Жаңатастағы жаңа жоба. 1 млрд доллар инвестиция 1 млн тонна өнім
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында химия кешені салынбақшы. Минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың қуаттылығы жылына 1 млн тоннаны құрайды деп күтілуде. Жобаны «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы мен Қытайдың China National Engineering Company (CNCEC) компаниясы бірлесіп іске асырмақ.
«ЕвроХим» – минералды тыңайтқыштар сегментінің ірі инвесторы. Компанияның химия және тау-кен салаларындағы ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асыру тәжірибесі де бар.
Ал CNCEC өнеркәсіптік инжинирингтік компания болып табылады. Олардың қызмет бағыттарына химия, мұнай-химия, фармацевтика, көмір және энергетика өнеркәсібі салаларындағы жобалар үшін консалтинг, жобалау, құрылыс және инфрақұрылымды құру кіреді.
Екі тарап Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы химия кешенін жобалау, салу және пайдалануға беру жөнінде келісімшарт жасады. Жоспарланған минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың қуаттылығы жылына кемінде 1 млн тоннаны құрайды. Инвестицияның жалпы көлемі 1 млрд долларды құрайды, кәсіпорында сонымен қатар 2400 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Өз кезегінде ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі «минералды тыңайтқыштар өндіру саласындағы ірі компаниялардың бірімен бірлескен жобаны жүзеге асыру еліміздің химия өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам» екенін айтып, «ЕвроХим» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасы 3 кезеңде жүзеге асырылып жатқанын, химиялық кешенін құру – соңғы кезең екенін атап өтті.
«Азық-түлік қауіпсіздігі жер мен судың болуымен басталмайды. Бұл оның негізгі тірегі. Бірақ шын мәнінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тыңайтқыштар қажет. Сондықтан бұл біз үшін өте маңызды жоба. Біз оны «ЕвроХим» және қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Бұл өте үлкен Еуразиялық ынтымақтастықтың ең жақсы үлгісі. Және бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін өте үлкен оқиға, – дейді министр.
Аталған инвестициялық жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына және Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.
Алдияр Ақжүрек
Жамбыл облысы