Саясат

Трамптың партиясы Конгресс сайлауында жеңіліп жатыр

АҚШ-та өткен аралық сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша Демократиялық партия Сенат пен Өкілдер палатасында көпшілік орынға ие болды.

Трамп

Америкалық БАҚ жариялаған мәліметке сәйкес, демократтар Сенаттағы кемінде 54 мандатты иеленіп отыр. Дауыс санау әлі жалғасып жатқандықтан, партияның түпкілікті басымдығы кейін белгілі болады.

Демократтар бұл жолы республикашылдардың дәстүрлі тірегі саналатын Техас пен Канзас штаттарында да жеңіске жетті. Техаста Джеймс Таларико президент Дональд Трамп қолдаған республикашыл Кен Пакстоннан басым түсті. Алдын ала есеп бойынша, Таларико сайлаушылардың 53 пайыздан астам дауысын жинаса, оның қарсыласына 44 пайызға жуық адам дауыс берген. Бұл – 1988 жылдан бері Техастан Сенатқа демократиялық партия өкілінің алғаш рет сайлануы.

Канзаста демократ Адам Хэмилтон қазіргі сенатор, республикашыл Роджер Маршаллды жеңді. Хэмилтон 50 пайыздан астам дауыс жинаса, қарсыласы 46 пайыз қолдауға ие болған. Бұл штаттан демократтар Сенатқа соңғы рет 1932 жылы өкіл жіберген еді. Содан бері жоғарғы палатада Канзас атынан тек республикашылдар сайланып келген.

The Hill басылымының жазуынша, бір жыл бұрын демократтардың Сенаттағы мұндай нәтижеге қол жеткізуі екіталай саналған. Алайда Трамптың рейтингі төмендеп, республикашылдардың, тіпті бұған дейін сенімді қолдауға ие болған штаттардағы позициясы әлсіреген. Сайлау науқаны кезінде сарапшылардың басым бөлігі демократтардың Сенатты бақылауына алу мүмкіндігін 50 пайыздан төмен бағалаған.

Өкілдер палатасында да демократтар көпшілік орынға ие болды. Алдын ала мәлімет бойынша, партия төменгі палатада 225-тен астам мандат алуы мүмкін. Дегенмен 435 округтің шамамен 80-інде дауыстар әлі саналып жатыр. Бұған дейін Өкілдер палатасын республикашылдар аз ғана басымдықпен бақылап келген.

Сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірген Дональд Трамп демократтармен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. The New York Times басылымына берген сұхбатында ол сайлау нәтижесін қабылдайтынын және елдің өркендеуі үшін қарсы партиямен бірлесе әрекет етуге ниетті екенін жеткізді.

Сонымен бірге Трамп Truth Social желісіндегі жазбасында республикашылдардың жеңілісін өзінің сайлау бюллетенінде болмағанымен түсіндірді. "Егер мен бюллетеньде болғанда, біз үлкен басымдықпен жеңер едік", – деп жазды ол.

 

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз