Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 27 Қараша 2024

Жасыл сутегін өндірудің құны 50 млрд еуро

Жасыл сутегі
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстауда тор шаруашылығы арқылы Каспий албыртын өсіру жоспарланып отыр. Бүгін, 20 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылында аудан тұрғындарымен кездесіп, жергілікті халықтың ұсыныс-пікірін тыңдады.

 Алдымен аудан әкімі С.Төретаев 2024 жылғы алғашқы 10 айы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында есеп беріп, алдағы уақытта қолға алынатын ауқымды жұмыстарға тоқталды.

Ауданда балық шаруашылығын дамыту жұмыстары қарқынды. Ауланған шабақтарды өңдеу зауытын салу үшін резервтегі балық аулау учаскесін AktauBalykCompany ЖШС-на беру жұмыстары жүргізілуде. Компания 260 тоннаға дейін жүк көтеретін екі кемені Құрық портына жеткізіп, жобаны іске асыруға дайындық жасауда. Сонымен қатар Құмды мүйісі жағалауынан 10 миль қашықтықта тор шаруашылығы арқылы Каспий албыртын өсіру жоспарланып отыр. Пилоттық жоба аясында жылына 500 тонна, ал толық іске асқанда 5000 тоннаға дейін өнім өндіру көзделген. Жобаның жүзеге асу мерзімі 2025-2028 жылдар аралығына жоспарланған. Бұдан бөлек, Құрық ауылындағы теңіз жағалауында қайықтарға арналған тұрақтар салу үшін арнайы жер телімдері бөлінген.

Логистиканы дамыту саласында да бірқатар ілгерілеу бар. Халықаралық жүк тасымалының сапасын арттыру мақсатында Саржа терминалы іске қосылып, бүгінге дейін 56 мың тонна түрлі-түсті металл, 5 мың тонна бидай және 2 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілген. Қазір Құрық портында теңіз акваториясын тереңдету жұмыстары жүргізілуде.

2023-2025 жылдар аралығында ауданда 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – немістің Svevind компаниясы жасыл сутегін өндірмек. Бұл жоба аясында облысқа 50 млрд еуро инвестиция құйылып, құрылыс кезінде 3500 жұмыс орны, ал жобаны пайдалану барысында 1800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба 2030 жылы толық іске асырылады. Сондай-ақ Құрық ауылында тәулігіне 5000 текше метр ауыз су өндіретін су тұшыту зауытының құрылысы басталған. Жоба құны 800 млн теңгені құрады. Ал Ералы елді мекенінде жерасты құдығы қазылып, коммуналдық меншіктегі су тұшыту қондырғысына қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде Құрық ауылына қарасты Ералы елді мекеніндегі көппәтерлі тоғыз тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекемелер алты үйдің шатырын ауыстырып, бес үйдің қасбетін толығымен жаңартты. Облыс әкімінің бастамасымен аудан диқандары аймақта көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлерге делдалсыз өсірген өнімдерін өткізуде. Үш сағатқа созылған жиында аудан халқының басым бөлігі жұмыссыздық, әлеуметтік көмек, жол, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, денсаулық саласын дамыту мен балабақша салу сынды маңызды мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді тұрақты бақылауға алып, оларды оңтайлы шешуді тапсырды. Кездесуден кейін өңір басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Маңғыстау облысы

Тегтер: