Жамбылдағы жұмысшылар отбасын үш ай көрмеген

Адамзат өркениетінің ең көне және ең маңызды инженерлік жетістіктерінің бірі не десек, ең әуелі су арналары еске түсетіні рас.
Су арналары тек егіншілікті дамыту немесе ауыз су жеткізу үшін ғана емес, тұтас аймақтардың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік өмірін қалыптастыратын күретамыр жүйе іспетті. Көптеген елдер мен өркениеттердің тарихына көз жүгіртсек, өзен бойларында салынған каналдар арқылы елді мекендер өсіп, қалалар бой көтерген, сауда мен мәдениет дамыған. Су арналары жердің құнарлылығын арттырып, ауыл шаруашылығын тұрақтандырады, өнеркәсіпке қажетті ресурстарды қамтамасыз етеді, ал кей өңірлерде энергетикалық әлеуетті де күшейтеді. Су каналдарының ең басты маңызы – суды реттеу және оны тиімді бөлу. Табиғи өзендердің ағысы жыл мезгіліне қарай өзгеріп тұратындықтан, судың белгілі бір бағытқа тұрақты түрде жеткізілуі әрқашан қиындық туғызған. Осы жағдайда каналдар су ресурстарын теңдей бөлудің, құрғақ аймақтарға тіршілік нәрін жеткізудің тиімді жолына айналды. Олар суармалы егіншіліктің негізі болып табылады, яғни, мыңдаған гектар жердің өнімділігі мен ауыл халқының күнкөрісі осы жүйелердің жұмыс істеуіне тәуелді. Егер каналдар дер кезінде тазаланбаса, су өткізу қабілеті төмендеп, лай мен шөгінділер судың еркін қозғалысын тежейді. Бұл жағдай егістік алқаптарының сумен жеткілікті қамтамасыз етілмеуіне, нәтижесінде өнімнің азаюына және жердің тозуына алып келеді. Осы орайда ел президенті де қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырғанымызды айтып қалып еді.
Осы орайда Жамбыл облысында орналасқан Фурманов каналы соңғы қырық жыл ішінде алғаш рет кешенді түрде тазаланып жатыр. Бұл оқиға аймақтың су шаруашылығы мен экологиялық жағдайы үшін ерекше маңызға ие. Себебі аталмыш канал – Шу өзенінің суын Түркістан облысының Созақ ауданына жеткізетін негізгі арна. Каналдың ұзындығы 52 шақырымды құрайды және ол ондаған жылдар бойы ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына және тұрғындардың тұрмыс қажеттіліктеріне қызмет етіп келген. Алайда ұзақ жылдар бойы күтімнің болмауы мен табиғи шөгінділердің жиналуы салдарынан каналдың өткізу қабілеті төмендеп, судың ағысы баяулап, тіпті кейбір бөліктері лай мен өсімдіктерге толып қалған еді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде Фурманов айналма каналын тазалау жұмыстары қарқынды түрде жүрмек. Арнайы техникалар тартылып, аумақ толықтай механикалық тазаланып жатыр. Мамандардың айтуынша, канал арнасы бойында ондаған жыл бойы жиналған шөгінді қабаттар мен қалың қамыс, батпақтар тазаланып, судың еркін жүруіне мүмкіндік жасалуда. Тазалау жұмыстары табиғатты қорғау және су балансының тұрақтылығын сақтау қағидаттарын ескере отырып жүргізілмек. Су жіберу маусымы басталғанға дейін шамамен жетпіс шақырымнан астам аумақты тазалау жоспарланып отыр.
«Фурманов айналма каналын тазалау үшін арнайы техникалар тартылған. Атап айтқанда, 8 шынжыр табанды экскаватор мен екі тиегіш. Табиғатты қорғау мақсатында су жіберу маусымы басталғанға дейін 70 шақырымнан астам аумақты тазалау жоспарланған», – деп хабарлайды министрлік.
Бұл істің әлеуметтік және экологиялық маңызы да зор. Шу өзенінен ағып өтетін судың сапасы жақсарса, ең алдымен Түркістан облысының Созақ ауданындағы егіншілік пен жайылымдар жүйелі түрде сумен қамтылады. Сондай-ақ каналдың қайта жандануы жергілікті экожүйенің тұрақтануына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қалпына келуіне оң әсер етеді. Топырақтың тұздануы мен эрозиясының азаюы да осы бастаманың тікелей нәтижесі болмақ. Созақ ауданының шаруалары үшін бұл жаңалық ерекше қуанышты, себебі су – олардың негізгі тіршілік көзі. Су қоры жеткілікті болса, ауыл шаруашылығындағы өнімділік артып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Су арналарының дұрыс жұмыс істеуі аймақтың әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етеді. Таза және жеткілікті су көзі болған жерде халықтың тұрмыс деңгейі артады, ауыл шаруашылығы тұрақты дамиды, жаңа өндіріс орындары ашылады. Керісінше, каналдардың ластануы немесе бұзылуы ауылдық аймақтардағы экономикалық белсенділікті төмендетеді, жергілікті тұрғындардың көшуіне, табиғи ресурстардың сарқылуына әкеледі.
Бұдан бөлек, каналдарды тазалау климаттық өзгерістердің әсерін жұмсартуға да ықпал етеді. Таза және реттелген су арналары ылғал айналымын тұрақтандырып, топырақтың эрозияға ұшырауын азайтады, ал айналасындағы микроклиматты жақсартады. Су арналарының бойындағы табиғи өсімдіктердің қайта қалпына келуі жергілікті биоәртүрліліктің артуына септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде экожүйенің табиғи тепе-теңдігін сақтап, қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Дегенмен бұл ауқымды жобаның артында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың жағдайы да назардан тыс қалмауы тиіс. Министрлік мәліметінше, канал бойындағы тазалау жұмыстарына қатысып жүрген кейбір жұмысшылар үш айдан бері үйлеріне бара алмай, отбасыларын көрмеген. Олар күннің ыстығына да, суығына да қарамастан, таң атқаннан күн батқанға дейін еңбек етері анық. Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі жаһандық деңгейде өзекті болып тұрған қазіргі кезеңде мұндай жобалар елдің тұрақты даму бағытына сай келеді. Тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін Шу өзенінен ағатын су мөлшері мен сапасы артып, Созақ ауданындағы табиғи тепе-теңдік қайта орнайды. Бұл өз кезегінде ауылдардың көгалдануына, жайылымдардың қайта жандануына, ал халықтың тұрмыс сапасының артуына жол ашады. Осылайша, қырық жыл бойы елеусіз қалған Фурманов каналы өмірге қайта келіп, Оңтүстік Қазақстанның табиғи жүйесін жаңғыртудың бір нышанына айналмақ.
С. Бақберген
Жамбыл облысы