Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 26 Ақпан 2024

«Westoil Software» компаниясының 120 қызметкері ұзақ ереуілден кейін жұмыс орындарына оралды

Қарақия қызметкерлері
Фото:

“Westoil Software” ЖШС қызметкерлердің ереуілге шығуына байланысты 1 миллиард теңгеден астам шығынға батқан.

Компания осы уақытқа дейін 120 қызметкер жұмысқа қайта оралғанын мәлімдеді.

 "Осыған дейін хабарланғандай, жұмыс орындарына оралғысы келмейтін қызметкерлерді соттың шешімімен жұмыстан босатуына компанияның толық құқы бар. Жұмысқа шықпағандардың басым бөлігі мұны өз қалауынсыз, деструктивті элементтердің қысымымен жасап жатқандарын жақсы білеміз. Ал, ішкі түйсігіне сеніп, жұмысқа оралған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. (Олардың саны 120). Біз компаниямыздың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, сіздердің еңбек жағдайларыңызды жақсартып, еңбекақыларыңызды тұрақты және уақытылы алуларыңыз үшін бар күшімізді саламыз деп сендіргіміз келеді", - делінген хабарламада.

Компания жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау басталғанын хабарлады. 

"Кәсіпорынның жабдықтарын және техникасын жаңарту процесі жүріп жатыр. Техникаға арналған жаңа жылы бокстердін құрылысын бастап, еңбек жағдайын жақсарту ісі жоспарлануда. Өз міндеттерін орындау үшін жұмысқа оралған қызметкерлеріміз компанияның қазіргі жағдайын түзетуге зор үлестерін қосуда. Қалған азаматтарды да қатарға қосылып, бірнеше жыл еңбек еткен ұжымына, өз жұмыстарына оралуға шақырамыз. Біз заң аясында қазіргі орын алған жағдайдан бірге шығудың жолын қарастыруымыз керек. Сондай-ақ, бүгінгі таңда жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға ішкі дайындық жұмыстарының басталғанын хабарлаймыз. Дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенеміз және заңсыз әрекеттер жасағандар үшін жауапкершіліктің бар екенін ескертеміз", - деп жазды “Westoil Software” ЖШС.

Айта кетейік,  өткен жылдың 11 желтоқсанынан бастап, Маңғыстау облысындағы West Oil Software қызметкерлері ереуілдеп жатыр. Нәтижесінде WOS-та 24 ақпанға дейін жұмысқа оралмаған барлық қызметкерлерді жұмыстан шығаратынын, олардың орындарына өңірдің Қарақия және басқа да аудандарында жұмысқа орналасу үшін кезекте тұрған азаматтар қабылданатынын мәлімдеген болатын.

фото: depositphotos