Цифрлы валюта: Теңгенің арғы беті
Өткен жылы қараша айында Қазақстан ұлттық валютасының 30 жылдығына орай жаңа валюта нысаны цифрлық теңгені бөлшектік айналымға енгізді.
2021 жылдан бастап қолға алынған «Цифрлық теңге» жобасы 2025 жылы толық іске қосылмақ. Бұл жолы жобаның бірінші кезеңі қорытындыланып, ұлттық валютаның Mastercard платформасында Еуразиялық банк шығарған жаңа дебеттік картасының тұсауы кесілген. Мамандар цифрлық теңгенің мемлекеттік шығыстардың атаулылығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, дәстүрлі қаржы және цифрлық активтер арасындағы айналымның бір түрі ретінде қолданысқа енетіндігін айтады. Жалпы цифрлы валюта дегеніміз не? Оның артықшылығы мен кемшілігі неде осы және өзге де сұрақтардың жауабын тиісті мамандардан сұрап, зерттеп көрдік.
– Цифрлы теңгенің басты артықшылығы неде?
Айбар Олжай,
макроэкономика сарапшысы:
– Цифрлық теңге (CBDC) орталық банктердің цифрлы валютасы. Бұл бастаманың бізге берер пайдасы мол. Жалпы цифрландыруға толық көшеміз десек, ақша транзакцияларының барлығын цифрландыруымыз керек. Бұл эмиссия жасау, яғни теңгені банкноттарға басып шығаруға кететін күрделі технологиялық процестердің шығындарын ақырындап азайтып, процестердің оңтайлануына әсер етеді. Екінші жағынан цифрлы теңгеде блокчейн технологиясы, яғни транзакциялар тізбегі, бәрін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы жалған ақша жасау сияқты көптеген алаяқтықтардың жолын бөгеуге болады. Негізінен СBDC-дің басты артықшылығы оның ашықтықты қамтамасыз ете алатындығында. Мемлекеттік қаржы, қызметтер мен тауарларды толықтай цифрландыру арқылы тапсырыс беру мен орындаушы арасындағы барлық процесті қадағалай алады.
– Цифрлық теңгені белгілі бір мақсаттарға сай программалауға, шектеу қоюға болады дейді. Осы туралы тарқата айта кетсеңіз. Оның пайдасы қандай?
Әсемгүл Айтпишева,
Цифрлық теңге жүйесінің басқарма басшысы:
– Ұлттық цифрлық валютаның бағдарламалануы оның бірегей артықшылықтарының бірі. Бұл қолма-қол және қолма-қол емес есеп айырысулар үшін бұрын қол жетімді болмаған кейбір мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жағдай жасап отыр.
Цифрлық теңгені бағдарламалау транзакцияларды тек белгілі бір тауарлар үшін немесе белгілі бір уақыт режимінде төлеуге шектеу қойып, цифрлық ақшаны басқару арқылы тиімділікті арттыруға және алаяқтықты анықтаудағы олқылықтарды жоюға, сондай-ақ пайдаланушылар талап ететін смарт келісімшарттар сияқты инновациялық қызметтерді енгізуге ықпал етеді. Мәселен, мектеп жасындағы балалардың ата-аналары цифрлық теңгедегі карта ашу арқылы баласына сатып алуға болатын заттардың тізімін енгізіп, стоплист қоя алады. Яғни бала темекі, алькоголь сияқты тауарларды ол қаражат арқылы сатып ала алмайды.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, қазір әлемнің бірнеше елінің орталық банктері цифрлық ақшаны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп жатыр. 15 ел іске қосу кезеңінде тұр, оның ішінде Қазақстан да бар. Ал Atlantic Council жариялаған деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде 10 мемлекет орталық банктің сандық валютасын қолданысқа енгізіп үлгерген. Дегенмен бұл тұста кейбір әлем елдерінде аталмыш бастамаға қарсылықтың да бар екендігі аңдалады. Мәселен, «цифрлық ақша» америкалықтардың 16 пайызының ғана қолайына жаққан көрінеді. Себебі жеке деректердің құпиялығы, қиберқауіпсіздік мәселесі мен мемлекеттің транзакциялық тізбектер арқылы бақылау мүмкіндігі жеке деректерге қол сұғып, абсолютты басқаруға жол ашады дейді.
– СВDC айналымға енген соң бүкіл аударымдар, мәліметтер ашықтыққа енеді. Бұл адамдардың ақпараттық құпиялылығына, қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей ме?
Әсемгүл Айтпишева:
– ЦТ енгізудің негізгі қағидаттарына деректерді қорғау, операциялық тұрақтылық және киберқауіпсіздік жатады. Орталық банктердің цифрлық валюталарына арналған қолданыстағы платформалардың кибершабуыл сынақтарына шолу жасалды. Айта кету керек, көптеген тәуекелдер цифрлық валютаның технологиялық инфрақұрылымының дизайнына және жүйенің талаптарына байланысты әртүрлі қасиеттердің конфигурациясына байланысты. ЦT пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін Corda платформасының таратылған тізілімдер технологиясы таңдалды, оның ішінде қауіпсіздік пен құпиялылық себебі де болды. Бұл шешім анонимділік пен құпиялылықты басқаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында сынақтан сәтті өткен гипотезалардың қатарына транзакциялардың қауіпсіздігі жатады. ЦТ қолданумен транзакциялар, ең болмағанда, ақпараттық қауіпсіздік пен құпиялылық деңгейі бойынша қолма-қол ақшасыз операциялардан кем түспейтін болады.
Мақсат Халық, экономист:
– Меніңше, қазіргі уақытта адамдардың жеке мәліметтері онсыз да тарқап кетіп жатыр. Тіпті жеке мәліметтердің саудаланып жатқаны да жасырын емес...
Шыны керек, нарыққа әлі шықпағандықтан біз бұл туралы әзірге ештеңе айта алмаймыз. Дегенмен цифрлық теңгенің криптовалюталарға негіз болған блокчейн технололгиясы арқылы жасалғанына қарасақ, оның тарихы белгілі бір алгоритмдермен тізбектеледі. Бұл тек әрбір транзакцияның, төлемнің қай жерде, қалай жасалғанын анықтауға, қадағалауға болады деген сөз.
Біз сарапшы ретінде «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-қазынаның» қарамағындағы ұлттық компаниялардың да барлығының мемлекеттік сатып алуларға қатысу процесін цифрлық жүйеге өтіп, ашықтықты қамтамасыз етсе деп ұсыныс жасап жатырмыз.
Сандық ақша төңірегіндегі пікірталасқа себеп болып отырған тағы бір тақырып, сандық жүйеге әлдеқашан көшкен елдердің тәжірибесі. Мәселен, Нигерия 2021 жылдан бастап цифрлы валютаға көшкен болса да, халық қолма-қол ақшаны әуре көрмей, жаңа нысанға аса көңіл аудара қоймаса керек. Түрлі жеңілдіктер, ынталандырулар айтарлықтай нәтиже бермеген соң үкімет тізеге салып, қолма-қол ақшаны шектеу арқылы экстремалды шараларға жүгінген.
Желтоқсан айында Нигерияның Орталық банкі жеке тұлғалар үшін апта сайынғы қолма-қол ақшаны 100 000 найрға (225 доллар), ал заңды тұлғалар үшін 500 000 найрға (1123 доллар) дейін шектей бастады. Нигериялықтар цифрлық ақшаға көшудің орнына шектеулерге қарсы наразылық танытып отырғанына қарамастан, Орталық банк менеджері Годвин Эмфиле Нигерия 100% цифрлық экономикаға қол жеткізетінін айтады.
Әлем бойынша алғашқылардың бірі болып цифрлы валютаға өткен Эквадор елінің де тағдыры осыған ұқсас. Өзінің долларға негізделген ақша жүйесін қолдау үшін Эквадор үкіметі dinero electrónico-ны қолданысқа енгізгенімен, ақыр соңында артылған үміт ақталмады. 2017 жылдың 31 наурызында жүйе толығымен жойылып, барлық шоттар жабылатынын жергілікті El Universo газеті хабарлаған.
Джордж Мейсон университетінің экономика профессоры Лоуренс Генри Уайт мұның басты себебі пайдаланушылардың жеткілікті санын тарта алмау болды дейді. Елде барлығы 402 515 шот ашылғанымен, олардың тек 41 966-сы ғана тауарларды сатып алу немесе төлем жасау сияқты қызметтерді пайдаланса, қалған 286 207 шот (шамамен 71 пайыз) аса бір ынта білдіріп, белсенділік таныта қоймаса керек. Себебі халық орталық банк валютасына институт ретінде сенбеді, – дейді сарапшы.
– Қазақстан халқы жаңа валюта нысанын қалай қабылдайды деп ойлайсыз? Аталмыш елдердегі жағдай бізде де қайталануы мүмкін бе?
Мақсат Халық:
– Мүмкін. Бізде банктік аударымдар халық арасында кең таралды ғой. Себебі қолдануға ыңғайлы. Ал енді цифрлық теңге қаншалықты ыңғайлы болады? Бұл да белгісіз мәселе. Ал егер бұл енгізіліп жатқан цифрлық теңге кәдімгі каспи аударымдары сияқты қолайлы болмаса, азаматтар қолданудан бас тартуы әбден мүмкін. Дегенмен ЦТ-мен жасалған төлемдерге бонус беру деген сияқты арнайы саясаттар арқылы халықты ынталандыруы мүмкін.
Әсемгүл Айтпишева:
– Айта кету керек, цифрлық теңге – қолма-қол және қолма-қол ақшасыз қаражатты жоққа шығармайтын есеп айырысудың үшінші нысаны. Ең алдымен ЦT төлем құралы екенін ескеру керек. Оның негізгі міндеті – төлем операцияларын жүргізу кезінде тиімділікті, қауіпсіздікті және қолжетімділікті қамтамасыз ету. Цифрлық теңгені енгізу үшін оны әрбір азаматтың пайдалануы міндетті емес, бірақ ол қолданыстағы қолма-қол және қолма-қол ақшасыз қаражаттарда шектеусіз пайдаланылатын құралдарды кеңейтуге мүмкіндік береді. ЦТ интернет қолжетімсіз жерлерде, офлайн режимде төлем жасау, смарт-келісімшарттар, жылдам аударымдар мен төлемдерді автоматтандыру сияқты жаңа функционалдық мүмкіндіктерді ұсынады. Ал сіз айтқан Нигерия мысалын алатын болсақ, олар қолма-қол ақша алуға лимит қойған. Бұл цифрлы валютаның артықшылығын көрсетпейді. Бізде бұл жағдай, керісінше, нарыққа ЦТ енгізудің бүкіл артықшылықтарын көрсете отырып жұмыс жасаймыз.
Қосқанат Бауыржан