Түркістанның ауыл шаруашылығы жылды табысты аяқтады
«Егер шаруалар өзара бірігіп тірлік істесе, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп».
Түркістан қаласында облыс ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінң дәстүрлі «Altyn kúz-2021» шарасында сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді.
- Біз ауыл шаруашылығын дамыту бойынша агросала өкілдеріне, аудан әкімдеріне семинарлар өткізіп, түсіндіріп жатырмыз. Іріленген әрі біріккен шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару технологиясын пайдаланып, мол жетістікке жетуде. Ал бірікпеген, орташа шаруа қожалықтары үшін бір жерден жылына 2-3 өнім алу жобасы тиімді. Үй іргесіндегі жерін пайдаланушы ағайын тамшылатып суғару әдісін пайдалануда. Осы бағытта жұмыстар тоқтамауы керек. Өңіріміз агросала бойынша елімізде алдыңғы қатарда келеді. Бірақ өнімділікті тағы 2-3 есе өсіруге мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы үшін жыл табысты аяқталды, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері арасындағы келісімге сәйкес биыл «Достық» каналына мол деңгейде су келгенін, осы арқылы мақташылар жоғары түсімге қол жеткізгенін де атап өтті. Облыста каналдар жөнделіп, жаңа су қоймалары салынып жатқанын айтып, Түркістанның жан-жағына су жеткізіліп, қала жасыл шаһарға айналатынына сенімді екенін жеткізді.
Нағыз еңбек адамдарының мәртебесі асқақтаған жиында өңір басшысы бір топ азаматты Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төс белгісімен марапаттады. Түрлі салада үздік атанған аудан, қала әкімдеріне де құрмет көрсетілді. Сонымен бірге салтанатты жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев озат агроқұрылым өкілдерін марапаттаса, бір топ БАҚ өкіліне облыс әкімінің алғысхаттары тапсырылды. Кеш облыстың елге танымал өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрнектелді.