Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 16 Желтоқсан 2023

Желтоқсанда жазалауға қатысқан Назарбаевтар Қазақстанның билігінде отырды

сайын
Фото: из открытых источников

Желтоқсан оқиғасы неге саяси бағасын ала алмай келе жатыр? Біріншіден, 30 жыл бойы желтоқсан оқиғасының нақты айтылмаған себебі, сол кезде жазалауға қатысқан Назарбаев бастаған адамдар тәуелсіз Қазақстанның билігінде отырды.

Қонаев естелігінде: «Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырған Назарбаев пен Камалиденов» дейді. Қонаев өтірік айтпайды, әр сөзіне жауап беретін адам. Назарбаев та, Камалиденов те өтірікші ғой. Кеңес деңгейіне бірде-бір қазақ оның дәрежесіне көтеріле алмаған. Сондықтан осы адамдар желтоқсан шындығының жасырылуына мүдделі болды. Әрине, желтоқсанда репрессияны ұйымдастырған Назарбаев пен Камалиденов емес. Оны ұйымдастырған Горбачёв, Колбин, Соломенцев, Разумовскийлар еді. Ал оларға Қазақстаннан Мирошхин, Башаров, Меңдібаевтар қосылды. Ал аналар тікелей репрессия ұйымдастырмаса да соның басы-қасында болып, Ташкенттен, Новосибирсктен жазалаушы әскер әкелуге көмектесті. Оның бәрі хаттама құжатта тұр. Соны біз ала алмай отырмыз. Президиумда желтоқсан оқиғасын кім талқылауға қатысты деген хаттамалар жасырулы, құпия. Сол жерде біраз адам сөйлеген. «Ұлтшылдар, оңбағандар нашақорлар» деп айтқандардың ішінде Назарбаев та, Камалиденов те, олардан бөлек кейбір ғалымдар да бар. Осындай адамдардың барлығы билікке келді, билікте қалды. Тоталитарлық жүйе қандай репрессия болмасын құпия ұстауға тырысады. Олар шындықтың ашылуына мүдделі емес. Өйткені шындық ашылса халықтың санасы оянады, мәдени-саяси білімі артады. Ал Назарбаевтың кезінде тоталитарлық-авторитарлық жүйе қалыптасты. Соның инерциясы әлі келе жатыр. Бәрін бір күнде тазалау мүмкін емес. Шындықты жасыру, халықты төмен санау биліктің сасық әдісі.

Ал керісінше, батыс шындықты ашып, халықтың саяси білімін оятып, демонстрацияның ашық айтылуына жол бергесін дамып кеткен жоқ па? Бізде тоталитарлық-авторитарлық жүйе керісінше жұмыс істейді. Сондықтан бұл қиын мәселе. Желтоқсанның шындығы бүгін-ертең ашыла қоймайды. Соның бас кезінде ұйымдастырушы болғандардың ішінде Назарбаев бар шығар. Атым шығып қала ма деп қорқатын болуы керек. Ресми екі адам қайтыс болды деп мәлімдеді. Шын мәнінде қанша адам қаза тапты. Сол шындықтардан қорқады. Оның үстіне біздің халық үш әріптен шошып қалған. Сондай психология санамызға мықтап орнаған. Бұл қорқыныш бүкіл кеңес халқының санасында бар. КГБ келіп алып кететін сияқты болып тұрады. Халықтың өзі бір баламыз қаза тапты, қалғаны аман болсын деп жасырды. Міне, желтоқсан оқиғасы осындай халқымыздың басындағы үлкен трагедия. Мен ол кезде үлкен азаматпын. Бірнеше мақала да жаздым. Бәрібір шындыққа жете алмай келеміз. Орыстың бір подполковнигі ертеңіне алаңға шығып «елудей адам өліп жатыр екен» дегенді айтқан. КГБ жиналысында осы жайтты баяндайды. Оның аузын жабу үшін, қызметін өсіріп, Мәскеуге ауыстырып жібереді. Сол сияқты бір старшина да көріп, шошып айтқан екен. Оны мүлдем армиядан қуып жіберген.

Бір сөзбен айтқанда, желтоқсан оқиғасының нағыз шындығы ашылу үшін Назарбаев бастаған адамдар мүлдем саяси сахнадан кетуі керек. Сол кезде ғана бар шындық ашылады. Біз ғалымдар айтуын айтып жатырмыз. Бірақ оны билік тыңдамайды. Ал егер демонстрацияға араласып, кірісе бастасаң, қысымға ұшырайсың. Салық Зиманов шындықты шырылдап айтқан еді. Не істеді? Баласын ұстап, соттады. Өзі содан ауру боп, қайтыс болды. Әйтпесе, Салық Зиманов үлкен ақылшы ғалымымыз еді. Ғалымдар айтады ғой. Бірақ кейінгі кезде министрліктен жазбаңдар, жазғандарыңды тексереміз, сұхбат бермеңдер деген бейресми тапсырма да түсті. Бұл енді адам құқығын нағыз таптау. 1930 жылдар қайтып келді ме деп шошыдық. Сөз бостандығын шектеу ғой. Ғалымдар айтпаса, кімдер айтады?! Өмір бақи ғалымдар шындықты айтып келді. Біздің айтқанды Назарбаев орындағанда Қазақстан баяғыда гүлденіп кетер еді. Біздің ғалымдар қалай аграрлық, әлеуметтік, саяси модернизация жасау керек, ғылыми-техникалық прогреске қалай ілесу керек – бәрін жазып та, айтып та берді. Бірақ Назарбаев тыңдамады.

Сайын Борбасов, саясаттанушы