Оқиғалар

Заңға қайшы жаға ұстатар контентке қарсы күрес басталды. Жаңа қоғамдық мәдениеттің қазақ халқы үшін маңызы қандай?

Бүгінде әлеуметтік желілер ақпарат алмасудың ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырудың, адамның өз ойын білдірудің және күнделікті қарым-қатынас жасаудың негізгі алаңына айналды.

1

 Әсіресе жастар мен жасөспірімдер үшін TikTok, Instagram және басқа да платформалар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Сондықтан әлеуметтік желіде таралған кез келген құбылыс белгілі бір деңгейде қоғам санасы мен мінез-құлық мәдениетіне әсер етеді.

Осы тұрғыдан алғанда, соңғы уақытта былықтың ордасына айналған және жас талғамайтын екі мәселе ерекше алаңдаушылық туғызады: треш-стриминг (ағылшынның «trash» – қоқыс және «stream» – тікелей эфир сөздерінен шыққан тіркес) пен шок-контент. Екеуі де көрермен назарын өзіне аудару үшін балағат сөз айтып, адамдарды қорлап, ұрыс-төбелес шығарып, үстіндегі киімін шешуге және арандатуға дейін баратын шектен шыққан әрекеттерді қамтитын контент.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың болмысына жат желідегі әрекеттер санаулы сипатқа ие болып, оқшауланған оқиғалар ретінде бағаланса, бүгінде бұл құбылыс қоғамдық қауіпсіздік пен ел болашағына қатер төндіретін фактор ретінде қарастырылып отыр.

Әлеуметтік желі платформаларындағы боқауыз сөздер, заңға қайшы әрекеттерді сахналау және 18+ тақырыптарды көпшілік алдында талқылау іспетті әдепке қайшы контенттің ашық түрде таралуы тікелей аудиторияның, әсіресе кәмелетке толмаған жасөспірімдердің бойындағы әлі пісіп үлгермеген құндылықтарға кері әсерін тигізіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл тенденция өскелең ұрпақты адастырып, әлеуметтік нормалар мен заңды мінез-құлық туралы түсініктерін бұрмалап, тіпті тоқырауға алып келуі ғажап емес.

Әлеуметтік желілер қазіргі ұрпақтың күнделікті әрі үйреншікті ортасы. Егер дөрекілік, қорлау, әдепсіздік пен заңға қайшы әрекет қаралым жинаудың құралы ретінде көрсетіле беретін болса, уақыт өте келе қоғамдағы қалыпты мінез-құлық туралы түсініктің өзі өзгеруі мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалардың тек мемлекеттік институттарды жаңғыртумен шектелмей, қоғамның дүниетанымы мен мәдениетін де өзгертуі қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Демек, құқықтық мемлекет қағидаты азаматтардың күнделікті өмірінде, соның ішінде интернеттегі әрекетінен де көрінуі тиіс. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының әлеуметтік желілердің қолданушыларына қатысты нақты әрекетке көшкені өте орынды. Ақпараттық кеңістік бақылауға алынып, жедел алдын алу шаралары да күшейтіліп отыр: біршама адам қамауға алынды, тағы біршамасына айыппұл салынды.

Бұдан бөлек заманауи технологиялардың арқасында құзырлы органдардың кез-келген адамды тауып алуға барлық мүмкіндігі бар екенін ұмытпау керек. Сондықтан заңға қайшы әрекеттерге барған әлеуметтік желі қолданушылары жалған лақап немесе бүркеншік аттарына да сенім арта алмайды.

Сөз интернетті шектеу туралы емес. Мәселе – еркіндік пен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтауда жатыр. Контент жасаушының аудитория жинауға құқығы бар, бірақ бұл құқық басқа адамдарды қорлау, әдеп нормаларын бұзу немесе балалардың психологиясына кері әсер ету арқылы жүзеге аспауы керек.

Сондықтан былыққа толы контентке қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс бір реттік науқанмен шектелмеуі керек. Бұл – қоғамның ғаламтордағы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді міндет.

Үміт те жоқ емес. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан осынау шаралардың қоғам тарапынан кеңінен қолдау тауып жатқаны ерекше қуантады. Әлбетте, жаға ұстатар контенттің дәуірін тоқтату үшін қоғамның әрбір мүшесі белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алу керек. Барлық мәселені ар-ұяттан ада стримерлер мен блогерлерге ғана артып қоюға болмайды, ол үшін көрерменнің талғамы мен қоғамның ортақ мәдениеті өзгеруі қажет.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз