Нартай Аралбайұлы: Журналистикадан ешқашан кеткен жоқпын
Саясатқа келген журналист үшін ең күрделі сынақ – бұрынғы кәсіби ұстанымын жоғалтпай, жаңа ортада өз орнын табу.
Ал үш жылға жуық Мәжіліс депутаты болған Нартай Аралбайұлы осы кезеңде қандай мәселелердің шешілуіне ықпал етті? Депутаттық мандаты аяқталған соң немен айналысып жүр? Сұхбат барысында ол партиялық таңдауынан бастап, депутаттық қызметтегі бастамалары, журналистің саясатқа араласуына қатысты сынға және Құрылтай құрамына келген шығармашылық орта өкілдерінің орны туралы пікір білдірді.
– Нартай, ПарламенттіңVIII шақырылымында «Аманат» партиясының тізімімен мәжіліс депутаты атандың. Кейін партиялық таңдау мәселесі туындағанда «Әділет» құрамына қосылмадың. Дегенмен Құрылтайдан орын алуға деген үміт болды ма?
– Кез келген саяси кезеңнің өзіндік бастамалары бар. Ол қазіргі қоғамдағы нақты сұраныстарға жауап береді. Осы тұрғыда саяси партиялар қатарына тиісті азаматтарды тартты, кандидат ретінде бекітті. Бұл ұстанымға құрметпен қарау керек. Барлығымыздың міндетіміз – еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету. Депутат болғанда да тапжылмай креслода отырдым дей алмаймын. Үнемі елмен бірге болдық. Халықпен кездестік. Мәселен, су тасқыны кезінде де халықтың ортасында жүрдім. Сол аймақтағы «9-сынып бітіретін оқушылардың емтиханын кейінге қалдыру, 11-сыныпты аяқтаған түлектерге арнайы грант берілсін» деген талаптарды айттым, Үкіметтегі уәкілетті органмен бірге орындалды. Бұл да, ең бастысы, халықтың талап-тілегі екенін білдіреді. Әлі жаспыз. Мемлекет, халық үшін атқаратын қызмет тек мансаппен шешілмейді. Әлі де табанды еңбек етеміз деп сенемін.
– Негізі бізде депутаттық мандаттан айырылған немесе қайта сайланбай қалған депутаттарға кейін мемлекеттік не басқа да лауазымды қызмет тауып беретін үрдіс бар емес пе?
– Қазір демалыстамын. Бірақ былтырдан бері республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті ретінде жұмыс істеймін. Бұл енді айлық төленбейтін қоғамдық жұмыс. Дәл қазір Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қолдау білдіріп, сонымен бас қатып жүр. Яғни 31 тамыз бен 6 қыркүйек арасында Қырғызстанда басталған VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қазақстандық дәстүрлі садақ ату құрамасы аттанды. Бұл байрақты бәсекеде ел намысын қорғау үшін Астанадағы Чемпиондар лигасында ашық әрі әділ іріктеуден өткен 6 дәстүрлі садақшы мен 2 бас жаттықтырушы қатысады. Құрама Алматыдағы 2 апталық оқу-жаттығу жиынын аяқтап, 29 тамызда қырғыз еліне аттанды.

– Депутат болған кезеңде бірқатар әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне атсалыстың. Сол бастамалардың ішінде қоғамның нақты қолдауына ие болып, нәтижесімен көрінген қай мәселені ерекше атар едің?
– Өз басым 50 депутаттық сауал жолдаппын. 4 заңның жетекшісі болдым, 14 заңның авторымын. Біз айтарлықтай жұмыс істедік қой. Мысалы, Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының жұмыс тобына жетекшілік еттім. 2023 жылдың соңында арнайы депутаттық сауал жолдадым. Оған дейін спорт саласына қатысты ауқымды зерттеу жүргіздім. Әсіресе мемлекет бөлген қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанына мән бердім. Неге десеңіз, сол жылдары спортта «қола дәуірі» орнап, біздің ұлттық команда олимпиада ойындарында едәуір сәтсіздікке ұшырады. Оған дейін халықаралық аренадағы байрақты бәсекелерде өнер көрсетіп, медаль алып жүрген соң бұл мәселе шетін қала берген. Содан білек сыбанып, тыңғылықты зерттеуге кірістім. Нәтижесінде жыл сайын жоғары жетістіктер спортына 775 млн доллар бөлініп келгенін анықтадым. Одан бөлек «Астана» футбол клубы мен баскетбол, волейбол клубы, «Барыс» хоккей клубына «Самұрық-Қазынадан» 60 млн доллар қаражат бөлінген. 2025 жылы футболға бюджеттен 32 млрд теңге жұмсалған. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Сөйтсек, қаражаттың 60 пайызға жуығы олимпиадалық емес спорт түріне көзделіп келіпті. Осының бәрін қысқартуды талап еттім. Заң жобасы дайындалып, 2024 жылдың басында Парламент Мәжілісіне түсті. Жалпы, бюджеттің, халықтың ақшасына «мырза» болу оңай ғой. Оның үстіне федерацияның бәрін бұрын билік тізгінін ұстаған шенеуніктер басқарып отырды. Олардың ақшаны оңды-солды жұмсағанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік дәлелдеп берді. Масқарасы сол, спорттық балық аулау деген де бар. Осылайша, біз 180 спорт түрін үш есеге, яғни 60-қа қысқарттық. Тек олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада, азиада спорт түріне ғана мемлекет қаржы бөлсін дедік.
Сондай-ақ 30 жыл бойы халықтың «Легионерлерге неге ақша бересіңдер?!» деген талабы орындалып, Қазақстан Республикасының азаматтары емес спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асыруға тыйым салынды. Жетекшілік еткен заңның 49-бабының екінші бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары саналмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді. Бір спорттық мекемені 20-25 жыл басқарған басшыларды 5 жыл сайын ауыстыруды енгіздік. Балалар мен бұқаралық спортқа бөлінетін ақшаны көбейттік. Бүкіл федерация қайтадан аккредитациядан өтетін болды. Білсеңіз, бұрын бір спорт түрінің он шақты федерациясы жұмыс істеген. Соның біреуі ғана қалатын қылдық. Есте болар, 2024 жылы Ақтауда Nomad MMA чемпионатында ауыр соққы алған 17 жастағы жасөспірім спортшы жекпе-жек кезінде көз жұмды. Бізде кішкентай балаларды да төбелестіре береді. Біз спортпен шұғылданатын және спорттық жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас мөлшерін министрлік бекітетін норма енгіздік.
Одан бөлек атрезия және микротия патологиясымен туған балаларды әлеуметтік қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы 3 000 баланың құлақсыз туылу дертіне ем таппай тентіреп жүргенін жеткіздім. Бір құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан сәбилер мүгедек боп танылмайды. Зейнетақы алмайды. Біздің елде мүгедектік алу үшін екі құлағың да болмауы керек екен. Алайда микротия патологиясы диагнозы қойылған ересектер мен балаларға мемлекет мүгедектік бермесе де, құлақ аппараты тегін беріліп және 5 жыл сайын тегін ауыстыратын болды.
Тағы бір мәселе – Астана мен Алматы қаласындағы ақылы автотұрақтың халық қалтасын тонап жатқанын айттым. 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95 пайызы жеке серіктеске, 5 пайызы, кейін 15 пайызы ғана мемлекетке түсіп келген. Астананың тұрғындары 2021-2024 жылдары ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестікке төленген, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен. Осы жайттың басы-қасында жүріп, Астанадағы ақылы автотұрақтар 2025 жылдың жазында толықтай әкімдік тарапына өтті.
Өзіңіз білесіз, үкімет зейнетақы қорынан алуға болатын ақшаның шекті сомасын көтеріп тастады. Тым болмағанда, болашақта зейнетке дұрыс ақшамен шықсын деп, өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беретін норма қабылданды. Бұл норманы Асхат Аймағамбетовпен бірге ұсындық. Қазіргі уақытта азаматтардың жалақысынан ұсталатын 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасынан жиналған қаражаттың басым бөлігін Ұлттық банк басқарады. Енді зейнетақы жинағыңыздың 100 пайызын кімге сеніп тапсыратыныңызды өзіңіз шешесіз. Қаражатты бірнеше бөлікке бөліп, әртүрлі басқарушы компанияларға да беруге болады.
Тіпті еліміздегі құмар ойындар мен бәс тігудің зиянына қарсы шығып, Үкіметке бірнеше рет қатаң депутаттық сауал жолдаған 9 депутаттың бірімін. Біз сол кезде Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді екенін, тіпті жүздеген мың оқушының ойын ойнайтынын жария еттік. Сол сияқты жедел жәрдем қызметкерлерін қорғау үшін Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдататын арнайы 380-3-бап енгізілді. Осы заңның авторы болған 4 депутаттың ішіндемін. Дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне кәсіби міндеттерін атқару кезінде күш көрсетіп, шабуыл жасағандарға қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Бұдан былай азаматтарымыз Оңтүстік Кореяға барып, заңды түрде жұмыс істей алатын мүмкіндікке ие болды. Бұл мәселе бойынша 23 депутат сауал жолдап, 3 жыл бойы министрлікпен бірге жұмыс істеді. Айта берсем, шешімін тапқан түйткіл көп. Заңсыз лотерея ұйымдастырған блогерлерді де жауапқа тартатын норма қабылданды. Ол ол ма, екі рет депутаттық сауал жолдап, орманшылардың жалақысын екі есеге дейін көтерілуіне қол жеткіздік. Меніңше, 3 жылда біраз шаруа атқарылды. Берілген мүмкіндікті барынша пайдаландық.

– Жалпы, қоғамда «Партияға мүше болған журналист қаламмен қоштасуы керек» деген пікірді жиі естиміз. Бұған не дейсің?
– Мен ешқашан журналистикадан кеткен жоқпын. Депутат болып жүргенде бізге шығармашылық және ұстаздық етуге мүмкіндік берілді. Оған ешқандай мәселе туындамады. Сондықтан тәжірибемді жоғалтып алмау және ұштау үшін журналистикадан қол үзбедім. Әлі де жұмыс істеймін деп ойлаймын. Журналист – дипломға байланып қалған дүние емес. Бірақ журналист болатын адам журналистика факультетін оқу керек деп санаймын. Өзім де ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегімін. Кәкен Қамзин бастаған ұстаздардың алдын көрген шәкіртпін. Журналистика – менің сүйікті мамандығым. Және журналист ретінде жұмысыма елдің көңілі толды деп ойлаймын. Сондықтан студия, мәтін жазу, эфир жүргізу, шығармашылық ұжымға жетекшілік ету – менің стихиям. Демек, журналистикадан ешқашан кеткен жоқпын, кетпеймін де. Дәлірегінде, бұл салаға келдім және кеттім деп айта алмаймын. Парламент мәжілісі депутаты ретінде жақсы жұмыс істеп, өзіме берілген міндетті атқардым деп білемін. Әрине, кейбір қолға алған мәселені соңына жеткізіп, аяқтай алмаған шығармыз. Бірақ бұл өмір ғой. Депутаттық мәңгі берілген қызмет емес. Мерзімінде келесің, одан да кететін күнің туады. Кез келген қызметке, әсіресе саяси қызметке келгеннен гөрі, қалай кеткенің маңызды. «Не тындырдым? Не атқара алдым?» деген сауал қойған жөн. Сол себептен уақытша берілген қызмет пен мүмкіндікті елдің мүддесі үшін табысты пайдаланып, соған сай жұмыс істедім деп ойлаймын.
– Әріптес Халима Тәжіқұл әлеуметтік желідегі жазбасында: «Журналист Құрылтайдан дәмелі боп, партияға өткен сәттен бастап журналист емес. Себебі бір партияның мүддесі үшін жұмыс істей бастайды, бейтарап принципін бұзады. Сондықтан мандатқа ие болған бұрынғы журналисті экс-журналист деген дұрыс», – дейді. Бұл жөнінде пікірің қандай?
–Ағылшын жазушысы Эвелин Беатрис Холл «Мен сіздің пікіріңізбен келіспеуім мүмкін, бірақ оны айту құқығыңыз үшін өмірімнің соңына дейін күресуге дайынмын» деген екен. Сондықтан әркім өз пікірінің қожасы. Егер азаматтар солай десе, оның да заңдылығы бар шығар. Әр әріптестің пікірін сыйлаймын. Өз саламыздағы сөз ұстаған азаматтардың сөзіне төрелік айтудан аулақпын. Ең бастысы, шығармашылыққа деген құлшынысы бар адам кез келген уақытта творчествалық қызметін жалғастыра алады деп санаймын. Бұл – менің жеке ойым. Себебі шығармашылыққа жаны жақын адам одан бір сәтте қол үзіп кете алмайтын шығар. Десе де, кез келген азаматтың өзіндік пікірі бар, сондықтан барлығына құрметпен қарау дұрыс деп санаймын.
– Бұған дейін де Парламентке, қазір Құрылтайға шығармашылық орта өкілдерінің – ақын-жазушылар, журналистер, блогерлердің келуіне қарсылық білдіретіндер аз емес. «Парламент – кәсіби заң шығарушылардың, ал журналист пен блогердің орны басқа» деген пікір бар. Қазір Құрылтай құрамында 11 журналистің болуы осы пікірді қайта күн тәртібіне шығарды...
– Кім барса да, ел үшін еңбек етсін, қызмет атқарсын. Мысалы, журналист барғаннан кім ұтылды? Мамандыққа бола шүйлігудің қажеті жоқ. Кез келген депутат үдеден шығып, нәтижелі жұмыс істесе, болды емес пе?! Ал Құрылтайға өткен әріптестерге де, басқа депутаттарға да сырттай баға бергенім дұрыс емес. Бізге де кезінде сын көп айтылды. Бардық, көрдік, тәжірибе жинадық. Ең бастысы, айтылған сынмен келісе, қабылдай отырып жұмыс істеу керек. Ал өзім VIII шақырылымда бірге жұмыс істеген барлық әріптесті ерекше құрметтеймін. Иә, оның көбі халық алдына шығып, сұхбат беріп, жұртқа танымал болмаған шығар. Бірақ құжатты саралап, зерделеп, тізе қосып, қайраткерлік жасағандар өте көп.
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы