Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 13 Тамыз 2024

Украина Ресейді келісімге көндіру үшін Курскіге басып кірді

Сайын Борбасов
Фото: из открытых источников

Кейінгі күндері Украинадағы соғыс жағдайы өзгерді. Украин әскері Ресейдің Курск облысына басып кірді. Онда шабуылдаудың өзіндік себептері бар. Біріншіден, мұнда үлкен газ бөлетін станция бар.

 Сол жақты басып алды. Ол жерден Украинаның газын шетелге өткізіп, Ресей ақша алып тұратын. Ал енді станция толық украиндықтардың қолында. Алдағы уақытта оны қолында ұстап тұруға тырысады, ал ұстай алмаған жағдайда өртеп тастайды. Демек, Ресей көптеген миллиард доллардан айырылады. Екіншіден, осы елді мекеннен 70 шақырым жерде электр станциясы бар. Қазір Украина әскерін де, техникасын да жұмылдырып жатыр, мақсаты – сол электр станциясын басып алу, қалай да соны істен шығару. Себебі Запорожьедегі электр станциясын орыстар басып алып, бермей отыр. Енді соған қайтарған жауабы іспетті. Егер Ресей электр энергиясынан айырылса үлкен шығынға ұшырайды.

Негізі Ресей әскерінің бәрін Донецк, Луганск, Запорожьеге шоғырландырды, бар күшін сол жаққа салды, сөйтіп шекара әлсіздеу болды. Украина соны пайдаланып кетті. Олардың әскери қолбасшылары мықты, бәрін біліп отыр. Бос қалған жерді анықтап, осал да маңызды жерлерінен соққы жасады. Мұны Украинаның фишкасы деуге болады. Осы қарқынды ұстап тұра алса орыстардың да беті қайтатын шығар. Сондай-ақ Курск жанында бірнеше елді мекен бар. Алдағы уақытта соған қарай бет алуы мүмкін. Қазірдің өзінде ол жақтан қашқандардың саны 10 мыңнан асты деген мәліметтер бар. Нақтысын ешкім білмейді. Ал меніңше, қашқандардың саны 50 мыңнан астам. Бүгінде миллионнан астам украиндық босып жүрсе, орыстың да 70-80 мыңы солай босып жүр. Яғни осыдан соң орыстар соғысты тоқтату туралы ойлана бастауы мүмкін.

Соңғы Курск оқиғасында Ресейдің 700-800-дей әскері қырылды деп болжам жасауға болады. Себебі Украина тұтқиылдан шабуыл жасады. Ал шабуылдаған тарапта шығын өте аз деседі, бірақ бар.

Әрине, «Халықаралық заң бойынша бұл заңсыздық, неге әлем елдері қарап отыр, тыйым салатын ешкім жоқ па?» деп Ресей жақ айтып жатыр. Бірақ мұнысы еш қисынға сыймайды. Олар Украинаның қаншама территориясын басып алды, мұны бүкіл әлемдік қауымдастық біліп отыр ғой, тіпті бұдан Қытайдың өзі хабардар. Дегенмен Ресейдің агрессор екенін біліп отырса да, авторитарлы елдер оны жақтайды. Анығында, Ресейдің әрекетінің басқыншылық екенін әлем көріп, біліп отыр. Сондықтан Курскіге жасалған шабуыл үшін ешкім де Украинаны сөкпейді. 18 пайыз жерін, 4 облысын беріп қойып қарап отыра ма? Олар да шабуыл жасамай ма?

Ары қарай Ресей қарымта шабуыл беруі мүмкін деген де айтылып жатыр. Киевке зымыран тастағаны да белгілі. Меніңше соғыс бір-екі айда шиеленісе түсетін секілді. Ал Украинаның басып кіруі Ресейді келісімге көндіру үшін. Біздің жерімізден кет, сонда біз де мына жерді босатып береміз дегендей. Олардың талабы – «сен әскеріңді шығарсаң, мен де шығарамын». Қазір әлем ақпарат көздері Украина қорғаныс жағын да күшейтіп жатыр деп жазып жатыр. Ресей ырықсыз жағдайға түсіп қалды. Бір апта бұрын Украинаның басып кірген әскерін «бір-екі күнде қуып шығамыз» деп еді. Ал жағдай әлі өзгерген жоқ. Төрт күн болды. Осы уақытқа дейін Украинаның төрт бригадасы кірді. Бәрі нағыз патриоттар, соғыстан өткендер. Енді Ресей бар күшін салады. Жанын салып, маңызды объектілерін қорғайды. Дегенмен жағдай Ресейге тиімсіз.

Сайын Борбасов,

саясаттанушы

Тегтер: