Оқиғалар

Жантас Сайлаубайұлы: Апаттың өзімен күрескеннен гөрі, алдын алу маңызды

Қазір төтенше жағдайлармен күресудің тәсілі өзгерді. Сала мамандарының пайымдауынша, бұрын негізгі назар апат болғаннан кейін оның салдарын жоюға аударылса, қазір апаттың алдын алуға басымдық берілуде.

ТЖМ

 Осыған байланысты еріктілер жасаған құру, апат кезіндегі әрекет етуге оларды оқыту, жаттығу жұмыстарынан хабардар ету деген де шаралар бар. Біз осы ретте төтенше жағдай кезінде ерікті әрекет етуге талпынып жүрген Жантас Сайлаубайұлымен тілдестік.

– Жантас, сіз ерікті жасақтар қызметінде екенсіз. Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Негізгі мен тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіргенмін. Жалпы қазіргі жұмысымнан алшақ емес. Арнайы ерікті ретінде аймақта төтенше жағдай болса, көмектесуді міндетім деп ойлаймын. Сондықтан да ерікті түрде осындай істерге барамыз. Қазір Қазақстанда төтенше жағдайға қатысты әрекет етудің форматы өзгерген. Апаттың өзімен күрескеннен гөрі, алдын алу бойынша жұмыстар көптеп жүргізілуде. Апатты ерте анықтауға, орман өрттерінің алдын алуға күш жұмылдырылады. Өз басым мұны дұрыс бағыт деп ойлаймын. Апатты өткізіп алып, оның салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған жөн. Апат болғаннан кейінгі әрекет ету – қымбат сценарий.

Қазір қандай салаларда төтенше жағдайдың алдын алу маңызды?

Бірінші кезектеқұрылыс саласында бұл мәселенің салмағы ауыр деп ойлаймын. Әсіресе ғимараттардың жобалануы, құрылыс нормаларының сақталуы, өрт қауіпсіздігі, эвакуациялық жолдардың болуы, арнайы техниканың ғимаратқа жақындай алуы – мұның бәрі үй пайдалануға берілгеннен кейін емес, құрылыс басталған сәттен бақылауда болуы керек.Өйткені төтенше жағдай қызметінің техникасы қанша мықты болғанымен, дұрыс жобаланбаған немесе қауіпсіздік талаптары сақталмаған нысанның залалын толық жоя алмайды.Бұл мәселе әсіресе жаңа тұрғын үй кешендерінде анық байқалады. Үйлер салынады, бірақ ауладағы көлік мәселесі шешілмейді. Көлік қаптаған аулаға өрт сөндіру машинасының өзі кіре алмай қалуы мүмкін. Демек, төтенше жағдай кезіндегі қауіптің бір бөлігі – табиғаттан емес, қаланың дұрыс жоспарланбауынан туындайды. Міне, жауапты мекемелер осы мәселені нақты шешуге тырысу керек. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілу тиіс.

– Жалпы, құтқарушылардың біліктілігі, батылдығы жүйедегі кемшіліктің алдын алуға қанша пайыз көмектесе алады?

Негізінде,құтқарушының батылдығы жүйедегі кемшілікті жасыра алмайды.Төтенше жағдай қызметінің жұмысы сырт көзге бір ғана міндетпен байланысты көрінуі мүмкін. Ал негізінде бірнеше міндеттері бар. Өртті сөндіру, адамды құтқару, су тасқыны кезінде эвакуация жасау. Бұл істердің бәрі үздіксіз жүрілетін іс.Мысалы,қыста қар құрсауындағы адамдар мен жолдағы көліктерді құтқару, көктемде су тасқынымен күресу, жазда орман және дала өрттері, судағы қауіпсіздік, ал кез келген уақытта өндірістік апаттар мен техногендік оқиғаларға дайын болу қажет.Яғни құтқарушы үшін «қауіпті маусым» деген ұғым жоқ. Қауіптің түрі ғана өзгереді.Сондықтан төтенше жағдай қызметінің тиімділігін тек құтқарушылардың кәсібилігімен өлшеу дұрыс емес. Олардың қолындағы техника, байланыс жүйесі, арнайы киім, көлік, авиация, жалақысы мен әлеуметтік жағдайы да қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі.Егер құтқарушының техникасы ескі болса, арнайы көлік қажетті жерге уақытында жете алмаса немесе тікұшақ жетіспесе, ең білікті маманның өзі шектеулі мүмкіндікпен жұмыс істейді.

– Қуатты техникалар жайлы жиі айтылады. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

Бұл салада техниканың барлығы қуатты болуы керек.Қуатты техника – сән емес, ол адам өмірінің кепілі.Төтенше жағдай кезінде уақыттың әр минуты адам өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан арнайы техниканың жағдайы – жай ғана материалдық-техникалық мәселе емес, қауіпсіздік мәселесі.

– Өңірлердегі техника қуаттылығы туралы қандай пікірдесіз?

Қазақстанның аумағы кең. Елді мекендердің арасы алыс. Кейбір өңірлерде жол сапасы төмен, кейбір аймақтарда табиғи апат қаупі жоғары. Мұндай жағдайда бір ғана орталықтандырылған күшке сүйену жеткіліксіз.

Өңірлерде жедел-құтқару жасақтарын көбейту, жаңа өрт деполарын салу, арнайы техниканы жаңарту – уақыт күттірмейтін міндет.Әсіресе шалғай аудандар үшін бұл маңызды. Өйткені ірі қаладан шыққан арнайы техника апат орнына жеткенше қанша уақыт өтеді. Ал сол уақыттың ішінде өрт бірнеше қабатты ғимаратты шарпуы немесе су тасқыны бірнеше елді мекенге жетуі мүмкін.Сондықтан төтенше жағдай жүйесінің басты көрсеткіші – «қанша техника бар?» деген сұрақ емес, «техника апат орнына қанша уақытта жетеді?» деген сұрақ болуы керек.

Қазақстан табиғи апаттардан да тыс емес. Ел аумағында жер сілкінісі, сел, көшкін, су тасқыны, дауыл, орман және дала өрттері сияқты қауіптер бар.

– Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе туындайды. Жалпы апатты болжау мен ерте ескерту жүйесі қаншалықты тиімді?

Сейсмологиялық станциялар желісін дамыту, гидрометеорологиялық мониторингті күшейту, спутниктік бақылау, цифрлық карталар мен автоматтандырылған ерте хабарлау жүйелері қазіргі төтенше жағдайлар жүйесінің негізгі құралдарына айналуы тиіс.Өйткені ХХІ ғасырда апатты тек «болды» деп тіркеп отыру жеткіліксіз. Қай жерде қауіп күшейіп келе жатқанын алдын ала білу қажет.Мысалы, су тасқыны кезінде өзендегі судың деңгейі көтерілгеннен кейін ғана әрекет ету – кешігу. Қай учаскеде су жиналып жатқанын, қай елді мекенге қауіп төніп тұрғанын, қай жолды су алып кетуі мүмкін екенін алдын ала анықтау – нағыз алдын алу шарасы.Сол сияқты жер сілкінісіне қатысты да мәселе тек дүмпуді тіркеумен шектелмеуі керек. Қай ғимараттар осал? Қай аудандарда халық тығыз орналасқан? Эвакуация кезінде қандай жолдар пайдаланылуы тиіс? Мұның бәрі апатқа дейін есептелуі қажет.

– Қазір қоғамда «құтқарушыны көбейту жеткіліксіз, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажет» деген пікірлер де бар. Бұл туралы не айтасыз?

Төтенше жағдайдың алдын алу тек мемлекеттік органдардың жұмысы емес. Қоғамның өзінде де қауіпсіздік мәдениеті қалыптасуы керек.Өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеу, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсіру, ақауы бар газ құрылғыларын пайдалану, су айдындарында қауіпсіздік ережесін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру – төтенше жағдайлардың алдын алуды қиындататын факторлар.Қауіпсіздік – қағаздағы нұсқаулық емес. Ол ғимараттың жобасынан бастап, өрт сөндіру машинасының жолына дейін, құтқарушының киімінен тартып, тұрғынның төтенше жағдайда не істеу керегін білуіне дейінгі тұтас жүйе.Қазақстанда төтенше жағдайлар жүйесін жаңғырту үшін заңнамалық база да, стратегиялық жоспарлау да, цифрландыру да қажет. Бірақ кез келген реформаның нәтижесі оның күнделікті өмірде қалай жұмыс істейтінімен өлшенеді.Мысалы, қазірТЖМ-ге бақылау өкілеттігін қайтару немесе кеңейту – бір қадам. Сейсмологиялық станциялар санын арттыру – екінші қадам. Жаңа өрт деполарын салу – үшінші қадам. Техниканы жаңарту – төртінші қадам.Ал олардың бәрін біріктіретін нәрсе – нақты жауапкершілік. Құтқарушының жұмысы апат болған жерде басталмауы керек. Оларды жылдар бойы алдын ала даярлайды, оқытады, еріктілер жасағы құрылады. Сондықтан олардың санының артқаны да жақсы. Еріктілер легінің болғаны да дұрыс. Мұның барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін қажет.

– Сіздіңше, қай бағытқа көбірек инвестиция қажет. Техника ма, кадр ма, әлде цифрландыру ма?

Бәріне қажет. Заманға сай цифрландыру жүйесі де жетілуі тиіс. Техника да қуатты болуы керек. Осының бәрі аяғын тең басып тұрса, бұл салада атқарылатын шаралар нәтижелі болар еді. Ерікті азамат ретінде байқағаным – осы. Бұл салада алға жылжу бар. Аймақтық жерлерде де жаңа техникалар келіп жатыр. Еріктілерді даярлау үрдісі де жаңарған. Оқыту-жаттығу жұмыстарын да тұрақты түрде өткізіп тұрған жөн. Осының барлығы бірлесіп істелген сәтте бұл салада тұрақты даму болады. Осыны ұмытпаған жөн. Саланы жетілдіру үшін аймақтық, аудандық, облыстық, қалалық, республикалық деңгейдегі жауапты органдардың жауапкершілігі артуы керек. Осының барлығын нақты жүйелеп, жобалап барып жұмыс істеген жөн.

Сұхбаттасқан

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Тегтер: ТЖМ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз