Ұстаздар күні: мәдениет саласындағы 63 педагог марапатталды
Бүгін, 5 қазанда Қазақстанда Ұстаздар күні аталып өтіп жатыр.
Кәсіби мерекеге орай мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарының 63 педагогі ведомстволық наградалармен марапатталды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, ведомствоға қарасты 10 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде төрт жоғары оқу орны, төрт колледж және дарынды балаларға арналған екі мектеп-интернат бар.
Қазір аталған білім беру ұйымдарында 11 136 оқушы мен студент білім алып жүр. Биылғы оқу жылында тағы 3 662 жас қабылданған. Оларға 3 303 оқытушы мен педагог білім береді.
Мектептер мен колледждерде жұмыс істейтін 316 ұстаз "педагог-зерттеуші" және "педагог-шебер" санаттарына ие.
Ұстаздар күніне орай мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарында еңбек етіп, елеулі жетістікке жеткен 25 педагог Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Оның ішінде бес педагог "Еңбек ардагері" медалін, төртеуі Ыбырай Алтынсарин атындағы медальді, тоғызы "Білім беру саласының үздігі" төсбелгісін алды. Тағы жеті ұстазға Құрмет грамотасы табысталды.
Бұдан бөлек, 38 педагог Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградаларына ие болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұстаздар күніне орай еліміздің мұғалімдері, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.