Оқиғалар

Цифрлық қақпан немесе сенім саудасы

Соңғы жылдары интернет алаяқтық әлемнің көптеген мемлекеттері үшін аса өзекті мәселелердің біріне айналды. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, онлайн қызметтердің кеңінен қолданысқа енуі халықтың күнделікті өмірін жеңілдеткенімен, сонымен бірге қылмыстың жаңа әрі күрделі түрлерінің көбеюіне жол ашқандай.

хакер

Бүгінде алаяқтар адамдардың банк карталары, жеке деректері, әлеуметтік желідегі аккаунттары немесе несие рәсімдеу мүмкіндігі арқылы пайда табудың түрлі айла-тәсілдерін меңгерген. Әсіресе өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіру тәсілі әлемнің көптеген елдерінде кең таралған қылмыстық схема саналады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қылмыстармен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, сонымен бірге қоғамның цифрлық сауаттылығын арттырумен де тікелей байланысты. Сондықтан көптеген мемлекеттерде интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында құқықтық жауапкершілік күшейтіліп, тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Осындай қылмыстардың тағы бірі Түркістан облысында анықталды. Өңір полицейлері өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, тұрғынды төмен пайыздық мөлшерлемемен 2,5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп беремін деп алдаған күдіктіні ұстады. Алаяқ азаматтың сеніміне кіріп, тиімді қаржылық ұсыныс жасағандай әсер қалдырған. Соның нәтижесінде жәбірленуші оның сөзіне иланып, алаяқтың айласына түскен.

Аталған дерек бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтады. Тергеу барысында оның Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап, оның басқа да қылмыстық әрекеттерге қатыстылығын тексеріп жатыр. Тергеу жұмыстары барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы үш интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар екені анықталған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығын көлемі 7 млн теңгеден асады. Бұл бір ғана күдіктінің бірнеше азаматты алдап, қомақты қаржыға қол жеткізгенін көрсетеді. Мұндай көрсеткіш интернет алаяқтықтың кездейсоқ әрекет емес, алдын ала жоспарланып, бірнеше эпизод бойынша жүзеге асырылатын ұйымдасқан қылмыс түріне айналып бара жатқанын аңғартады.

Түркістан облысы полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Әбдірахманқызының айтуынша, тергеу барысында күдіктінің бірнеше интернет-алаяқтық қылмысына қатысы анықталған. Шығынның жалпы көлемі 7 млн теңгеден асады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарға әлеуметтік желілерде жарияланған күмәнді хабарландыруларға сенбеуге, белгісіз адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қарауға, жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеуге және бейтаныс адамдардың есепшоттарына ақша аудармауға кеңес береді. Сарапшы Гүлнұр Берікболқызының айтуынша, интернет алаяқтарының басты қаруы адамның психологиясы екен.

«Көпшілік күрделі бағдарламалар немесе хакерлік шабуылдардан қауіптенеді. Ал шын мәнінде қылмыскерлердің басым бөлігі азаматтың сеніміне кіріп, оны асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлейді. Сондықтан ең алдымен адамдардың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет деп есептеймін. Ешбір банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі телефон арқылы SMS-кодты, банк картасының толық деректерін, мобильді банкингтің құпиясөзін сұрамайды. Егер сізді қорқытып, «дәл қазір әрекет етпесеңіз, шотыңыз бұғатталады», «атыңызға несие рәсімделіп жатыр» немесе «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген сияқты сөздер айтылса, әңгімені бірден тоқтатқан дұрыс. Өйткені алаяқтардың негізгі мақсаты – адамға ойлануға уақыт бермей, эмоцияға сүйеніп әрекет жасату. Тағы бір маңызды мәселе – азаматтар әлеуметтік желілерде жеке мәліметтерін шамадан тыс жарияламауы керек. Өйткені алаяқтар ашық ақпараттың өзін пайдаланып, сенімге кірудің түрлі тәсілдерін ойлап табады. Меніңше, интернет алаяқтықпен күрес тек қылмыскерлерді ұстаумен шектелмеуі тиіс. Бұл – мемлекет, қаржы ұйымдары, байланыс операторлары және қоғам бірлесіп атқаратын жүйелі жұмыс. Әрбір азамат күмәнді қоңырау мен хабарламаны тексеруді әдетке айналдырса, мұндай қылмыстардың саны да, одан келетін материалдық шығын да айтарлықтай азаяр еді», - дейді сарапшы.

Халықаралық тәжірибе де интернет алаяқтықпен күресте кешенді тәсілдің тиімді екенін көрсетіп отыр. Мәселен, Ұлыбританияда арнайы киберқылмысқа қарсы ұлттық орталықтар халықты алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы тұрақты түрде ескертіп отырады. Сингапурда банктер мен құқық қорғау органдары бірлесіп, күмәнді қаржылық операцияларды автоматты түрде анықтайтын жүйелерді енгізген. Ал Австралия мен Канадада тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында мектептен бастап егде жастағы азаматтарға дейін қамтылатын арнайы ақпараттық бағдарламалар іске асырылады. Мұндай тәжірибелер интернет алаяқтықпен күресте тек қылмыскерді ұстау жеткіліксіз екенін, ең алдымен азаматтардың ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін дәлелдейді.

Қазақстанда да соңғы жылдары киберқылмыспен күреске ерекше көңіл бөлініп келеді. Арнайы бөлімшелердің құрылуы, банктермен және байланыс операторларымен өзара іс-қимылдың күшеюі көптеген қылмыстың бетін ашуға мүмкіндік беруде. Дегенмен алаяқтар да технологиялық мүмкіндіктерді белсенді пайдаланып, өз тәсілдерін үнемі жетілдіріп келеді. Олар жасанды интеллект арқылы дауысқа ұқсастық жасау, жалған сайттар құру, мессенджерлерде жалған аккаунттар ашу, тіпті мемлекеттік органдардың немесе банктердің ресми нөмірлеріне ұқсас байланыс құралдарын пайдалану сияқты түрлі амалдарға жүгінеді. Сондықтан әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі мен сақтығы бұрынғыдан да маңызды бола түсті.

Мамандардың айтуынша, банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия кодтарды, карта нөмірінің толық мәліметтерін немесе мобильді банкингке кіруге қажетті ақпаратты сұрамайды. Сарапшы Гүлнұр Берікболқызының айтуынша, егер өзін қаржы ұйымының немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған адам шұғыл түрде ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе жеке деректерді жіберуді талап етсе, әңгімені бірден тоқтатып, ресми байланыс арналары арқылы ақпараттың шынайылығын тексерген жөн. Сондай-ақ кез келген қаржылық операцияны асығыс қабылдамай, жақындарымен немесе банк өкілдерімен қайта кеңесу де көптеген алаяқтық әрекеттің алдын алуға көмектеспек.

«Соңғы жылдары халықаралық құқық қорғау ұйымдары мұндай топтардың шекарадан тыс жұмыс істейтінін, жалған байланыс орталықтарын құрып, мыңдаған адамға бір мезетте хабарласып, әлеуметтік инженерия тәсілдері арқылы азаматтардың қаражатын иемденетінін анықтап келеді. INTERPOL-дың соңғы бағалауынша, қаржылық алаяқтықтан әлемдік экономикаға келген шығын 2025 жылдың өзінде 442 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ұйым бұл көрсеткіштің алдағы бірнеше жылда жасанды интеллект технологияларының кең таралуына байланысты одан әрі өсуі мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар 2024 жылдан бері қаржылық алаяқтыққа қатысты халықаралық іздеу жариялау және құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу саны 54 пайызға артқан. Бұл интернет алаяқтығының трансұлттық сипат алып, құқық қорғау органдары үшін де үлкен сынға айналғанын көрсетеді.

Тағы бір мәселе – адамдардың көбі алаяқтықтың құрбаны болғанын бірден мойындағысы келмейді. Ұялғандықтан немесе ақшасын қайтарып ала алмаймын деп ойлағандықтан құқық қорғау органдарына кеш жүгінеді. Ал уақыт – мұндай істердегі ең маңызды фактор. Егер азамат алғашқы минуттарда-ақ банкке және полицияға хабарласа, күмәнді аударымдарды тоқтатуға немесе қаражаттың қозғалысын анықтауға мүмкіндік көбейеді. Сондықтан қандай жағдай болмасын, болған оқиғаны жасырып қалмай, бірден тиісті органдарға хабарлау қажет», – деді маман. Түркістан облысында анықталған бұл оқиға интернет алаяқтықтың қоғам үшін әлі де өзекті қауіп болып отырғанын тағы бір мәрте көрсетті. Қылмыскерлер адамдардың сенгіштігін, қаржылық қиындықтарын немесе тиімді ұсынысқа қызығушылығын пайдаланып, заңсыз пайда табуға тырысады. Сондықтан құқық қорғау органдарының мұндай қылмыстарды дер кезінде әшкерелеуімен қатар, әр азаматтың цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауы, күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарауы және жеке мәліметтерінің құпиялығын қорғауы ғана интернет алаяқтықтың таралуына тосқауыл бола алады.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: хакер
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз