Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 27 Маусым 2024

Астана тұрғындары аллея құрылысының жыл сайын шегеріліп келе жатқанына наразы

1
Фото: Крыша

Елордадағы Нұра ауданына қарасты Sat City және Inju City тұрғын-үй кешенінің тұрғындары үй маңында салынуы тиіс аллея құрылысының жыл сайын шегеріліп келе жатқанына наразылық білдірді. Бұған дейін петиция жариялап, әкімдіктің есігін қағып шаршаған тұрғындар редакциямызға хабарласып, мәселені жауапты органдарға жеткізуімізді сұрады.

Редакциямыздың астанадағы тілшісі жағдайды өз көзімен көріп, тұрғындармен тілдесіп қайтты. Sat City тұрғын-үй кешеніне кіруіміздің өзі жарты сағатқа ұласты. Себебі жолдардың бәрі қазылған, үйілген топырақ пен шағылдарды айналып өту үшін біраз уақыт қажет. Кішкентай балалар мен қарттар былай тұрсын, жастардың жүруінің өзіне кедергі көп кешенге такси де кіре алмады. Бізді қарсы алған көпбалалы ана Зарина Тұрлыбекова кешен ішінде былтыр да осындай қарбалас болып, тұрғындарды әбігерге салғанын айтты. Пәтерді сатқан кезде құрылыс компаниясы жарты жылда үйдің артында аллея салынатынын айтып, бағаның сол себепті қымбаттау екенін алға тартқан. Содан бері бір жарым жыл өткен, аллея тұрмақ, үйдің артында асфальтты жол жоқ. Борпылдаған топырақ пен құрылыс үйінділері ғана.

«Sat City-ге 2023 жылы көшіп келдік. Пәтер алған кезде бізге «үйлеріңіздің артында аллея болады, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталады» деп уәде берді. Қазір жыл ортасына келдік, уәде етілген аллея құрылысы әлі басталмады. Одан бөлек, Әйтеке би көшесіндегі жол да жөнделмеді. Астананың сол жақ жағалауында орналасқан «Хан шатырдың» дәл артында тұрамыз, бірақ жолдарымыз әлі жөнделмеген, құрылыс қалдықтары шашылып жатады. Мен екі баласы бар анамын, коляскамен өткен кезде қатты қиналамын. Көріп тұрғаныңыздай, жаз басталса осы ауланың бәрі қопарылып, құрылыс жүреді. Дәл осы жолдар былтыр да жөндеуден өтті, күні-түні дарылдағын дауыстан балам шошып ояна береді. Дүкенге бару мұң, такси айналып келетіндіктен бағаларын қымбаттатып алды. Бір жасаған жұмысты екі жасап, елдің мазасын қашырып бітті. Дәл осы жерден үй алғанымызға өкінеміз», – деді Зарина есімді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, әкімдіктің аллея құрылысын кейінге қалдыруына құрылыс саласындағы монополист компания BI Group-тың Төле би мен Әнет баба көшесіндегі тұрғын үй құрылыстарын аяқтамауы себеп болып отыр.

«Әкімдіктің аллея құрылысын бастамай отырғандарының бір себебі – осы. 2024 жылды 2025-ке қалдырды, енді 2027 жыл дейді. Үш жыл біз ауамен ұшып жүру керекпіз бе?! Асфендияров 9 және 10-үйлер арасында жол салынбаған. Аулаға шықсаң шөп басқан, қоқыс пен лай жиналған қу дала. Жаяу жүргінші жолы қайда, мүгедек жандар, кішкентай балалалар қалай жүреді?! Жерастынан электр сымдары шығып жатыр. Біз қаланың қақ ортасынан үй алдық емес пе?! Осы үйлер болашақ бульвар салынуы тиіс Сығанақ пен Мұхамедханов даңғылдары ортасында орналасқан Әйтеке би көшесінде. Атқарушы билік қарапайым халықтың жағдайын емес, құрылыс компанияларының еркеліктерін ойлап отыр. Көлгіновтің кезінде жағдайымыз бұдан жақсы болған ба дейміз, Жеңіс Қасымбек келгелі балшық пен қоқыстан көз ашпадық. Бұл аудандағы мобильді байланыс пен интернет туралы айтпай-ақ қояйық. Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заң өрескел бұзылған. Заңның 48-бабының 4-тармағында тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) рекреациялық аймақтардың, инженерлік және көлік инфрақұрылымы аймақтарының аумағы мүгедектігі бар адамдар мен халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімділікті ескере отырып, бөлінген шекараларда болуға және абаттандыруға тиіс делінген. Осы заңның 79-бабының (оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен халықтың басқа да мобильділігі төмен топтары үшін) объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын сақтамағандары үшін Sat NS құрылыс компаниясы мен оларға лицензия берген әкімдік өкілдерін жауапкершілікке тарту қажет. Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңы да өрескел бұзылған», – деді Нұра ауданының тұрғыны Зарина Тұрлыбекова.

Саябақ аумағы
Саябақ аумағы. Фото: Жас алаш

Аллея салынбай, жол жоқ

Аталған мәселеге жауапты қалалық әкімдіктің жол басқармасына хабарласып, аллея құрылысының не себепті тұралап тұрғанын сұрадық. Әкімдіктегілер мәселенің бәрі бюджеттің қаржысының жоқтығынан деп отыр. Ал жолы жоқ үйлердің тұрғындарына аллея салынбайынша инфрақұрылымды ұмытуға тура келеді.

«Қазіргі уақытта «Хан шатыр» сауда орталығынан Төле би көшесіне дейін созылып жатқан аллеяның бірінші учаскесінің құрылысы аяқталды. Бұл қалалық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам және тұрғындар жаңа серуендеу аймақтарын тамашалай алады. Қазіргі уақытта Төле би көшесінен Әнет баба көшесіне дейін өтетін келесі учаскені белсенді жобалау жүріп жатыр. Бұл кезең өте маңызды, себебі аллеяны ұзарту қаланың әртүрлі бөліктері арасындағы байланысты айтарлықтай жақсартады. Алайда осы учаскенің құрылысын бастау үшін қаржыландыру бөлінуі қажет. Егер барлық қажетті қаражат бөлінген жағдайда, осы кезеңді іске асыру 2025 жылы басталады. Осы учаскені аяқтағаннан кейін, жобалаушылар келесі кезеңде – Әнет баба көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін аллеяны салу бойынша жұмыстарды бастауды жоспарлап отыр. Шамамен, бұл учаскені жобалау 2027 жылы басталады. Осылайша, бүкіл аллеяны іске асыру қаржылық мүмкіндіктер мен қала құрылысының жоспарларын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Sat City тұрғын-үй кешеніндегі №9-10 үйлер арасындағы жолда аллея құрылысына байланысты», – деп жауап берді баспасөз қызметі.

Инфрақұрылымы жолға қойылмаған құрылыс компаниясына лицензия берген Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына сұрау салдық. Баспасөз қызметі аталған мәселеге қатысты жауаптар апта аяғына дейін берілетінін айтты.

Айжан Қалиева

Астана қаласы

Тегтер: