Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:51, 04 Шілде 2024

Зеленскийдің баспасөз хатшысы Карлсонмен сұхбат жоспарда жоқ екенін айтты

h
Фото: Гавриил Григоров / Sputnik / Reuters

Америкалық журналист Такер Карлсон Украина президенті Владимир Зеленскиймен сұхбат өткізгісі келетінін айтты.

«Бізде Зеленскиймен сұхбат бар сияқты», - деп жазды американдық журналист Twitter желісінде. Ол екі жыл бойы Украина президентімен әңгімелесуді ұйымдастыруға тырысқанын айтты. Бұған әсіресе Путинмен ақпандағы сұхбатынан кейін қарқынды кіріскен. 

Карлсон өзінің мақсатын «американдықтарға қақтығыс туралы өте қажет ақпаратты жеткізу» деп санайды. «Бұл жақын арада болады деп үміттенеміз», - деді ол.

Ал, Владимир Зеленскийдің баспасөз хатшысы Украина президентінің жұмыс кестесінде Такер Карлсонмен сұхбат жоқ екенін айтты.

«Мистер Такер Карлсон ФСБ көздерін мұқият тексеруі керек. Украина президентінің жұмыс кестесі мүлде басқа, онда Такер Карлсон жоқ», - деп жазды Сергей Никифоров Facebook парақшасында.

Айта кетейік, Fox News телеарнасының бұрынғы жүргізушісі Такер Карлсон 2024 жылдың ақпанында Владимир Путинмен екі сағаттық сұхбат жүргізді. Ресейлік үгіт-насихат оны негізгі әлемдік оқиғалардың бірі ретінде көрсетті.