ҰҚК Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеруді аяқтады
ҰҚК қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровке қатысты жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады.
Ведомство мәліметінше, тексеру барысында қандай да бір құқық бұзушылық белгілері анықталмаған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Сабуровтың Ресейдің Украинадағы соғысқа қатысушы әскери қызметкерлеріне қаржылай көмек көрсеткені туралы бейнежазба тараған еді. Осыған байланысты журналистер ҰҚК-дан оның әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 170-бабында көзделген «Жалдамалылық» қылмысының белгілері бар-жоғын тексеру туралы сұраған.
Сол кезде ҰҚК ақпаратты назарға алып, тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.
Енді ведомствоның жаңа жауабында:
«Тексеру іс-шараларының нәтижесінде құқық бұзушылық белгілері анықталған жоқ», – делінген.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 170-бабы жалдамалыларды жалдау, оқыту, қаржыландыру немесе оларды қарулы қақтығыстарда пайдалану әрекеттері үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Бұған дейін бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев аталған жағдайды зерттеу қажет екенін айтып, 170-бапқа қатысты бағалау беру ҰҚК құзыретіне жататынын мәлімдеген еді.