Украина Каспий теңізіндегі портқа шабуыл жасады
10 қыркүйекке қараған түні украин дрондары Дағыстан астанасы Махачкалаға шабуыл жасады.
Бұл туралы республика басшысының міндетін уақытша атқарушы Федор Щукин хабарлады.
Дрондардың сынықтары құлағаннан кейін теңіз портында және Гамзат Цадаса атындағы Авар музыкалық-драма театрында өрт шыққан.
«Өрт жедел сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп жазды Щукин Telegram-арнасында. Сонымен бірге ол жергілікті тұрғындарды шабуыл салдарының фото-видеоларын жарияламауға шақырды.
Махачкала теңіз сауда порты – Ресейдің Каспий теңізіндегі жалғыз терең сулы әрі қыста қатпайтын порты. Мұнда мұнай айлағы орналасқан. Онда жүк көтергіштігі 10 мың тоннаға дейінгі танкерлерге арналған бес мамандандырылған айлақ бар.
Порттың экспорттық қуаты жылына 7,9 млн тоннаға дейін мұнай және мұнай өнімдерін өткізуге мүмкіндік береді. Портқа іргелес аумақта Баку–Новороссийск магистральдық мұнай құбырына қосылған мұнай базасы орналасқан.
Бұған дейін украин дрондары Дағыстанға 24 тамызда шабуыл жасаған еді. Ол кезде Солтүстік Кавказдағы Ozon маркетплейсінің ең ірі қоймасы соққыға ұшыраған.