Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:48, 23 Қазан 2023

Жұмадан соғысқа: Ресей мұсылман орталықтарына рейд жасауда

15
Фото: из открытых источников

Мәскеу облысында еңбек мигранттарының құжатын тексеру және Ресей азаматтығын алғандарды әскери есепке алу, қажет болған жаңдайда соғысқа шіберу шаралары қарқын алуда.

 

20 қазан күні Мәскеу облысында еңбек мигранттарына жаппай рейд басталды. Ресейлік күштік құрылымдар рейд жүргізу нысаны ретінде мешіттерді таңдаған. Жұма намазынан кейін полиция қызметкерлері азаматтардың құжаттарын жаппай тексеруге көшкен. Мәскеу маңындағы Котельниктегі мешіттен және мұсылман орталығынан ондаған адамды бірден военкоматқа алып кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желіге блогер, әнші, «Перепой звезду» шоуының финалисті Мамут Үсеинов жазды, деп хабарлайды mezgil.kz.

Котельниктегі мұсылман орталығының басшысы Салават Ибатуллиннің пікірінше тәртіп сақшылары тыйым салынған әдебиеттің бар-жоғын тексеріп, артынша жұма намазынан шыққан азаматтарды автобусқа тиеп, военкоматқа алып кеткен. Оларды бірнеше сағат бойы военкоматта ұстап, кейбірін арнайы әскери тізімге қосқан.

Мамут Усеиновтің жазуынша военкоматта бірден медициналық тексерістен өткізген. Блогердің өзін Ресей дәрігерлері отан алдындағы борышын өтеуге денсаулығы жарайды деп бекітіпті. Артынша оны Балашихадағы келісімшарт бойынша соғысқа аттанатындар орталығына алып барған. Мамут өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «келісімшарт орталығына келгендер не келісімшартқа қол қоятынын, не сотталатынын» жазды. 21 қазан күні блогер өзін арнайы операцияға жіберетінін айтып, тағы бір жазба қалдырған.

Котельниктегі мұсылмандар орталығында рейд жүргеніне қатысты ақпаратты ресейлік мобилизацияланғандар жайлы ақпаратты ұдайы жазатын «МОБИЛИЗАЦИЯ I Новости» телеграм арнасы да жазды. Арнаның жазуынша рейд барысында тәртіп сақшылары азаматтардың құжаттарын жинап алып, бірден военкоматқа аттандырған. Кейбірін бірден әскер қатарына жазып, өз құқығын қорғауға қорғаушы қызметін алуға рұқсат етпеген.

Алғаш рет Кремль Украина соғысына мигранттарды аттандырып жатқаны жайлы ақпарат 2022 жылдың қыркүйегінде шыққан болатын. 2023 жылдың шілде-тамыз айларында Ресейдің ондаған қаласында мигранттарға қарсы рейд жүріп, жүздеген адамды соғысқа аттандыру фактісі тіркелді. Ал ресейлік саясаткер Александр Бастрыкин ресейлік азаматтығы бар бола тұра соғысқа аттанғысы келмейтін мигранттарды азаматтттықтан айыру және соттау керектігін айтқан еді.