Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 09 Шілде 2024

Заңсыз салынған құрылыстарға заңмен тыйым салынды

Өнеркәсіп және құрылыс
Фото: из открытых источников

Алматы облысында заңсыз салынған құрылыстарды бұзу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

  Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылындағы заңсыз салынған дүкен бұзылып, оған тапсырыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылған, айыппұл арқалаған. Бұл туралы шешімді аудандық сот қабылдапты. Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының дерегінше, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылы, СТ Иссык-2, 16-линия №482 мекенжайы бойынша қажетті рұқсаттар мен құжаттарынсыз салынған. Нақтырақ айтқанда, құрылыс жер учаскесіне құқық алмай жатып жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарламасыз өз бетінше салынған. Өз кезегінде мұндай заңбұзушылықтар әкімшілік кодекспен қаралады. Елді мекендерде, қалалар мен ауылдарда мұндай жағдайлар жиі ұшырасып жатады. Бұл орайда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындарды заңды сақтауға шақырады.

 «Кез келген құрылыс, тіпті жекеменшік аумағындағы құрылыстар да заң аясында жүргізілуі тиіс. Осыны әрдайым қатаң ескертеміз. Өйткені құрылыс нормалары мен ережелерін сақтамау заңнамалық ретсіздіктерге ғана емес, мүлік пен азаматтар қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізуі ықтимал. Осы бағытта облыс аумағындағы заңсыз құрылыстарды тоқтату және құрылыс нормаларының сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын үздіксіз жүргіземіз», – дейді басқарма маманы Қ. Жақсыметов.

 Қазіргі таңда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бірқатар заңбұзушылықты анықтап, процесуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облысының арнайы ауданаралық әкімшілік және аудандық соттарына 10 әкімшілік материалды жолдаған. Олардың ішінде өз бетінше салынған 8 нысан бұзуға жіберілмек, тағы 2 іс әлі де қаралып жатыр. Оған қоса қажетті рұқсаттар мен құжаттарсыз салынған тағы 5 құрылысты бұзу жайында талап-арыз берілген. Оның төртеуі туралы шешім шығып та қойған. Олар: Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округі Абай ауылындағы OrdaTown көпқабатты тұрғын үй кешені, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы «Алтын-Бөбек» бөбекжай-балабақшасы» нысанындағы бассейн мен спорт кешені, Талғар ауданы Алатау ауылдық округі Байбұлақ ауылындағы екі көппәтерлі тұрғын үй кешені.

 Осы секілді Кеген ауданы Саты ауылдық округі Көлсай көлі жағалауындағы мейрамхана және қонақ үй кешенінің құрылысы бойынша да іс қозғалған. Дәл қазір аталған іс сотта қаралып жатыр.

 Еске сала кетейік, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңның 319-бабы бойынша, өндiрiстiк, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық немесе тұрмыстық объектiлердi жерге тиісті құқықсыз заңсыз салу – заңсыз тұрғызылған немесе тұрғызылып жатқан құрылысты мәжбүрлеп бұза отырып, не онсыз, жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

 

 

 

Тегтер: