Қоғам

Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы сайлау қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы қазақстандықтарды «тыныштық күні» мен дауыс беру барысында әлеуметтік желілерде тарауы мүмкін арандатушылық және манипуляциялық материалдарға сақтықпен қарауға шақырды.

Сайлау

Орталықтың мәліметінше, сайлау күндері ақпарат кеңістігінде дауыс беру рәсіміне қатысты шындыққа жанаспайтын ақпараттың таралуы жиілейді. Мұндай жарияланымдар азаматтардың сайлау процесі туралы түсінігін бұрмалап, қоғамда жағымсыз эмоция тудыруы мүмкін.

Жалған контент әзірлеу үшін бұған дейін түсірілген фото мен бейнематериалдар, басқа елдердегі оқиғалар, түсірілген уақыты мен орны көрсетілмеген видеолар және анонимді аккаунттардан тараған мәліметтер пайдаланылуы ықтимал.

Сонымен қатар заманауи технологиялар арқылы белгілі тұлғалар мен саясаткерлердің бейнесін немесе дауысын қолдан жасап, шынайы оқиға ретінде көрсетуге мүмкіндік бар. Мұндай жалған фото, аудио және видеолардың таралуы ақпараттық қауіптің бір түрі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты мамандар азаматтарды ақпараттың бастапқы дереккөзін тексеруге және ресми мәліметтерге сүйенуге шақырды.

«Расталмаған хабарламаларды таратпаңыздар», – деп ескертті Орталық.

Мамандардың айтуынша, ақпаратқа жауапкершілікпен қарау сайлау күндері қоғамдағы тұрақтылық пен өзара құрметті сақтауға септігін тигізеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз