Әлеумет

Трамптың ұлдары Қазақстандағы АҚШ инвестицияларынан пайда көрмек

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына салынған америкалық инвестициялардан пайда көруі мүмкін.

Трамп ұлдарымен

Бұл туралы The New York Times басылымының зерттеуінде айтылған.

Басылымның мәліметінше, АҚШ пен Қазақстан 2025 жылдың қарашасында елдегі ең ірі екі вольфрам кен орнын игеру туралы келісім жасаған. Жобаның 70 пайызы америкалық инвестициялық компанияға (сол кездегі атауы – Cove Kaz Capital), ал 30 пайызы «Тау-Кен Самұрық» компаниясына тиесілі болған.

NYT дерегінше, келісім жарияланардан бірнеше ай бұрын Трамптың ұлдары Дональд Трамп-кіші мен Эрик Трамптың иелігіндегі Dominari Securities компаниясы шығынға батып жүрген Skyline Builders жол-құрылыс компаниясын сатып алған. Кейін Skyline Cove Kaz Capital компаниясының 20 пайыз үлесіне ие болған.

Бірнеше корпоративтік өзгерістен кейін компания атауын Kaz Resources деп өзгертіп, 2026 жылдың сәуірінде қор биржасына шыққан. Осы уақытқа қарай Қазақстандағы вольфрам жобасының операторы ретінде АҚШ федералдық бюджетінен 1,6 миллиард доллар алатыны белгілі болған. Бұл шешімді Трамп әкімшілігі мақұлдаған.

Басылымның жазуынша, акциялардың биржаға шығарылуы инвесторларға, оның ішінде Трамптың ұлдарына, Қазақстанда вольфрам өндірісі басталмай тұрып-ақ бірнеше миллион долларлық табыс табуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар АҚШ Сауда министрі Говард Лютниктің балалары да бұл жобадан пайда көргені айтылады. Өйткені олардың үлесі бар Cantor Fitzgerald инвестициялық компаниясы қазақстандық жобаға инвестиция тартумен айналысқан.

Демократтар Конгрестен тексеру жүргізуді талап етті

The New York Times мұндай тәжірибе жалғыз жағдай емес екенін жазады. Басылым мәліметінше, Трамп пен Лютниктің туыстары АҚШ-тың сирек кездесетін металдарды өндіруге қатысты федералдық жобаларына қатысатын кемінде 14 компаниямен байланысты.

Орегон штатынан сайланған демократ конгрессмен Максин Декстердің айтуынша, Конгресс салық төлеушілердің қаражаты қоғам игілігі үшін жұмсалып жатқанын, ал билікке жақын адамдардың жеке баю құралына айналмағанын тексеруі тиіс.

Ал Ақ үй мен АҚШ Сауда министрлігі Трамп әкімшілігі мемлекеттік шешімдерді отбасының бизнесімен заңсыз байланыстырды деген айыптауларды жоққа шығарды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз