Әлеумет

Турловтың компаниясы шығынды 613 млн долларға бағалады

Freedom мен ҚазТАГ ісі бойынша сот тергеуі айыптау актісін жариялаудан басталды. Айыпталушылар орнында төрт адам отыр.

Тимур Турлов


Олардың екеуі – Әмір Қасенов пен Жанна Қапароваға Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылса, Әсет Матаев пен Уәлихан Рамазановқа 293-бап («Бұзақылық») бойынша айып тағылған. Бұдан бөлек, Әсет Матаевқа 254-бап («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша да айып тағылып отыр.

Бұған дейін бұл іс бойынша негізінен қорғау тарапының уәждері ғана жарияланып келген еді. Енді прокуратура айыптау актісін оқып берді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, оқиғаның басталуына Жанна Қапарованың анасының брокерлік шотпен жұмыс істеу кезінде шығынға ұшырауы себеп болған. Айыптау актісінде Қапарова бұрынғы қызметкердің келтірілген шығынды өтейтін мүмкіндігі жоқ екенін түсініп, өтемақыны тікелей Freedom Finance АҚ-нан өндіруге бел буғаны айтылған.

Тергеу мәліметінше, ол компанияның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты шағымы бар басқа адамдарды біріктіріп, брокер мен оның акционері Тимур Турловқа қысым көрсету мақсатында ақпараттық науқан ұйымдастырған.

Айыптау тарапының пікірінше, бұл жоспарды жүзеге асыру үшін ҚазТАГ агенттігінің алаңы пайдаланылған. Тергеу нұсқасында агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов Қапаровамен құпия кездесуден кейін сайттың қаралымын, әлеуметтік желідегі аудиториясын және жарияланымдардың қоғамдық резонансын арттыру мақсатында көрінеу жалған ақпарат таратуға келіскені көрсетілген.

Айыптау актісінде Freedom Finance АҚ-ның келтірілген шығыны 613,4 млн АҚШ доллары немесе шамамен 319 млрд теңге деп көрсетілген. Алайда бұл соманың қалай есептелгені құжатта толық түсіндірілмеген. Бұған дейін Бас прокуратура нақты шығынды анықтау үшін тәуелсіз сараптама жүргізу қажеттігін айтқанымен, мұндай бағалау жасалмаған.

Сот отырысының жалғасы күтпеген жерден бүгінге белгіленгендіктен, қорғаушылардың бір бөлігі процеске қатыса алмаған. Бұған дейін төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков тыңдаулар әр дүйсенбі күні таңертеңнен кешке дейін өтетінін хабарлаған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз