Кейіпкер

Балаларды көше тәрбиелеп жатыр

Бірлесу-Еңбек ауылында болған оқиға маған қатты әсер етті. Өйткені бұл – менің туған ауылым.

Жұмасейіт Нұрбаев

Оның үстіне зардап шеккен баланың да, оны ұрды деп айтылып жүрген баланың да отбасын жақсы білемін. Екеуі де жақсы, тәрбиелі әулеттен шыққан. Сондықтан бұл оқиғаны тек екі жасөспірімнің арасындағы жанжал деп қарастыруға болмайды. Біз оның түпкі себептерін анықтауымыз керек.

Бүгінде балаларды ата-ана да, мектеп те емес, көше тәрбиелеп жатыр. Мәселенің ең үлкені – осы. Қазір оқушылар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары қайта-қайта өткізіліп жатыр. Оларға заңды түсіндіреді, жауапкершілік туралы айтады. Бірақ балалар заңды білмейді деп ойлайсыздар ма? Біледі. Оларға қайта-қайта ақыл айтқаннан не өзгереді? Ертең сол балалар: "Аға, түсіндіру жұмыстарыңызды тыңдадық. Ал енді сабақтан бос уақытымызда қайда барамыз, немен айналысамыз?" деп сұраса, не деп жауап береміз? Бірлесу-Еңбек ауылында балалардың тұрақты түрде спортпен айналысатын толыққанды спорт кешені жоқ. Мәдениет ошағының жағдайы да мәз емес. Сонда мектептен шыққан бала қайда барады? Бос уақытын қайда өткізеді? Оларды кім ұйымдастырады, кім тәрбиелейді? Ауылда балалардың басын қосып, пайдалы іспен айналыстыратын орта қалыптаспаса, олар өз ортасын көшеден іздейді. Осындай жағдайда бейресми топтар мен өздерінің жазылмаған тәртіптері пайда болады.

Біздің ауылдық округтің әкімі Нұрсұлу Дүзеева 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Биыл он төртінші жылға аяқ басты. Менің айтпағым – әкім қанша жыл отырғаны емес, сол уақыт ішінде балалар тәрбиесі үшін не істеді деген мәселе. Ауыл әкімі жергілікті балалардың қаншасын таниды? Олардың немен айналысып жүргенін біле ме? Мектепке барып, оқушылармен ашық сөйлесіп, болашағы, тәрбиесі, бос уақыты туралы әңгімелескен кезі болды ма?

Әкімдік өкілдері тұрғындармен кездесу өткізіп тұрады. Менің байқауымша, жылына үш-төрт рет жиналыс ұйымдастырады, оның өзі жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта аяқталады. Онда көбіне ауылға жарық орнатылғаны, жол жөнделгені, басқа да инфрақұрылымдық жұмыстар айтылады. Жақсы, жарық орнатылсын, жол салынсын. Оған ешкім қарсы емес. Бірақ осы ауылда балалардың рухани тәрбиесі, білім алуы, кітап оқуы, спортпен айналысуы туралы мәселе қаншалықты көтеріліп жүр? Адам тек материалдық құндылықтармен өмір сүрмейді ғой. Оған рухани азық та керек. Баланың тамағы тоқ, киімі бүтін болғанымен, тәрбиесіне көңіл бөлінбесе, ертең кім болып өседі? Мектеп директоры балалардың қандай кітап оқып жүргенін, қандай үйірмелерге қатысатынын, бос уақытында не істейтінін біле ме? Ауыл әкімі балалармен соңғы рет қашан тәрбие, білім, мәдениет туралы әңгімелесті? Мені мазалайтыны – осы.

Ауылдағы мектеп директоры мен учаскелік полиция инспекторының сырттан қатынап жұмыс істейтіні туралы да айтып жүрмін. Аудан басшысының өзі де Тараздан қатынап қызмет атқарады. Меніңше, мұндай жағдайда ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігін, әсіресе кешкі уақытта жастардың немен айналысып жүргенін бақылау қиынға соғады. Мектеп директоры сабақ біткен соң кетсе, учаскелік инспектор ауылда тұрақты болмаса, түнгі уақытта балалардың тәртібімен кім айналысады? Бұл мәселені де ашық талқылау керек.

Жергілікті билік жол салуды, жарық орнатуды ғана жетістік деп есептемеуі керек. Әрине, оның бәрі қажет. Бірақ балалардың тәрбиесі, ауылдағы рухани орта, мәдениет пен спорттың дамуы да сол жетістіктің өлшемі болуы тиіс. Ең үлкен сұрақ – біз балаларға қандай орта қалыптастырып бердік? Олар сабақтан кейін қайда барады? Кіммен араласады? Кімге еліктейді? Олардың қандай мәселесі бар? Біз осыны білеміз бе?

Бір қайғылы оқиға бола қалса, балаларға заң түсіндіруге асығамыз, ата-аналарын шақырамыз, шенеуніктерге сөгіс жариялаймыз. Бірақ бәрі басылған соң бұрынғы тіршілік қайта жалғасады. Меніңше, бұл тәсілден нәтиже шықпайды. Біз балаларды қайғылы жағдай болғаннан кейін емес, оған дейін тәрбиелеуіміз керек. Ал олардың тәрбиесіне жағдай жасамаған, назар аудармаған мемлекеттік органдар өз жұмысына да жауап беруі тиіс.

Жұмасейіт Нұрбаев,

Бірлесу-Еңбек ауылының тумасы, кәсіпкер

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз