Заңгер: Бишімбаевты ақтауға тырысу - сауатсыздық
Бишімбаев ісі бойынша алдын-ала сот тыңдалымы 11 наурыз күні өтеді. Ал, оған дейін күдіктінің туыстары тарапынан ақтап алуға тырысқан түрлі ақпараттар тараған еді.
Ал, белгілі заңгер Айгүл Орынбек қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиғаны ақтау мүмкін емес дейді. Себебі, мұнда адам өлімі тіркелген.
Қазіргі кезде қолдан резонанс жасап, қоғамның көзқарасын өзгерту, ақпараттық шабуыл арқылы тергеу әрекеттеріне ықпал етемін деп ойлау - тым қателік және сауатсыздық. Себебі, біз құқықтық мемлекетте тұрамыз. Қоғамның ойы мен көзқарасын бұрып, қылмыскерді ақтап аламын деп ойласаңыздар да қателесесіздер. Қоғам да, халық та - қазір бұрынғыдай қараңғы емес! Ата заңы бар елде - заң бәрінен жоғары және біз азаматтық қоғамда заңның орындалуын талап етіп, тиісінше қадағалап, бақылау қажетпіз. Сол себепті, бұл жайттарға аса алаңдаушылық танытып немесе тым қатты назар аударудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Қазір Бишімбаевтың ісі бойынша ақтау немесе даттауға, араласуға болмайды. Іс енді сотқа өтті. Алдағы уақытта сот тергеуі және талқылауы барысында Бишімбаевтың қандай санаттағы қылмыс жасағанын анықтау және дәлелдеу, оған әділ үкім шығару - соттың құзырында. Қалай десек те, бұл істе адам өлімі орын алды, оны жасыруға оқталудың өзі - қылмыс. Ал қылмыс жасалған жерде, заңмен көзделген жауапкершілік бар. Енді одан ешкім де құтыла алмайды, заң алдында жауап береді.
Сонымен қатар, ол мұндай зорлық зомбылық оқиғаларын кейде құзырлы органдардың өздері жасырып, қызмыскерді жазадан құтқарып қалатын көрінеді.
Қоғамның, халықтың бізде бәрі сатылады деп аса алаңдаушылық танытуы, ол ойды қалыптастыруы да - қазіргі құзырлы органдардың, соттың сыбайлаcқан жемқорлық жүйесін айқын көрсетеді. Халықтың көзқарасы, халықтың жанайқайы, халықтың алаңдауы да, ашуға булығуы, бәрі де - орынды. Заңгер ретінде зорлық-зомбылыққа ұшырап, ажал құшқан бір емес, бірнеше әйелдердің осындай санатты істерінде өзім жүрдім. Мойындау керек, оңай емес! Несін жасырамын?! Құзырлы органдардың өздері істі “жылы” жабуға тырысып, түрлі құйтырқылықтарға, бұрмалаушылықтарға да барады. Өздері тікелей ықпал етіп, қылмыскердің жазадан құтылуына жағдай жасайды. Мәселен, осыған ұқсас бір істе тіпті әйелдің жуыну бөлмесінде аяғы тайып, өзінен-өзі абайсызда құлап өлген деп шығарғысы да келді. Бірақ, менің істі тікелей бақылауға алуымның, әрбір тергеу әрекетін дұрыс тергеп-саралауды және әділдікті талап етуімнің, соңына дейін күресуімнің нәтижесінде ғана екі ай бойы табылмай жүрген - халықаралық іздеу жарияланған әлгі қылмыскер бір-ақ күннің ішінде ұсталып, қамауға алынды. Сот үкімімен түрмеге тоғытылды. Ал бұл Бишімбаевтың ісіне келетін болсам, іс қоғамның және Президентіміздің тікелей қадағалауында. Сол себепті, әділ үкімге - әділдікке сенейік дегім келеді, дейді Айгүл Орынбек.
Фото: stan.kz