Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

Жыл сайын 500 мың тонна кен өндіретін кәсіпорын

1

Жамбыл облысы соңғы жылдары еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру бағытында айтарлықтай серпінге ие болды.

 Соның айғағы ретінде өңірде жаңа өндіріс ошақтарының ашылуы мен инвестициялық жобалардың қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атауға болады. Солардың бірі – Қордай ауданында іргетасы қаланған «Шоқпар-Гагаринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тау-кен байыту комбинаты. Бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен еңбек нарығын нығайту ісінде айрықша рөл атқаратын, стратегиялық маңызы зор өндірістік бастама деп айтуға толық негіз бар. Президент те жыл сайынғы жолдауында жаңа кәсіпорындар ашудың, әсіресе тау-кен саласының маңызын атап өтіп жүр.

Жаңа кәсіпорынның құрылысын бастау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі арнайы қатысып, бұл жоба ел президентінің өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жергілікті жерлерде өндірістік әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

«Бүгін бастау алып отырған жоба – ел дамуы мен өңір өркендеуінің айқын көрінісі. Әрбір жаңа кәсіпорын – тұрғындар үшін жаңа мүмкіндік, жаңа үміт, табыс көзі. Бұл – Қордай өңіріндегі әр отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты іс. Осындай жобалар – мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігін, инвесторлармен орнаған сенімді әріптестіктің жемісін көрсетеді. Қазір облыс экономикасы тұрақты өсіммен ерекшеленіп отыр. Жаңа өндірістер ашылып, инфрақұрылым жаңарып, халықтың өмір сапасы артып келеді. Бұл – мемлекет, қоғам және еңбек адамдарының ортақ жетістігі», – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Аталған жобаны отандық инвестор жүзеге асырмақ. Кәсіпорын жыл сайын 500 мың тоннаға дейін кен өндіруді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш өңірдің өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, еліміздің жалпы экспорттық әлеуетін де күшейтпек. Инвестиция көлемі 47 млрд теңгені құрайтын жоба – мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланудың нақты үлгісі. Қазірдің өзінде геологиялық барлау жұмыстары қызу жүргізіліп, алдағы уақытта құрылысқа 100-ден астам адам тартылмақ. Кен байыту комбинаты толық іске қосылған кезде 400-ден 500-ге дейін жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – өңір тұрғындары үшін әлеуметтік тұрғыдан маңызды қадам, өйткені жаңа жұмыс орындары аймақ халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей ықпал етпек. Кәсіпорын үшін 1 101 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар уақытша 44 шақырымдық электр желісі тартылып, инженерлік жүйелерді жаңғырту жоспарға енгізілді. Бұл шаралар инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырудың бір көрінісі. Биылдың өзінде 10 млрд теңге көлеміндегі қаржы есебінен қызметкерлерге арналған жатақхана мен зауыт құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.

«Шоқпар-Гагаринское» ЖШС директоры Семен Хан комбинатта қолданылатын технологияның ерекшелігіне тоқталып, өндіріс ошағында кез келген полиметалл кенін өңдеуге қабілетті заманауи және экологиялық тұрғыдан тиімді бірегей технология қолданылатынын айтты. Мұндай жаңа үлгідегі технология өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға да мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сай келеді. Жамбыл облысы соңғы жылдары инвестициялық тұрғыдан еліміздің ең белсенді өңірлерінің біріне айналып келе жатқаны шын қуаныш. 2028 жылға дейін аймақта жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 62 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар 6,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Тек биылдың өзінде жалпы сомасы 161 млрд теңге болатын 26 жоба іске асырылып, нәтижесінде 1,1 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Мұның барлығы өңір экономикасының тұрақтылығын, мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.

Инвестициялық жобалардың ішінде стратегиялық маңызы жоғары нысандар бар. Олардың қатарында MASDAR және TOTAL EREN компанияларының жел электр станциялары, Қытайдың Fujian Hengwang Investment компаниясы жүзеге асырып жатқан металлургиялық зауыт, «ЕУРОХИМ-ҚАРАТАУ» минералды тыңайтқыштар өндірісі, Qazaq Soda кальцилендірілген сода зауыты, Fufeng Group жүгеріні терең өңдеу кешені, MARIAM GOLD алтын өндірісі, ALTYNALMAS REAGENTS натрий цианиді өндірісі және Shagala Mining мыс өндіру жобасы бар. Бұл кәсіпорындар тек облыс емес, тұтас республика экономикасына мультипликативті әсер етіп, жаңа технологиялар мен инновациялық тәжірибелерді енгізуде жетекші рөл атқармақ. «Шоқпар-Гагаринское» сынды жобалар Жамбыл облысын тек аграрлы аймақ ретінде ғана емес, сонымен бірге индустриялық әлеуеті жоғары өңір ретінде танытып отыр. Мұндай ауқымды жобалар іске қосылған сайын аймақтың инвестициялық тартымдылығы артып, шетелдік және отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ең бастысы, бұл жобалар өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын сақтап, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі болып отыр.

С. Бақберген

Жамбыл облысы