Руханият

Жантас Еркінұлы: Нобель әдебиетке өлшем бола алмайды

Жақында әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының биылғы иегері белгілі болды.

Жантас Еркін

Швед академиясының шешімімен мәртебелі сыйлық канадалық ақын, эссеист, аудармашы Энн Карсонға берілді. Академия қаламгердің классикалық әдеби дәстүрмен жаңаша үндестік орнатып, қазіргі әдебиетке тың формалар әкелген батыл әрі жаңашыл шығармашылығын жоғары бағалады. Әдеттегідей, биыл да Нобель сыйлығының айналасында түрлі болжамдар айтылды. Жапон жазушысы Харуки Мураками, қытайлық қаламгер Цань Сюэ, канадалық Маргарет Этвуд пен британдық жазушы Салман Рушдидің есімдері аталды. Әсіресе Харуки Муракамидің жыл сайын ықтимал лауреаттар қатарында аталуы оқырмандар арасында қызу талқыланады. Алайда Нобель сыйлығына ұсынылған қаламгерлердің ресми тізімі 50 жыл бойы құпия сақталатындықтан, аталған есімдер нақты үміткерлер емес, болжамдар ғана. Сонымен, Энн Карсонның бәсі өзгелерден несімен биік болды? Биылғы Нобель сыйлығы мен үміткерлер турасында жазушы, ақын Жантас Еркінұлымен сұхбат құрдық.

– Нобель сыйлығы қаламгердің шығармашылық жетістігін бағалайтын ең жоғары өлшемдердің бірі саналады. Дегенмен әдебиеттің көркемдік құндылығын бір ғана сыйлықпен өлшеу қаншалықты орынды? Нобельдің әлем әдебиетіндегі бүгінгі орны мен ықпалын қалай бағалайсыз?

– Нобель, әрине, беделді сыйлық, бірақ ол әдебиетке ешқашан өлшем болған емес. "Нобель үшін жазады екен" деген жазушыны әзірге өз басым кездестірмедім. Ал сыйлықтың ықпалын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кеше ғана бұл сыйлықты иеленген канадалық ақын әрі жазушы Э.Карсон да осы әсерімен бөлісті. 2024 жылғы лауреат, кәріс жазушысы Х.Ган да сондай сезімін жасыра алмаған еді. Тіпті Х.Ган алғанда Оңтүстік Корея президенті жасап жатқан жиналысын тоқтатып, жазушыны арнайы құттықтап, оны "ұлт қаһарманы" деп жариялағаны да бар. Сондықтан жалпы Нобел эффектісі жанартаудың жарылғаны сияқты әсер ететіні рас. Әсіресе жемқорлық пен соғыс жайлаған авторитарлы елдер үшін бұл бір түрмеге түскен таңғы сәуле сияқты – үлкен жұбаныш. Оған  Р.Тагор,  Г.Маркес, Н.Махфуз, В.Шойнка сияқты көптеген иегерлердің алған сәттегі мысалдарын тізе беруге болады.

–    Энн Карсон есімі әдеби ортаға бұрыннан таныс болғанымен, қалың оқырман арасында кең таралған деп айту қиын. Жалпы оның әдебиетке әкелген басты жаңалығы неде? Бұл таңдауды күтпеген шешімге балап жатқандар көп екен. Сіз не дер едіңіз?

– Әдетте Нобель иегерлерінің көбі қазақ ғана емес, әлем жұртына да беймәлім боп шығып, сыйлықтан кейін ғана танымалдығы арта бастайтыны бар. Бірақ ақын Э.Карсон олай емес. Ол өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап-ақ әлемге атағы жайыла бастаған автор. Мен де есім-сойын бұрыннан білем деп айта алмаймын, бірақ ғаламтор беттерінен жүзін ұшыратып қап жүргеніме бес-алты жылдай болды. The Guardian мен The New Yorker сайттарынан бірлі-жарым өлеңдерін оқығанмын. Ал поэзиясымен "Нобель алды" дегеннен кейін ғана жете таныстым. Әлемдік кітапханалардың сайтынан қарап көріп едім, ақынның шығармашылығы мен қайраткерлігі хақында ғылыми-талдаулар құмырсқадай қаптап жүр. Ағылшын тілін білсеңіз, кітаптарының көбін Google-ден тегін оқуға болады. "Нобельдің сыйақысын қайырымдылыққа береміз" деген сөзінен-ақ ол кісінің кемелділігін аңғарып едік, сөйтсек, бүкіл шығармашылығын әлемдік нарыққа тегін таратып тастаған екен. Қос кітабын екі-ақ түнде оқып шықтым (Autography of Red, The Beauty of the Husband). Бұл менің жанкештілігімнен емес, бұл автордың оқырманды күйбең тірліктен суырып ап, бірден өзіне баурайтын ерекшелігінде шығар. Ақынды оқып отырғанда кейде жаңылтпаш оқып отырғандай боласың, кейде пазл құрап отырасың. Жалықтырмайды. Оқып болған соң, ештеңе есіңде қалмағандай болады, бірақ әлдебір уақыттан кейін көңіліңнің көк терегіне әлгі бейнелі шумақтар қайта бір-бірлеп қона бастайды. Сіз мұндай ғажапты кездестірдіңіз бе?! Мен кездестірмедім.

– Биылғы Нобель сыйлығы қарсаңында әлемге танымал біраз қаламгерлердің аты аталды. Аталмыш жазушылардың шығармашылық ерекшеліктерін ескерсек, Энн Карсонды олардан даралап тұрған не?

– Нақты мынау деп дөп басып айта алмаймын. Өйткені жоғарыда тек екі кітабын ғана оқып үлгергенімді айттым. Ал Э.Карсон болса, 20-ға жуық кітап пен жүздеген ғылыми-талдау мақалалардың авторы. Көне грек-латын тілдерінің профессоры. Ақын туындыларын талдаған мамандардың пікіріне сүйенсек, Э.Карсонды оқу үшін екі-ақ дүние керек екен; сезім және әдебиет жайлы негізгі білім. Осыған әзірге келісуге болады. Өйткені мен оқыған екі кітап та жеңіл оқылды. Соның бірі – "Күйеуімнің сұлулығы" (The Beauy of the Husband) атты поэма-эссесі (немесе ақын өзі айтқандай, 29 бөлімнен тұратын танго). Онда ақын махаббат, сәтсіз неке, жарақат һәм өнер табиғатын әйгілі француз суретшісі, концептуализмнің атасы М.Дюшан мен атақты ағылшындық ақын Ж.Китс бейнелері арқылы терең философиялық астармен өреді. Әр тангоның басында Ж.Китс туындыларынан эпиграф келтіріп отырады. Кітаптың "29 танго" деп аталуы да кездейсоқ емес. Танго –  махаббат пен жеккөрудің, жақындау мен алыстаудың, қауіп пен құштарлықтың биі. Күйеуінің сұлулығы әйелге бір мезетте шексіз бақыт пен жан төзгісіз азап сыйлайды. Ол оның әрі бағы, әрі соры (downfall). Сондықтан бұл атау – зұлымдық пен сұлулықтың бір денеге қалай сыйып кеткеніне таңғалған әйелдің мұңлы толғанысы деуге келеді. Онда менің сүйікті жазушыларымның бірі Кендзабурт Оэ де бар. V бөлімде Оэның естелігін (император Хирохитоның радиодан өзінің Құдай емес, жай адам екенін мойындаған сәтін) қосу – "Идолдың (Құдайдың) қирауы" метафорасын көрсету үшін шебер қолданған. Яғни поэмадағы басты кейіпкер әйел күйеуіне "тән сұлулығы үшін" ғана тұрмысқа шыққанын мойындайды да, кейін оның көзіне шөп салғандығын біліп, ол туралы бүкіл иллюзиясы күйрейді. Жаңағы метафоры осы сезімді жеткізу үшін қолданған. Бір сөзбен айтсақ, Э.Карсонның білімі ұшан-теңіз, дәл бір тірі энциклопедия ма дерсіз. Бірақ сол интеллектуалы сезіммен өз жарасымын тауып, бізге жаңа формаларды, басқаша қабылдау тәсілдерін ұсынады. Онда көне антикадан бастап, бүгінгі күнге дейінгі адамзат ілімі түгелдей дерлік қамтылған. Сіз бірде Сократпен шай ішіп отырасыз, бірде Герионмен ойнап жүресіз, енді бірде Наполеонмен бірге Бородина шайқасына қатысасыз. Жанрларды ғана емес, уақыт пен кеңістікті бұзған поэзия.

– 2024 жылы оңтүстіккореялық жазушы Хан Ган, 2025 жылы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаи, биыл Энн Карсон марапатталды. Осы арада гендерлік теңдікке байланысты да бірреттілік бар сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Менің гендерлік теңдік мәселесіне қатысты білімім таяз. Есесіне, мені автордың шығармашылығы көбірек қызықтырады. Бірақ, әрине, контекст маңызды ғой. Ағылшын әдебиетінде "әйел жазушылар" дейтін үлкен бір кезең бар. Бұл кезең әдебиеттегі нарраторлық тәсілдерге, көзқарас пен пайымдауға қатты ықпал етті. Соның нәтижесін, міне, көріп отырсыз. Сондықтан тамшының тасқынға айналуы – уақыт пен ағыстың еншісіндегі дүние. Мүмкін, бізде де ханымдар жазған әдебиет үлкен реформа әкелер.  Солай болса, қатты қуанар едік. Солай болуы керек!..

Сұхбаттасқан

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз