Түймебаевты Шөкеев алмастырды
Өмірзақ ШӨКЕЕВ Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалды.Осыған дейін премьер-министрдің орынбасары — ауылшаруашылығы министрі қызметін атқарған Өмірзақ Шөкеевтің осы апта басында жасақталған министрлер кабинетінің құрамына енбей қалғаны көпшілікті аң-таң қылғаны рас.
Бірақ, басқа-басқа билік эшалонында салмағы ауыр Өмірзақ Естайұлының қызметсіз қалуы мүмкін емес еді. Оның бар-жоғы бір жылдан астам уақыт ғана атқарған министрлік қызметінен кетуі жақын күндерде өңірлердің біріне әкім боп баратынын айғақтай түскен.Сөйткен жұрттың жорамалы рас боп шықты. Бүгін түс қайтадан бастап Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі қызметіне кірісіп кетті. Ол бұл қызметті бұрын да атқарған. 2006 жылдың қыркүйегі мен 2007 жылдың тамыз айы аралығында Ө. Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып, премьер-министрдің бірінші орынбасарлығына жоғарылап кеткен болатын. Шөкеев Оңтүстікке балалар ВИЧ ауруына шалдығып, ел іші аздап толқып тұрған кезде келді. Президент сол жолы Шөкеевтің іскерлігіне ғана емес, ел ішіндегі беделіне де сенім артқаны анық. Осынау 11 айдың ішінде Өмірзақ Шөкеев өңірдің елдің тұрмысын көтеріп, экономиканы жақсарта алды деп айтуға болады. Былтырғы жылдың соңында Ақордада Түркістан қаласындағы құрылыстарға байланысты бірнеше мәрте жиын өтті. Әрине, ақпарат құралдарында ашық жазылмаса да осынау жиындарда Түркістан облысының сол кездегі әкімі Жансейіт Түймебаевтың президенттен ұрыс естігені туралы әңгімелер там-тұмдап жетіп жатты. Президент Түркістандағы құрылыстардың тым сылбыр жүріп жатқанын сынға алған көрінеді. Әрине, Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ бұл облысты басқарған екі жарым жыл ішінде жұмысынан шикілік шыққан жері жоқ. Дегенменде облыс орталығы Түркістанға ауысып, Шымкенттей үлкен донорынан ажыраған бұл өңірге өте іскер әкім керек болғаны айдан анық. Бұл жағынан келгенде Түймебаевтың тірлігіне көңіл толмай тұрса керек.Сөйтіп, президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Өмірзақ Шөкеевке тағы үлкен жүк артты.Фото: zhasalash.kz