Кейіпкер

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы: Назарбаевтан жауап алатын уақыт келді

2003 жылы АҚШ соты америкалық компаниялардың Қазақстанмен жасаған мұнай келісімдерінен жемқорлық белгілерін тауып, Қазақстан президенті Назарбаевтың кеңесшісі болып жұмыс істеген АҚШ азаматы Джеймс Гиффенге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Қазыбек Бейсебаев

 Оған қоса, барлық заң талаптарын бұза отырып, Гиффенге Қазақстанның дипломатиялық паспорты берілген. Айыптауда президент Назарбаев пен сол кездегі премьер-министр Балғымбаевтың да аты аталды. Экс-президент Назарбаев өзінің бұл іске қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарып, қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Алайда бұл жанжалдағы ең қызық мәселе басқа. Америка соты Гиффенді ақтап шықты. Кейін оның ЦРУ тапсырмасымен және АҚШ мүддесі үшін әрекет еткені, яғни Қазақстан басшылығының арасына жіберілген америкалық агент болғаны анықталды. Оның үстіне іс аяқталғаннан кейін судья Гиффенді «америкалық патриот» деп атады. Ойлап көріңізші! Қазақстан президентінің жанында кеңесші болып, Қазақстанның дипломатиялық паспортын иеленген нағыз тыңшы жүрген. Сол адамның «арқасында» Қазақстанға өте тиімсіз, кіріптар келісімдер жасалған! Сонда президенттің өзі осындай ауқымды экономикалық диверсияға қатысы жоқ болып шыға ма? Мұны Отанға опасыздық, нағыз сатқындық демегенде не деуге болады? Біздің Конституциямызда мұндай әрекет үшін президенттің жауапкершілігі қарастырылған.

Қазір Қазақстан не үшін соттасып жатыр? Себебі бізді алдап кетті. Қыруар ақша жоғалттық және жоғалтып та жатырмыз. Кезінде біз өнімді бөлу туралы келісімге дұрыс қол қоймадық. Мысалы, Ельциннің кезінде америкалық компаниялар орыстарды да алдаған. Путин келді де «келісімді қайта қараймыз, басқаша жазамыз» деп, өз мақсатына жетті. Ал бізді әлі алдап жатыр. Қысқасы, бұлар шығынын қайтарып алмай, ақша төлемейді. Сондықтан шығынды әдейі қымбат көрсеткен. Мысалы, қағаз-қалам алса, бағасын қасақана өсірген. Себебі мұндай тәсіл оларға тиімді. Сондықтан келісімді өзгерту керек. Өзгерту үшін сот болып жатыр. Ал біздің қаржымыздың ұрлануының ар жағында Назарбаев тұр. Оны мен емес айтып тұрған. Ол белгілі нәрсе, АҚШ сотының шешімі. Мұны халық білуі керек!

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз