Сотта өзіне пышақ салған мұғалім Отбасының қысымға ұшырағанын айтады
Түркістан облысындағы еңбек дауы мен сот залындағы қанды оқиғаның кейіпкері – Хасен Ерімбетовтің ісіне қатысты жаңа деректер шықты.
Ордабасы аудандық соты оны жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жойып қана қоймай, мектеп директорының әрекеттеріне байланысты жеке ұйғарым шығарған. Сот даулы бұйрыққа бірнеше рет түзету енгізіп, құжаттың бұрмаланғанын көрсететін жағдайларды анықтап, мәселені прокуратура мен білім бөліміне жолдаған. Алайда Хасен Ерімбетов дау мұнымен аяқталмағанын редакциямызға мәлімдеді. Соттағы оқиғадан кейін інісі 2 айға қамауға алынған еді, енді оның қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылып, тағы бір туысына қатысты әкімшілік іс бойынша процессуалдық мәртебе өзгеріп жатыр. Мұғалім мұның бәрін отбасына жасалып жатқан қысым деп есептейді.
Дау неден басталды?
Хасен Ерімбетов Ордабасы ауданы Ықыластемір ауылындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы жалпы білім беретін мектепте ұзақ жыл мұғалім болып еңбек еткен. Кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ЕҢБЕК ДАУЫ СОТ ЗАЛЫНДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒАҒА ҰЛАСТЫ: ТҮРКІСТАНДА МҰҒАЛІМ НЕГЕ ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛДЫ
Бұған дейін «Жас Алаш» жазғандай, Ерімбетов пен мектеп директоры Балжан Төлтебай арасындағы дау 2025 жылы басталған. Сол жылы мектепке жұмыспен қамту орталығынан тексерушілер келіп, белгілі бір азаматтың оқу орнында жұмыс істейтін-істемейтінін сұраған. Х.Ерімбетов мұндай адамның мектепте жұмыс істемейтінін айтқан. Алайда тексерушілердің қолындағы құжатта әлгі азаматтың мектепке жұмысқа қабылданғаны көрсетілген. Хасен Ерімбетов сол жағдайдан кейін прокуратура мен білім бөліміне шағым түсірген.
«Директор мектепте жоқ еді. Мен ондай азаматтың жұмыс істемейтінін, өзім оқу ісі жөніндегі орынбасар екенімді айттым. Олардың қолында «жұмыс істейді» деген қағаз болды. Кейін директор келгенде болған жағдайды айттым. Ол «онда не жұмысың бар?» деген мәнде жауап қайтарды. Содан кейін прокуратура мен білім бөліміне шағым түсірдім. Білім бөлімінен тексеру келді. Нәтижесінде аталған азаматтың бізде жұмыс істемейтіні, бірақ жалақы алғаны анықталды. Соңында ол мемлекетке 115 мың теңге қайтарды. Содан кейін мені қудалау басталды. Менің кінәм – мектептегі заңсыздық туралы айтқаным болды. Алдымен оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметінен қатардағы мұғалімге ауыстырды, кейін мектептен мүлдем шығарып жіберді», – дейді Хасен Ерімбетов.
Оның сөзінше, 2025 жылдың соңында мектептегі зерделеу кезінде анықталған кемшіліктер үшін жауапкершілік оған жүктеліп, қызметін төмендету туралы шешім қабылданған. Ерімбетов бұған келіспей, еңбек инспекциясы мен сотқа жүгінген. Ерімбетовтің сөзінше, Еңбек инспекциясы мұғалімді лауазымынан төмендету туралы құжаттан заңсыздықтар анықтап, директорға оны қайта орнына тағайындауды тапсырған. Алайда директор Х.Ерімбетовті мүлдем жұмыстан шығарып жіберген көрінеді. Бұдан кейін даулы сот басталған.
Сот жұмыстан шығару туралы бұйрықты жойды
Х.Ерімбетовтің бізге жіберген құжатына сәйкес, бұл даудағы маңызды өзгеріс биыл 12 маусымда болғанға ұқсайды. Ордабасы аудандық сотының жеке ұйғарымында Хасен Ерімбетовтің жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жою жөніндегі талап-арызы қанағаттандырылғаны жазылған. Бұдан бөлек, сот мектеп директоры Балжан Төлтебайдың әрекеттеріне қатысты жеке ұйғарым шығарған.
Сот құжатына сәйкес, істі қарау барысында Ерімбетовке қатысты даулы бұйрықтан бөлек, мектеп директорының бірнеше рет заңға сәйкес емес актілер қабылдағаны және олар бойынша еңбек инспекторлары заң бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар бергені анықталған. Сот 2025 жылғы 18 желтоқсандағы №22-ж/қ бұйрығының күші сотта қаралып жатқан кезде мектеп өкілі оның күшін өзі жойғанын, одан кейін тағы екі заңға қайшы бұйрық шығарылғанын көрсеткен. Сот мұндай әрекеттер талап қоюшыны әуре-сарсаңға салғанын айтып, мектеп басшысының біліктілігіне қатысты «үлкен күмән тудырды» деген тұжырым жасаған.
Ұйғарымның қорытынды бөлігінде сот Балжан Төлтебай тарапынан анықталған жағдайлар бойынша шешім қабылдау үшін Ордабасы ауданы прокуроры мен білім бөлімінің назарын аударуды тапсырған. Олар қабылданған шаралар туралы сотқа бір ай ішінде хабарлауы тиіс.
Хасен Ерімбетовтің айтуынша, қарсы тарап бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
«Қысым әлі тоқтаған жоқ»
Бұған дейін Хасен Ерімбетовтің еңбек дауы сот залындағы ауыр оқиғаға ұласқан еді. 28 мамырдағы сот отырысына байланысты оған сотты құрметтемеу бойынша әкімшілік іс қозғалған. Кейін полиция оны үйінен сотқа жеткізген. Сот оны бес тәулікке әкімшілік қамау туралы қаулы шығарған. Осы шешім жарияланғаннан кейін мұғалім сот залында өзіне пышақ салып, ауруханаға түскен.

«Сот залында інім Есен Ерімбетов ғимараттың есігін қатты жапқан кезде әйнегі сынды. Оған Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, екі айға қамауға алды. 7 тамыздан бастап қамау мерзімін үш айға ұзартты. Енді нағашым Ғабит Құрбановты да осы іс бойынша жауапқа тартпақшы. Куәгер ретінде сот хатшысы тартылған. Ол «менің қолымнан тартты, балағат сөз айтты» деп куәлік берген. Енді туыстарымның процессуалдық мәртебесін куәден күдіктіге ауыстырып жатыр», – дейді Хасен Ерімбетов.
Мұғалім мұны сот залындағы оқиғадан кейін өзінің отбасы мен жақындарына жасалып жатқан қысым деп бағалайды.
«Жас Алаш» Хасен Ерімбетов ісі бойынша Оқу-ағарту министрлігіне және Түркістан облысы Ордабасы аудандық білім бөліміне ресми сауал жолдады.
Бек РАУШАНҰЛЫ