Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:32

Жапония қазақстандық компанияға қарсы санкция салды

Санкция
Фото: ашық дереккөз

Жапония Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізуді мақұлдады. Жапонның шектеулерінің бірі қазақстандық компанияға да салынды.

Бұл туралы Жапония министрлер кабинетінің отырысында белгілі болды, - деп жазады Nikkei басылымы. Экспортына тыйым салынған тауарлар тізімі – 335. Оның ішінде кран қозғалтқыштарының бөлшектері мен басқа да арнайы техникалар, Ресейдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейте алатын шағын мотоциклдер енген.

Сондай-ақ химиялық қару жасау үшін қолданылуы мүмкін капсаицин сияқты химиялық заттарға да тыйым салынды.

Бұл тауарларды экспорттауға тыйым 23 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Жапон үкіметінің шешімі Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті деген күдікпен алты елдің 31 ұйымына экспортқа тыйым салуды қарастырады. Бұл топтар Қазақстанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ), Қытайда, Қырғызстанда, Тайландта және Түркияда орналасқан.

Есепте санкция салынған ұйымдардың атауы көрсетілмеген. 

Сонымен қатар, тыйым салынған активтер тізіміне Ресейден 11 жеке тұлға, 29 ұйым мен 3 банк қосылған.

Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Йосимаса Хаяши баспасөз мәслихатында Жапонияның халықаралық қауымдастықпен, соның ішінде «Жетілік» (G7) елдерімен ынтымақтаса отырып, Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге бағытталған халықаралық күш-жігерге өз үлесін қосуды жалғастыратынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық компаниялар Ұлыбританияның санкцияларына ұшыраған болатын.