Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 30 Қазан 2025

Жамбылдағы жаңа мәдени кешен

1
Фото: Жамбыл облысы

Республика күніне орай Жамбыл облысының Жамбыл ауданында айрықша мәнге ие игі іс жүзеге асып, заманауи мәдени-демалыс кешені халық игілігіне пайдалануға берілді.

 Бұл президент айтпақшы, өңір халқының рухани және әлеуметтік өміріне тың серпін беретін, жаңа мүмкіндіктер мен өркениетті даму бағытындағы қадамның бір көрінісі. Салтанатты ашылу рәсімі аудан орталығы Аса ауылында өтті. Салтанатты жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігіне қосқан үлесін атап өтті. Өңір басшысы өз сөзінде еліміздің дамуы халықтың өмір сапасын арттырумен, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртумен және мәдениет пен білім ошақтарын жандандырумен тікелей байланысты екенін айтты.

Жаңа мәдени-демалыс кешені бірнеше маңызды нысандарды біріктіріп отыр. Оның аумағында аудандық мұрағат, балалар мен жасөспірімдер орталығы, кітапхана және спортқа арналған футбол, волейбол мен баскетбол алаңдары орналасқан. Аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы – жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытатын, олардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін маңызды орын. Жалпы аумағы 311 шаршы метрді құрайтын нысан 150 адамға арналған. Мұнда төрт оқу және үш әкімшілік бөлме бар. Балалардың жан-жақты дамуына бағытталған үйірмелер де ашылған. Атап айтқанда, «School Media-Жас тілші» үйірмесі жасөспірімдердің журналистика мен медиа саласына қызығушылығын арттырса, «Компьютерлік сауаттылық және 3D кескіндеу» үйірмесі заманауи технологиялар мен бағдарламалау негіздерін үйретуге бағытталған. Ал «Жантану-психология» үйірмесінде оқушылар адам мінез-құлқының терең қырларын танып, өзін-өзі тануға, тұлғалық дамуға ұмтылады. Сондай-ақ «Energy club-күш пен сергектік» үйірмесі жасөспірімдердің физикалық белсенділігін арттыруды көздейді. Бұл үйірмелердің барлығы ауыл балаларына тек қосымша білім беру ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар қалыптастырудың да маңызды алаңына айналмақ.

Орталықта интернет-кафе де жұмыс істейді. Бұл ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік дер едік, себебі қашықтан оқу, түрлі онлайн курстарға қатысу және ақпарат алмасу секілді мүмкіндіктердің бәрі бір жерде қолжетімді болмақ. Ата-аналар мен педагогтар бұл орталықтың ашылуын ауылдың білім беру және мәдениет саласына қосылған зор үлес деп бағалады.

Кешеннің тағы бір маңызды бөлігі – жаңа екі қабатты кітапхана. Ол аудан тұрғындарының білімге, ізденіске және рухани дамуға деген құштарлығын арттыруға бағытталған. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта жалпы оқырмандарға, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер, электронды оқу залы, конференц-зал және зағип жандарға арналған арнайы кабинет бар. Кітап қоры 46 800 данадан тұрады, бұл – аудандық деңгей үшін айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері кітап қорын толықтыру мен өңдеу жұмыстарын жүргізетін арнайы бөлімге ие. Өңір басшысы кітапханамен танысу барысында бұл ғимараттың білім мен мәдениеттің, руханият пен өркениеттің ордасына айналатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, дәл осындай нысандар ел болашағын айқындайтын саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеудің негізі болып табылады.

Кешен құрамындағы тағы бір маңызды нысан – аудандық архив ғимараты. Бұған дейін мұрағат материалдары қолайсыз, тар ғимаратта сақталып келген. Бар болғаны екі бөлмеде мыңдаған тарихи құжаттар орналасқан еді. Енді заман талабына сай салынған жаңа екі қабатты ғимаратта архив материалдары жүйелі түрде сақталып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасалды. Бірінші қабатта бір қойма мен екі құжат қабылдау бөлмесі, ал екінші қабатта тағы бір қойма, конференц-зал және жеті қызметтік кабинет бар. Архив директоры Келсінкүл Күлекеева жаңа ғимараттың аудан тарихын сақтау мен насихаттаудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Кешеннің аумағында орналасқан спорт алаңдары да ауыл жастары үшін таптырмас мүмкіндік. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол ойнауға арналған алаңдар салынған. Бұл салауатты өмір салтын насихаттап, спорттық мәдениетті дамытуға бағытталған нақты қадам. Ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауылдың жас спортшыларымен тілдесіп, оларға естелік сыйлықтар табыс етті.

Жас волейболшы Балауса Қонақбайдың айтуынша, ауылдың келбеті жылдан-жылға көркейіп келеді.

«Бүгін жаңа ғимараттар бой көтеріп, спорт алаңдары ашылды. Біз мұнда тұрақты түрде жаттығып, облысымыздың абыройын асқақтатуға күш саламыз», – дейді ол.

Осындай патриоттық рухтағы сөздер жастардың ауылдың дамуына деген сенімін және елге қызмет етудегі ниетін айқын көрсетеді. Аса ауылындағы бұл жаңа мәдени-демалыс кешенінің ашылуы тек құрылыс нысанының пайдалануға берілуі емес, ол қоғамның мәдени және әлеуметтік әлеуетін арттырудың, ауыл өмірін жаңғыртудың нақты көрінісі. Бұл жобаның жүзеге асуы ауыл мен қала арасындағы мәдени алшақтықты азайтып, жастардың, балалардың және тұрғындардың өз әлеуетін ашуға, рухани тұрғыдан баюына жол ашады. Республика күні аясында өткен бұл оқиға ел тәуелсіздігінің жаңа белестерін, халық игілігіне бағытталған мемлекет саясатының нақты нәтижесін айқындайтын айшықты сәт болды.

С.Бақберген

Жамбыл облысы