Тұтас елдің тұғырлы айбыны
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында ел тарихында айрықша із қалдырған тұлға – батыр, абыз Әлмерек Жаншықұлының ескерткіші ашылды.
Ескерткіштің салтанатты ашылу шарасына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұрлан Оразалин, Серік Үмбетов, Ызғарбек Бектұрсынов, еңбек ардагері Наурыз Қылышбаев қатысты.
Ескерткіш авторы белгілі мүсінші – Елдос Бексұлтан. Әлмерек батырға қойылатын ескерткішке байқау 2019 жылы жарияланған. Мүсіншілер арасында байқау жарияланып, жиырма шақты мүсінші өз жобасын ұсынған. Солардың ішінде Елдос Бексұлтанның жұмысы үздік деп танылып, жұмысы Қарадала төрінен орын алды. «Бізге қойылған басты талап – Әлмерек батырдың өмірінің соңғы жылдарындағы абыз бейнесін көрсету еді. Мен батырдың аттан түсіп, алысқа ойлы пішінмен көз тастап тұрған кезін бейнеледім, ал екінші мүсінші қолына аса таяқ ұстап тұрған шағын бедерледі. Екеуміздің жұмысымызды комиссия мүшелері бір жылдай қарастырып, ақыры менің жұмысыма тоқталған еді. Менің бұған дейін шығармашылық жолымда жасаған ең үлкен мүсін – осы. Байқауға жіберген жобамның 10 есе үлкейтілген нұсқасын жасауға 9 айдай уақыт жұмсадым, былтыр наурыз айында кірісіп, қараша айында аяқтаған едім. Тұғырын қоспағанда, мүсіннің өзі 8 метрге жуықтайды, ал тұғырымен бірге ескерткіштің биіктігі 13 метр болады. Ескерткіш процесс барысында көптеген өзгерістерге ұшырады. Негізге алған материалымыз тас болу керек еді, Румыния, Ресей мемлекеттерінде осы сипатты ескерткіштердің бір парасы тастан жасалған. Біз де Әлмерек батырдың ескерткішін тастан жасаймыз деп шештік. Алайда геология мамандарын апарып, орналасатын орнына анализ жасағанымызда, 11 метрден су шыға бастады. Тастан жасалса, ескерткіш салмағы шамамен 800 тонна болады, ал тым ауыр ескерткіш орналасқан жерге батып кету қаупі бар. Сол үшін тиісті адамдармен ақылдаса отырып, мүсінді қоладан, тұғырын қалың граниттен жасаймыз деп түйдік» деген болатын бұл ескерткіштің жасалу тарихы туралы Елдос Бексұлтан.
Одан кейін салтанатты жиын Ұйғыр аудандық Мәдениет үйінде «Әлмерек абыз Жаншықұлы және Қарадала өңірі тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.
Конференция аясында Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының редакциясымен «Әлмерек абыз Жаншықұлы және Қарадала өңірі тарихы» кітабының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ Әлмерек Жаншықұлының өмірі мен өнегесін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Әлмерек Жаншықұлы және оның өнегесі» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды.
Әділқазылар алқасының шешімімен ынталандыру сыйлығына Ержан Алаштуған, Айдана Бейсен, Достық Тілеубергеновтер ие болды. Ал үшінші орынға астаналық Әбдіғани Бәзілханұлы, көкшетаулық Майра Қуанышқызы, талдықорғандық Асыл Амантайұлы ие болды. Екінші орынды Әсел Оспан мен қызылордалық Толыбай Абылаевтар алса, бірінші орынды ақын Кәдірбек Құныпияұлы қанжығасына байлады. Мүшәйраның бас жүлдесін ақын Алмас Ахметбекұлы еншіледі.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Әлмерек абыз және өңірлік өркениет», «Әлмерек баба заманы және сол заманның күрделі оқиғалары», «Абыз институтының тарихи-мәдени мәні мен мұралық мағынасы: Әлмерек батыр Жаншықұлы», «Әлмерек абыз және қазақ қоғамындағы тарих айту дәстүрінің деректерін пайдалану мәселелері», «Әлмерек баба және жоңғарға қарсы азаттық күресі туралы», «ХІХ ғасырда азаттық үшін күрескен Тазабек Пұсырманов» деген тақырыптарда баяндамалар оқылды.
Енді сайын даланың бір пұшпағында елі мен жерінің болашағына ойлана көз тастап тұрған бабаның мүсіні бар.
Қасым Арықбай