Зеленский: Ресей билігі тағы 300 мың адамды соғысқа жібереді
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей билігі қосымша күш жұмылдырып жатқанын мәлімдеді.
Зеленский бұл туралы Киевте Финляндия президенті Александр Стуббпен өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«1 маусымда Ресей қосымша 300 мың әскерді жұмылдыруға дайындалып жатыр деп айта аламын», - деді Зеленский.
Журналистердің 2024 жылы Украина армиясына қанша адам жұмылдырылатыны туралы сұрағына жауап берген Зеленский «бізге жарты миллион қажет емес» деді. Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы, Зеленский 2023 жылдың соңында айтқандай, 400-500 мың украиндықты жұмылдыруды ұсынды. Украина президенті ақырында бұл сұраққа нақты жауап бермеді.
Зеленский сондай-ақ Украина Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырскийге Украина армиясына аудит жүргізгені үшін алғыс айтты.
Ал, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне берген түсініктемесінде Зеленскийдің Ресей Федерациясы қосымша жұмылдыру жоспарлап отырғаны туралы мәлімдемесін «шындыққа жатпайды» деп атады.
Бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский әскерге шақыру жасын 27-ден 25 жасқа дейін төмендету туралы заңға қол қойды. Жоғарғы Рада тиісті заңды 2023 жылдың мамырында қабылдады, бірақ Зеленский бір жылға жуық құжатқа қол қоймады.
«Верстка» басылымы наурыз айында дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Қорғаныс министрлігі жақын арада тағы 300 мың адамды соғысқа жіберуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Фото: ТАСС/EPA/ALESSANDRO DELLA VALLE