақалдармен ақылдасып, ашық сөйлесуі керек. Жастар бөлек әрекет етсе, ақсақалдар өзінше кетсе, не боламыз? "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген қайда қалды? Өмір көрген, өзіндік түйгені бар ақсақалдардың тәжірибесін неге пайдаланбасқа?  

Ең әуелі "Бұл реформа не үшін қолға алынып жатыр?" деген сұраққа жауап іздеу қажет. Ел-жұртпен сөйлесіп, пікірін білу керек. Бұл реформаға ата-ана, болашақ сарбаздар, командирлер мен әскери саланы бес саусақтай білетін ардагерлер қатысуы қажет. Комиссия мәселені анықтау қажет. Тамырын ұстап, жақсы диагноз қоя алмай келеміз. Әскери салада қандай "ауру" барын тапқанда ғана емдей аламыз.

Қандай реформа жасайын деп жатқанын білмеймін. Менен кім сұрапты? Мұны сол реформа жасайын деп жатқандар айтсын! Бізді араластырғысы келмейді. Саяси тәрбиешілер, психолог мамандарды көбейту керек. Сарбаздарды ата-анасымен, ардагерлермен жиі кездестіріп тұру қажет. Жастарды тәрбиелеу – бәріміздің мойнымызда. Әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеу керек. Біз кезінде әскерге барған ағаларымызды мақтаныш тұттық. Жейдесінің түймесін ұстап көруге, шәпкісін киюге асығушы едік. Демек, қазір қазақ армиясының имиджін көтеру аса қажет.  

Қазір әскерге келісімшартпен де барады. Оларды "контрактниктер" дейді. Олар 27-30 жастағы жігіттер. Мен шындықты айтайын, олар әскерге жаңадан қабылданған сарбаздарды тергеуге алады. "Қай жерден келдің? Қай елсің? Әке-шешең кім болып жұмыс істейді? Үйіңе хабарлас, осындай ақша жіберсін" деп мәжбүрлейді. Бұл жағын білемін ғой. Сол себепті де, бұл – ойын емес, адам тағдыры, жастардың өмірі.

Бұл – бір күндік сөз емес. Әрине, мынандай жағдайдан кейін кім баласын жібергісі келеді? Әлпештеп өсіріп, енді қызығын көремін деп отырғанда баласынан айырылып қалса, орны толмайтын өкініш емес пе? Бұл жақсы үрдіс емес. Әр азамат Отанын қорғау керек. Бірақ ол үшін әскер қауіпсіз болуы тиіс. Сонда ғана жастар қорықпай барады, азаматтық борышын адал атқарады.  

Жазып алған Динара Мыңжасарқызы 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз