«Жер алайын десең мал сұрайды, мал алайын десең жер сұрайды»
Атакәсіпті өрістетуге құлшыныс білдірген біздегі шаруалар көзсіз батыр дерсіз. Атакәсіпті қолға алғандардың дені жайылымдық жердің жеткіліксіздігінен тығырыққа тіреліп отыр.
–2019 жылы қой шаруашылығымен айналысу үшін «Игілік» бағдарламасымен 6 пайызбен жеңілдетілген несие алдым. Қазір қолымдағы Шопан ата тұқымының саны 200 басқа жетті. Ол кезде жерден тапшылық болмаған-ды. Жайылымдық алқаптың тарлығы енді алқымнан алып тұр. Ауылдағы жер аумағының 80 пайызы кезінде бір адамның меншігіне өтіп кеткен екен. Ақыр аяғында ұлан-ғайыр алқапты асап қалған қожайын ауылдың жерін егін және көкөніс шаруашылығына айналдырды. Шаруашылық басында жүргеніме 18 жыл болды. Осы уақыт аралығында жер иесі мен ауыл әкімінің шаруаларға түсіндірме жұмысын жүргізгенін көрген емеспін. Жайылым тапшылығына тап болған ауылдағы фермерлер малдарын сатып, қалаға көшіп жатыр. Олардың арасында несиелерін әлі толық өтеп үлгермегендер де бар, – дейді Бұқар жырау ауданы Гагарин ауылындағы шаруа қожалығының мүшесі Қуанбек Дегберген.
Жайылым тарлығына киліккен түз еңбеккерлері аймақта жүздеп саналады. Олар өткен аптада мал өсіруші фермерлердің облыстық құрылтайына келіп қатысты. Жүздері жүдеп, жағдайлары жадау тартқан шаруалар арасында жастар көп. Әлсіз заң мен әділетсіз байламнан теперіш көріп отырған өңірдегі қожалық иелері биліктегілерді аграрлық салаға шындап бет бұруға шақырды.
–Бала кезімнен мал арасында өстім. Мал шаруашылығын дамытуға бекініп отырмын. Қазір несиеге мал алуға еш кедергі жоқ. Алайда жайылымдық жердің тапшылығы қолбайлау болып тұр. Бұқар жырау ауданынан шаруашылық ашу мақсатында жер іздедім. Бәрі жекенің құзырына өтіп кеткен екен. Кейбір ауылдарда жер иелері байлығын әлдекімге жалға беріп қойған. Жалдамалы иесі де маңдытпаған. Салдарынан қайран алқап өртке оранған. Қағазда бар да, қолданыста жоқ қараусыз қалған жерлерді мұқтаж жандарға неге таратып бермеске? Айналып келгенде, халықтың мүддесіне қызмет ететін әкімдер аз. Жерге қатысты кейбір заңда бұл мәселені жергілікті әкімдер шешуге құзыретті емес пе? – дейді қарағандылық Қазыбек Есболов.
Пұшайман күйдегі шаруаларға келелі кеңес беретін ресми ведомоство жоқ. «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» деген атауға ғана бар. Ауыл шаруашылығы саласына маманданған заңгерді елден таппайсың. Әкімдер шағын қожалықтарға аяғын аттап баспайды» деп налыды құрылтайға жиналғандар.
«Аудан әкімдері жерді қайтара алады»
Сонымен, жер қандай жағдайда қожайыннан қайтып алынады?
– Жерді қайтарудың жолы қарапайым. Жер иесінің өтініші арқылы және соттың шешімі бойынша мемлекетке өтеді. Бұл процестерді атқару барысында екі жақтан да көк тиын шығын шықпайды, – дейді зейнеткерлік демалыстағы әкім Ниқанбай Омарханов. Бұған дейін де парламент мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бөкетаев та аудан әкімдері жайылымдық жерлерді халық мұқтаждығы үшін жекеменшіктен қайтаруға болатынын Азаттыққа айтқан еді.
Демек, тізеге салған әкім мұны орындайды. Әрбірден соң, жер –халықтың қазынасы. Ол қалтқысыз аксиома емес пе?!
«Қазақстандық шаруалар вакуумда қалып қойған...»
Әлемде жер көлемінің кеңдігі бойынша 9-орынға табан тіреп тұрмыз. Елдегі шаруалардың саны жылма-жыл өсу үстінде. Сөйте тұра, жерге бай ел жайылымға тапшы. Бұл – өз азаматтарымыздың қолымен жасалған кедергі.
–Шындап келгенде, шаруалар вакуумда мекендеп отыр. Біріншіден, қожалықтарға 16-20 пайызбен беріліп жатқан несие тым қымбат. Дүниежүзінің бірде-бір мемлекетінде ауыл шаруаларына мұндай өсіммен қаржы берілмейді. Бұл мал шаруашылығымен айналысушыларды тақырға әкеп тірейтін қастандық. Бұдан шығудың жолы қандай? Ендігі жерде мемлекеттегі шаруалар бірігіп, жоғарыдағы билік өкілдеріне, депутаттарға өз мұң-мұқтаждарын жеткізу үшін ақпараттық жүйені іске қоспақшы. Ондағы ойымыз – өңірлердегі игерілмей жатқан жерлерді фермерлерге қайтару. Алдымен үкіметтің «құлағына алтын сырға». Осы күні Қазақстандағы шаруалар «мал алайын десең жер сұрайды, жер алайын десең мал сұрайды» деп, дел-сал күй кешіп жүр, – деді «Шопан ата» мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбеков.
Заң шикі ме, әкімдер селсоқ па?
Елімізде 2017 жылы «Жайылым туралы» арнайы заң қабылданды. Осыған байланысты Жер кодексіне өзгерістер енгізілді. Бұдан тыс, 2018 жылы жоғарыдағы заң мен Жер кодексінде «Аналық мал басын ұстауға арналған жайылым алқаптарын белгілеу туралы» қосымша норма жарық көрді. Ендеше заңды белден басқан жер иесі жалтарып отыр ма? Әлде шаруалардың жанайқайын естуден қалған әкімдер керең бе?
Бүгінде Қарағанды облысында заң аясында қайтарылған жер көлемі көңіл көншітпейді. Аймақ иелігінде 35 млн 250 мың гектар жер болса, соның 15 млн 810 мың гектары пайдалануға берілген. Осы уақытқа дейін өңірдегі 179 мың гектар жер мемлекет иелігіне кері алынған. Есесіне тойым қажет ететін төлдің саны ұлғайған. Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне жүгінсек, осыдан үш жыл бұрын аймақтағы ірі қара саны 506 240 болса, қой мен ешкінің көрсеткіші 933 081 басты құраған, биылғы 10 айдағы санақ бойынша жылқы мен сиырдың санаты 611 803-ке жеткен. Ұсақ малдың қарасы 1 018 548-ге артқан. Оған тұрғындардың малын қосыңыз. Осыдан-ақ жерге тапшылық шегіне жеткенін аңғаруға болады. Егер күрмеуі қиын проблема сөзбұйдадан аспаса, шаруалар арасында сең қозғалары анық. Ал ауылдың ырысы шайқалса, қаладағылардың берекесі кететіні хақ.