Саясат

Тыныштық керек пе, қаруыңды сайла!

Өткен аптада Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Қазақстанға келді, кетті. Келді дейтініміз, ол жай келген жоқ.

Тыныштық керек  пе,  қаруыңды  сайла!

Екі ел арасындағы  әскери  ынтымақтастық (Қазақстан ТМД кеңістігіндегі Ұжымдық  қауіпсіздік шарты  ұйымына  мүше)  мәселесін  пысықтады. Бұдан  тыс, Қап  тауындағы  Қарабақта  болып жатқан Әзірбайжан  мен Армения  арасындағы қанды  қақтығысты тілге  тиек еткені  белгілі. Кетті  дейтініміз,  ол жай  кеткен  жоқ. Қазақстандық  әскерилерді  өздерінің оқу  орындарында  тегін оқытатынын айта кетті. Осы  жерде  өз сөзімізді  тықпаламай, белгілі  қоғам  белсендісі Арман  Шораевтың  айтқанын  келтіре кетейік. «Міне, Қарабақта соғыс жүріп жатқанына  біраз  болды. Әзірбайжан  жағының қақтығыста  жеңіске  жетіп жатуының себебі неде  дегенде,  мынаны  айтуға  болады. Әзірбайжан командирлерінің    барлығы  Түркияда және  АҚШ  не  болмаса, НАТО-ға  кіретін елдердің әскери  оқу  орындарын бітіргендер.  Ал Армения  әскерилері  тек  Ресейдің әскери акедемия, училищелерінде білім алғандар. Жеңіліп  жатқандар да  солар.  Енді  осыдан-ақ   салмақтай  бер, қай  жақтың  білімі, тәжірибесі  мықты екенін. Сондықтан  бізде болшақ  командир,  генаралдарымызды Ресейде емес, бауырлас Түркияда, Әзірбайжанда  оқытқанымыз  жөн-ау. Ресей  «тегін  білім береміз»  дейді.  Қайдам? Ертең  сол  мемлекетте білім алып келген қаракөздеріміз, еліміздің солтүстік  облыстарына байланысты  Ресеймен  қақтығыс  туа қалса,  сатып кетуі мүмкін».

Әрине,  осы  тұста  Арман  Шораевпен келіспеске  болмайды. Өйткені тегін  деген  қазір  әңгіме  жоқ. Бола  қалған күннің  өзінде, Ресейдің   мүддесіне  жұмыс  істету  үшін алдап-арбап  тұзаққа  түсіруі әбден мүмкін.   Демек,  орыстың  идеологиясына  уланып  қалған сарбаздан отанын  қорғайтын адал азамат шыға  қоюы  неғайбыл. Дегенмен, айтқымыз келгені де  бұл емес, Әзірбайжан  армиясының  өз жерін азат ету  үшін сәтті  жүрігізіп  жатқан соғысының  нәтижесіне  үңілу еді. Бұл  жерде бірден  көзге  ұрып  тұрған нәрсе, әзірбайжан  жағы  соғыста заманауи  технологияларды  іске  қосуы.  Ол пилотсыз  ұшатын  дрондарды  пайдалану десе  болады. Қарабақтағы  қақтығысқа  қарап-ақ, ендігі соғыс   тактикасы көп  өзгергенін байқауға  болады. Ресми  Баку  соғыс қиылын  өзгертті.  Іске Түрия  мен Израильден  сатып алынған  және  өз  жерінде  құрастырылған дрондар  кірісті. Түркиялық Bayraktar TB2 және  израильдік Heron TP, Hermes 4507, Sky Striker сондай-ақ  осы  елмен бірігіп  шығарып  жатқан Aerostar Orbiter1K,  Orbiter – 3 (камикадзе) дрондары армян әскерилерінің күлін көкке  ұшырды. Осы  дрондар  соққы  беріп, әрі түсірген видеолары жер-көкке  тарап  жатыр. Әсіресе,  жерден  басқарылатын  түркиялық Bayraktar TB2 дронының соққысы ерекше. Бір айта кететін жайт, бұл дрондарды түркия  елі Сирияда,  Ливияда  әбден  сынақтан  өткізген. Осы ұшқыссыз  басқарылатын апараттың   біразын Әзірбайжан  жағы сатып алғанға  ұқсайды. Қысқасы, дрондар соғыс тактикасының өзгергенін көрсетті. Мұны  неге айтып  отырмыз, бізге де осындай  заманауи қару керек-ақ. Өйткені Қазақстан  қарулы  күштеріндегі  негізгі  соғыс техникасы кешегі КСРО-дан  қалған және бүгінгі  ресейдікі. Олардың 80-90  пайызы  ескірген қару  үлгілері. Қазір біздің  әскерилер оқу ғана емес, қару-жарақ,  оқ-дәрі  жағынан да Ресейге  тәуелдіміз.  Ол  тәуелділіктен  құтылу  үшін бізге бауырлас  Түркиядан  және Батыс елдерінен заманауи қару-жарақ сатып  алу немесе бірлескен  кәсіпорын ашып, өз  жерімізде  шығаруды   қолға алған жөн-ау. Әйтпегенде, Арменияның кебін құшып отыра беруіміз  мүмкін. Өйткені ол елдің соғыс техникасының  дені біздікі  сияқты,  яғни  баяғы КСРО мен қазірі  Ресейдікі. Ал  ол техникалар көкте  самғап жүрген дрондардың алдында  әлсіз екенін көрсетті. «Өзге елдің әскерін асырағың келмесе, өз  сарбазыңды  қамда»,  деген сөз  бар.   Сондай-ақ «жау  жоқ  деме,  жар  астында» деген де  тәмсіл  тағы бар. Демек, біз көршілерімізбен татумыз  деп отыра  бермей, әр  нәрсеге  сақтық жасап, қамданып  отырғанымыз  жөн. Жеріміз  үлкен, халқымыз аз.  Сол үлкен жерге көз  тіккендер  бар.  Және  кейбір орыстың саясаткерлері  «қазақстанның солтүстік облыстары  біздікі» деп көкіп  жүр. Қысқасы,  біз бір емес  екі империяның (Ресей,  Қытай)  ортасында  отырған елміз. Сондықтан  қашанда мылтығымыз  оқтаулы,  қылышымыз  қайраулы  болғаны  жөн.  Бүгінгі күннің бір ақиқаты, кім мықты содан ығатын заман.  Демек, біз мықты  болуымыз  үшін  экономиканы, ішкі-сыртқы  саясатты, дипломатияны  ғана күшейтпей, қарулы күштерімізді де нығайтып, заманауи қаһарлы  қаруға  ие болуымыз керек.  Сонда ғана ел аман,  жұрт  тыныш, аспан ашық,  халық  қамсыз  болмақ!

Тегтер: Без Тега
Күлтегін Бек
Күлтегін Бек Күлтегін Бек

Оқыңыз