Украина Қара теңізде Ресейдің кемінде 20 кемесіне шабуыл жасады
Украинаның дрон күштері (СБС) Қара теңіздегі Ресейдің көлік кемелеріне қарсы жүйелі соққы беру науқанын бастағанын мәлімдеді.
15 шілдеге қараған түні дрондармен кемінде 20 кеме, оның ішінде 17 мұнай танкері, екі газ тасымалдаушы танкер және бір буксир нысанаға алынған.
СБС қолбасшысы Роберт «Мадяр» Бровдидің айтуынша, бұл шабуылдар соңғы тоғыз күнде Азов теңізінде 116 танкер мен өзге жүзу құралдарына соққы жасалғаннан кейін басталған.
Операция «МоЛоЧКа» арнайы операциясы аясында жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты – аннексияланған Қырымды Ресей аумағынан келетін жабдықтау жолдарынан оқшаулау. Бровди операция атауын «Мәскеу Қырым арқылы құлайды» деп түсіндірді.
Оның сөзінше, шабуылдардың видеодәлелдері кейінірек жарияланады. Ал украиналық Supernova арнасы өткен түні кемінде жеті танкер мен өзге кемелердің зақымданғанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, операцияға «Немезис» 412-жеке ұшқышсыз жүйелер бригадасы қатысқан.
Лавров пен Бровди арасындағы пікірталас
Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Киевті терроризммен айналысып жатыр деп айыптап, Украинаның әрекетін «қарақшылықтан да сорақы» деп атаған.
Бұған жауап ретінде Бровди Telegram-арнасында:
«Ешқандай қарақшылық емес, Лавров. Бұл – жай ғана бизнес. Бірақ сіздердің қанды бизнестеріңіз», – деп жазды.
Азов теңізіндегі кеме қатынасы азайды
АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының (ISW) мәліметінше, Украина шабуылдарынан кейін Азов теңізіндегі Ресей кемелерінің белсенділігі күрт төмендеген.
Сарапшылардың дерегіне сай, AIS-транспондерлері қосулы кемелер саны маусым айының соңындағы 267-ден 11 шілдеде 120-ға дейін, яғни 55 пайызға азайған. Ал Керчь маңында олардың саны 37-ден 9-ға дейін қысқарып, 75 пайызға төмендеген.
Бұдан бөлек, Ресей Азов–Дон кеме каналындағы қозғалысты уақытша тоқтатып, Керчь бұғазы арқылы өтуге өтінім қабылдауды доғарған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл Ресейдің астық экспортының шамамен 20 пайызына әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар Ресейдің Көлік министрлігі мен Ростов облысының Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттаушылар үшін балама бағыттарды іздеп жатқанын хабарлады.