Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:20

Зеленский: Ресей аспанының да тыныш болмауы – әділетті

Зеленский
Зеленский. Фото: ЖИ

Украина президенті Владимир Зеленский 7 мамыр күні кешкісін жасаған мәлімдемесінде Ресейге кемінде 30 күнге оқ атуды тоқтату жөнінде жасаған ұсынысының әлі де күшінде екенін айтты.

«Біз бұл ұсыныстан бас тартпаймыз, себебі ол дипломатияға мүмкіндік бере алады. Бірақ Ресейден өзге ешкім жауап беріп отырған жоқ – тек жаңа соққылар ғана», – деді Зеленский.

Бұл мәлімдеме Мәскеу уақытымен түн ортасына таяу жасалды. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин 8, 9 және 10 мамыр күндері оқ атуды тоқтату жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаған болатын. Бұл күндері Ресейде Жеңіс күні атап өтіледі. 9 мамырда Мәскеуде әскери парад өтуі тиіс, оған шетелдік бірқатар лидерлер де келеді.

Алайда Киев бұл ұсынысқа келіспейтінін ашық білдіріп отыр. Украина АҚШ қолдаған 30 күндік толыққанды бітім талап етіп отыр.

7 мамырдағы ресейлік шабуылдарды еске сала отырып, Зеленский өз үндеуінде: «Бүгін Ресей аспанының да тыныш болмауы – бұл әділетті жағдай», – деп мәлімдеді.

Ол бұл сөзінде күн бойы Ресейдің әртүрлі өңірлерінде байқалған украиналық дрондар туралы айтқан болуы мүмкін. Сол себепті Мәскеу мен басқа да қалаларда әуежайлар жұмысы уақытша тоқтатылып, 300-ден астам рейс кейінге шегерілді немесе басқа бағытқа өзгертілді. Бұл жағдай ондаған мың жолаушының жоспарына әсер етті.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин күн бойы Ресей астанасына бағытталған дрондардың жойылғаны туралы жазбалар жариялады. Оның дерегінше, бір күннің ішінде 20-дан астам дрон атып түсірілген. Ресей Қорғаныс министрлігі бір тәулікте 500-ден астам дрон жойылғанын хабарлады. Олар оннан аса өңірде, соның ішінде Вологда облысында да байқалған. Украина дереккөздері Тула мен Саранск қалаларындағы қорғаныс кәсіпорындарына соққы жасалғанын растады.

Киев 9 мамыр – Жеңіс күні Ресей аумағына соққы жасайтынын ресми мәлімдеген жоқ. Алайда Ресейдің бірнеше өңірінде мерекелік шаралардың кестесі қайта қаралуда. Мәскеуде мобильді интернет пен байланыс қызметі тұрақсыз жұмыс істеп жатыр.

Зеленский сондай-ақ Украина Қарулы күштері бас қолбасшысы Александр Сырскийден Курск және Белгород облыстарындағы ұрыстар туралы есеп алғанын айтты. 7 мамырда ресейшіл әскери блогерлер украиналық күштердің Курск облысына өтуге әрекет жасағанын жазды. Атап айтқанда, шекараға жақын орналасқан Тёткино елді мекеніндегі шайқастар туралы мәліметтер тарады. Бұл ұрыстар жайлы ресми түрде екі тарап та нақты ақпарат берген жоқ.