Әлеумет

Тіс емдетуге барған сау баланың жақ сүйегі зақымданған: анасы дәрігерлердің әрекетіне наразы

Қарапайым ғана профилактикалық тексеріс үшін тіс дәрігеріне жүгінген баланың тағдыры бірнеше айдың ішінде түбегейлі өзгерді. Ақтаулық жеткіншек тіс емдетемін деп барып, бірнеше күрделі отаны бастан өткеріп отыр. Дәрігерлердің салғырттығынан баланың төменгі жақ сүйегінің 60-70 пайызы зақымданған. Ал анасы Ақмарал Қалжанова баласын бұл жағдайға жеткізгендердің жазадан сытылып кетпей, заң алдында жауап беруін талап етуде.

Тіс емдеу

Оқиға 2026 жылдың 26 ақпанында басталған. Ақтаулық Ақмарал Қалжанова егіз ұлдарын ертіп, Маңғыстау облыстық стоматологиялық клиникаға барады. Сол уақытта ұлы Жанәділдің тісі ауырып жүргендіктен дәрігерге қаралады. Ал Нұрәділдің тісін тек тексерістен өткізіп алмақ болады. Тексеруден кейін дәрігер Жанәділдің тісін жұлып, ал Нұрәділге тісжегін емдеу шарасын тағайындайды.

«Ұлым Нұрәділ екеуміз №211 кабинеттегі дәрігердің қабылдауына кірдік. Ол баланың ауыз қуысын жансыздандыратын екпе салу үшін бізді басқа кабинетке жіберді. Балама екпе салынғаннан кейін қайтадан тіс дәрігерінің алдына бардық. Қабылдаудан кейін дәрігер екі аптадан соң қайта келетінімізді айтты. Осылайша келесі қабылдаудың күні мен уақытын жазып берді», – дейді Ақмарал Қалжанова.

Анасы баласын ертіп, белгіленген уақытта клиникаға келеді. Бірақ бұл кезде оларды басқа тіс дәрігері қабылдайды.

«Ол дәрігер біздің алдыңғы қабылдауда болғанымыз туралы мәліметтің дерекқорда да, тіркеу журналында да жоқ екенін айтты. Соған қарамастан, емдеу шарасын жалғастырды. Сол күні дәрігер баламның тісіне күшәла (мышьяк) қосылған паста салып берді. Пастаны алып тастау үшін үш күннен кейін қайта келуді, кейін емді жалғастырып, тағы бір қабылдауға жазылуды тапсырды», – дейді анасы.

Нұрәділ
Фото: Жеке мұрағатынан

Осыдан кейін жеткіншектің тісі қатты ауыра бастаған. Анасы 19 наурызда қабылдауға қайта барып, ауырсыну белгілерінің бар екенін айтқан. Дәрігер болса, оның қалыпты жағдай екенін түсіндіріп, тіске қайтадан күшәла пастасын салып береді. Осылайша олар ана мен баланы кабинетінен шығарып жібереді. Аталмыш пастаны 22 наурызда алып тастап, 25 наурызда қайта емдеуге келуі керек болған.

«22 наурызда қаралуға келгенімізде ұлымның қызыл иегі қызарып, ауыз қуысының ішінде де, бетінің сыртында да ісік пайда болғанын көрдік. Балам тісінің қатты ауырып жатқанын айтты. Мен баламның жағдайын дәрігерге ескерттім. Алайда маған тек ауызды тұзды сумен шаюға кеңес беріп, емдеуші дәрігердің келесі қабылдауын күтуді ұсынды. 25 наурызда біз тағы да тіс дәрігердің қабылдауына бардық. Баланы қарап шыққан соң ол ісік қайтпайынша емді жалғастырмайтынын айтты. Берген жалғыз кеңесі – ауыз қуысын тұзды сумен шаю және хлоргексидинмен өңдеу болды. Мен дәрігердің берген нұсқауын бұлжытпай орындадым. Күшәла алынғаннан кейін тісте ашық қуыс қалып қойды. Тамақ ішкен кезде оған стерильді мақта қойып, кейін алып тастап, жараны өңдеп отырдым», – дейді А.Қалжанова.

Соған қарамастан, баланың жағдайы күн сайын нашарлай берген. Қатты ауырсынудың жанына батқаны өз алдына, баланың дене қызуы да көтеріле бастаған.

«Кезекті рет өңдеу кезінде тісі түбірімен бірге өздігінен түсіп қалды. Сол сәтте шіріктің иісі шықты. Мен жағдайдың күрделенгенін түсіндім. Осыдан кейін облыстық стоматологиялық клиникаға баруды тоқтатып, жеке медициналық орталықтардан көмек іздей бастадым. Баламның жақ сүйегін бірнеше рет рентгенге түсірді. Кейін дәрігерлер үш өлшемді компьютерлік томография жасауды ұсынды. 3D томография нәтижесін көрген хирург аурудың тым асқынып кеткенін айтып, балама шұғыл ота қажет екенін жеткізді», – дейді ана.

Алайда Ақтауда ешқандай клиника мұндай отаны жасай алмайтын болып шығады, сол себепті олардың Алматыдағы немесе Астанадағы мамандандырылған клиникаларға баруына тура келеді. Анасы рентген суретті Алматыдағы клиникалардың біріндегі профессорларға жібереді. Олар зерттеу нәтижесін қарап шығып, уақыт жоғалтпай Астанадағы Ұлттық онкологиялық орталыққа жүгінуді ұсынды. Дәрігерлер бұл жағдайда әрбір минуттың маңызды екенін түсіндірген.

«Астанаға аттанар алдында Маңғыстау облыстық стоматологиялық клиникасының бас дәрігерімен кездесіп, болған жағдайды толық баяндадым. Ұлымның тісін тексеріп шыққаннан кейін клиника басшылығы емдеу барысында қателіктер жіберілгенін мойындады. Сонымен қатар емдеуші дәрігер де өз кінәсін түсінді. Осыдан кейін бізге Астанадағы Ұлттық онкологиялық орталыққа және жақ-бет хирургиясы бөліміне жолдама берілді. 19 мамырда біз Астанаға келдік. Онкологиялық орталықтағы тексеруден кейін дәрігерлер баламда онкологиялық ауру жоқ екенін айтты. Мамандар сүйектегі өзгеріс тісті дұрыс емдемеудің салдарынан пайда болғанын анықтап, бізді шұғыл түрде жақ-бет хирургиясы бөліміне жіберді. Сол күні бізді бөлім меңгерушісі қабылдады. Тексеріп, компьютерлік томография жасағаннан кейін балам шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды», – дейді Ақмарал Қалжанова.

Осылайша, 20 мамырда Нұрәділге күрделі ота жасалады. Дәрігерлер баланың төменгі жақ сүйегінің зақымданған бөлігін алып тастауға мәжбүр болады. Себебі сүйекте шірік пайда болып, сүйек тінінің некрозы басталған еді. Алғашқы ота кезінде тағы бірнеше тісін жұлуға тура келді. Балаға төменгі жақ сүйегінің остеомиелиті және сүйек секвестрі диагноз қойылған.

«Бүгінгі күнге дейін біз Астанада ем қабылдап жүрміз. Мен бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп, тәуелсіз медициналық сараптама жүргізуді және кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды сұрадым. Алайда маған тек дәрігерге қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны ғана хабарланды. Сонымен бірге сот-медициналық сараптама менің шағымымды негізді деп таныды. Сарапшылардың қорытындысында емдеу дұрыс диагноз қойылмаудан басталғаны, ал дұрыс жүргізілмеген емнің салдарынан 3.6 тіс аймағындағы одонтогенді патология созылмалы деструктивті одонтогенді остеомиелитке ұласып, секвестрлердің түзілуіне және төменгі жақ сүйегінің сол жақ бөлігінің некрозына әкелгені көрсетілген», – дейді анасы.

Ақмарал Қалжанова әрбір қабылдауға барғанын растайтын фото және видео дәлелдерді сақтап қойған. Оның сөзінше, бұл материалдар өзіне дәл ем қабылдауға жолдама берілген күндері түсірілген.

Сондай-ақ Ақмарал Қалжанова баласының медициналық картасын алған кезде онда шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтердің енгізілгенін анықтаған. Оның айтуынша, құжатта алғашқы қабылдауда балаға «пломба» қойылғаны көрсетілген. Алайда анасы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартады.

Нұрәділ
Фото: жеке мұрағатынан

Асыр салып ойнап жүрген баланың мұндай жағдайға түскенін көру анасына ауыр тиген. Ол бұрынғыдай спортпен де айналыспайды, қатарластары сияқты ойнап, толыққанды өмір сүре алмайды. Тамақты да шайнап жей алмайтын халге түскен. Қазір ол тек жұмсақ, сұйық тамақтарды ғана талғажау етеді. Бастапқыда мүлде тамақтана алмай, түтікшемен қоректенген. Алда оны тағы бір ота күтіп тұр, содан кейін ұзақ оңалтудан өтеді. Дәрігерлердің айтуынша, импланттарды тек 17-18 жасқа толғаннан кейін ғана орнатуға болады.

Облыстық стоматологиялық орталық аталмыш жағдайға қатысты қызметтік тексеріс жүргізгенін мәлімдеді. Тексеріс қорытындысы бойынша кінәлі деп танылған дәрігерлерге мекеме директорының бұйрығымен тәртіптік жаза ретінде сөгіс жарияланған. Сондай-ақ тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша дәрігерлер тарапынан медициналық көмектің тиісінше көрсетілмегені анықталған.

«Менің балам дәрігерлердің салғырттығынан жапа шекті. Осы іске кінәлі барлық тұлғаның заң аясында жауапқа тартылуын талап етемін. Баламның басына түскен қиындыққа тиісті құқықтық баға берілуі керек деп санаймын», – дейді ашынған ана.

Ақмарал Қалжанова дәрігерлердің жазасы тек сөгіспен шектелгеніне наразы. Сол себепті ол аталмыш клиниканың үстінен полицияға арыз жазған.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Маржан Сәбет

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз