Түркия Израильдің Газа секторындағы әрекетін «геноцид» деп атады
Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан Израильдің Газа секторындағы халыққа қарсы әрекеттері геноцид екенін айтты.
Ол аталған мәлімдемесін Анкарада австриялық әріптесі Александр Шалленбергпен бірлескен баспасөз мәслихатында жариялады, деп жазады Anadoly агенттігі.
Фидан Газа секторындағы қазіргі соғыстың кенеттен басталмағанын, оның Израильдің Палестина жерлерін басып алуының салдары екенін атап өтті. Министр Израиль-Палестина қақтығысында Израиль басқыншы күш деп есептейді.
Фидан халықаралық қауымдастықтың бұл процесті тоқтату және Израильге қысым көрсету үшін ешнәрсе жасамағанын айтады.
«Барлығы жарылыс болатынын білді, бұл жарылыс 7 қазанда болды. Сөзсіз, Түркия 7 қазанда бейбіт тұрғындардың өлтірілуін айыптады, бұл біздің ұстанымымыз. Бірақ Израильдің жеті айдың ішінде мыңдаған жазықсыз палестиналықтарды жүйелі түрде өлтіруі, миллиондаған адамды күштеп көшіруі және тұтас бір елді мекенді тұруға жарамсыз етуі адамзатқа қарсы қылмыс болып табылады. Бұл – геноцид», – деді.
Түркия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Израильдің Газа секторында бүгінде палестиналық бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіруінің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германияның еврейлерді өлтіруі сияқты қылмыс екенін баса айтты.
«Бірақ мен бүгін жасалып жатқан істің бұрынғыдай қате екенін атап өткім келеді. Бүгінгі күнгі күнәсіз палестиналық балалар мен аналарды түнде төсегінде ұйықтап жатқанда күшті бомбалармен өлтіру - жазықсыз еврейлерді концлагерьлерде өлтіру секілді дұрыс емес әрекет», - деді Фидан.
Түркия Сыртқы істер министрі Еуропа елдерін бұл мәселеде әділ болуға шақырды.
Фото: aa.com.tr