Украина дрондары Энгельске шабуыл жасады: әскери әуе базасы маңында өрт шықты
16 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Саратов облысындағы Саратов және Энгельс қалаларына шабуыл жасады.
Жергілікті тұрғындар көптеген жарылыс дыбыстарын естігенін хабарлады. Telegram-арналарда дрондардың ұшып өткен сәті мен жарылыстардың видеолары жарияланды.
OSINT-қауымдастықтарының мәліметінше, шабуылдан кейін Энгельс-2 әскери әуе базасы маңында қою түтін көтеріліп, өрт шыққан. Astra басылымы да ашық дереккөздерді талдау нәтижесінде әскери аэродромның өртенгенін хабарлады.
Сондай-ақ мәліметтерге қарағанда, дрондардың бірі Энгельс қаласындағы көпқабатты тұрғын үйге тиген. Алдын ала болжам бойынша, бұл әуе қорғаныс жүйесінің дрондарды елді мекен үстінде атып түсіруі салдарынан болған.
Жарылыстардан кейін Энгельс қаласының кейбір бөлігінде электр қуаты уақытша өшкені хабарланды. Ресей билігі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.